Саудияның мәлімдемесі мұнай бағасын құлдыратып жіберді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
18760

Мамыр айында мұнай бағасы мың құбылды.

Саудияның мәлімдемесі мұнай бағасын құлдыратып жіберді

Геосаясат пен халықаралық саудадағы оқыс оқиғалар қара алтын құнын бір көтеріп, бір түсірді. Өткен аптадағы арзандаудан кейін, осы апта басы баға қалпына келіп, Бренттің баррелі 72 доллар айналасында саудаланып жатқаны сол еді, кеше Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих Сауд Арабиясының "АҚШ пен Иран арасында қарулы қақтығыстарды болдырмауға барын салатынын" мәлімдегенінің артынша мұнай бағасы қайтадан 71 долларға дейін арзандап кетті.

Ал АҚШ энергетика министрлігі энергетикалық мәлімет басқармасының кеше жариялаған мәліметі бағаны одан әрмен құлдырата түсті. Елдегі мұнай қорының 4,7 млн баррельге көбейіп кеткені жариялана салысымен баға 70 долларға дейін түсті. Өткен апта елдегі мұнай қоры керісінше 400 мың баррельге азаяды деп күтілген еді.

Сауд Арабиясына баға емес, тұрақтылық маңызды
Сауд Арабиясының  министрлер кабинетінің жасаған ресми мәлімдемесінде "Сауд Арабиясы болуы ықтимал кез келген соғысты бейбіт жолмен шешуге күш салатыны" жалпылама айтылған. Мемлекет бұл тұрғыда нарықта ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға мүдделі екенін білдіріп отыр.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да мұнай нарығы үшін қатер екені жасырын емес.

Сейсенбі күні Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымы 2019 жылы әлемдік экономиканың өсімін бұрын болжаған 3,3 пайыздан 3,2 пайызға төмендетіп, Вашингтон мен Бейжің арасындағы текетірес әлем экономикасы үшін басты қауіп екенін ескерткен.  

Өз кезегінде Халид әл-Фалих Сауд Арабиясының мұнай өндірісін азайту туралы ОПЕК+ келісімін артығымен орындай беретінін мәлімдеді. 

Ал Ресей Федерациясының энергетика министрі Александр Новак келісімді қайта қарау қажеттілігін алға тартып отыр. Новактың айтуынша, жылдың бірінші жартысында өндірісті артығымен орындамай, одан да екінші жартыжылдықта квотаны азайту қажет.

АҚШ-та жанармайға сұраныс азайды
АҚШ-тың мұнай қоры өткен апта 4,7 млн баррельге көбейгенін кеше осы елдің энергетика министрлігіне қарасты энергетикалық мәлімет басқармасы хабарлаған болатын. Бұған дейін қордың 600 мың баррельге азаятыны болжанғанымен, іс жүзінде көрсеткіш 4,7 млн баррельге өсіп кеткен екен. Ал өткен апта көрсеткіш тіпті 5,4 млн баррельге ұлғайған. Екі апталық осындай өсім бағаға әсер етпей қоймады.

Елдегі мұнай қорының екі апта қатарынан шамамен 5 млн баррельге ұлғаюына мұнай өңдеу зауыттарының бәсең жұмыс істеуі себеп болған. Жылдың бұл маусымында жанармайға сұраныстың азаюы әдеттен тыс. Әдетте, жаз басында жанармайға сұраныс артуға тиіс еді. 
Энергетикалық мәлімет басқармасы мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс қуаттылығы қазір 89,9 пайызды құрап тұрғанын хабарлады. Негізінен, әдетте, бұл көрсеткіш кемі 90 пайыз болуға тиіс еді.
Сонымен қатар өткен апта бензин мен дизель отыны өндірісі тәулігіне тиісінше 9,9 млн және 5,2 млн баррельге азайып кеткен екен.

Бауыржан Мұқан

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться