АҚШ соғыстан шаршады: Ресей мен Украина қақтығысын тоқтатудың 5 жолы аталды

549

Ресей мен Украина арасындағы 3 жылдан асқан соғыс әлемдік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қос елдің президенттері кездесіп, бір бітімге келе ала ма?  

АҚШ соғыстан шаршады: Ресей мен Украина қақтығысын тоқтатудың 5 жолы аталды Фото: shutterstock.com

Вашингтон Киев пен Мәскеу арасындағы қақтығыста бұрынғы белсенді позициясынан неге айныды? Редакция тілшісі осы тақырып төңірегінде саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтің пікірін білген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 Владимир Путин мен Владимир Зеленский арасындағы ықтимал келіссөздердің болашағы бар ма? Қазіргі жағдайда екі ел басшылары диалогқа келуі мүмкін бе?

– Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайында екі ел басшыларының тікелей келіссөзге келуі қазіргі қалыптасқан ахуалда тым қиын. 2022 жылдың соңында Украина басшысы Владимир Зеленский арнайы жарлыққа қол қойып, Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізуге заң жүзінде тыйым салған болатын. Яғни, бұл Киевтің принципиалды позициясын көрсетіп отыр. Зеленский бірнеше рет Путин президент болып тұрған шақта "Ресеймен ешқандай бейбіт келіссөз болмайды" деп берген сұхбаттарын да білеміз. Сондықтан бұл жерде Зеленскийдің басты талабы алдымен Ресей әскері басып алған Украина жерлерінен кетуі тиіс, содан кейін ғана диалогқа қадам жасалады дегенге меңзеп отыр. Ал Мәскеу керісінше "Украина қазіргі шындықты мойындасын, Ресей аннексиялаған Қырым, Донбасс және бейтарап мәртебеге көшу деген сияқты шарттарға қол қойсын" деп отыр. Оны қабылдау Киев үшін капитуляциямен тең екенін тағы да атап өту керек. Осындай қарама-қайшы талаптар жағдайында екі көшбасшының ортақ бір үстел басына отыруы өте қиын жағдай.

Бұдан бөлек соңғы екі жылды қарайтын болсақ, бірнеше дипломатиялық делдалдар екіжақты кездесу идеясын ұсынған болатын, Түркия Президенті Ердоған болды, БҰҰ болды, тіпті Қытай мен Африка мемлекеттері өкілдері де бейбіт келіссөзге шақырды. Оның арасында қазір Трамп та бар. Әсіресе, соңғы жылы Трамптың әрекеттерін де көріп отырмыз.

Бірақ Путин болсын, Зеленский болсын, бұған иланып отырған жоқ. Путин тіпті "Украина тәуелсіз саяси субъект емес, ол Батыстың қуыршағы" деп есептейтінін жасырмайды. Ал Зеленский Путинге не айтса да, сенбейтінін ашық айтты. Диалогқа келуі мүмкін бе деген сұраққа келсек, бұл жағдайды өзгертудің сценарийі мынадай. Біріншіден, соғыс даласындағы жағдай елеулі түрде бір тараптың пайдасына шешілсе немесе керісінше екіжақты ұзақ соғыстан қажып, ешқайсысы толық жеңіске жете алмайтынына көз жеткізсе, диалогқа отыруға мәжбүр болуы мүмкін. Одан кейін сыртқы факторларды да айту керек. Яғни, халықаралық араағайындық жасап жүрген талпыныстардың нәтижесі болуы мүмкін. Мысалы, Дональд Трамп сайланғаннан кейін Вашингтон қазіргі таңда бейбіт келіссөзді ұйымдастыруға барынша күш салып отыр. Соңғы рет Еуропа көшбасшыларымен бірлесіп Трамп әкімшілігі Зеленскийді қабылдады, оған дейін Аляскада Путинмен кездесті. Бұдан әлі нақты шешім көріп отырған жоқпыз. Кремль келіссөз мүмкіндігін риторика жүзінде жоққа шығармаса да, кездесу мұқият дайындалу керек деген сияқты уақыт ұту позициясына көшіп отыр.

⁠ Зеленский Путинмен Ресейде немесе Венгрияда кездеспейтінін кесіп айтты. Оның орнына басқа елдердің аты аталды. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Украина президенті Путинмен кездесу орнына байланысты шарттарын айтып отыр. Ол Ресейдің өз аумағында немесе одақтас алаңында кездеспейтінін айтты. Яғни, Зеленский Мәскеуде, Будапештте кездесу мүмкін емес деп санайды. Енді Мәскеу түсінікті, соғыс кезінде оған бара алмайтыны да белгілі. Ал Венгрия астанасы Путин үшін ыңғайлы, бірақ Зеленский оны қолдамай отыр. Бұл түсінікті, себебі Венгрия премьері Виктор Орбан ашық түрде Путинге жақтасып отыр. Бұл елде Украина басшысы өзін қауіпсіз және әділ мәміле жағдайында сезінбейтіні түсінікті. Зеленский бейтарап елдердің тізімін айтып отыр. Олардың бірі – Швейцарияның Женевасы. Егер Швейцария жағы қызығушылық білдіріп, Путинді шақыртатын болса, оның барлығы жүзеге асуы мүмкін. Бірақ бұл жерде кепілдік қажет деп айтылады. Одан кейін ықтимал орын – Трамп айтқан Ватикан. Ватиканның қасиетті тағы бейтарап беделге ие ел. Ол халықаралық сот юрисдикциясына кірмейді. Теориялық тұрғыдан, Ватикан екі жаққа да ыңғайлы орын болуы мүмкін. Түркия, Польша, Израильдің де аты аталып жатады. (...) Сондықтан Зеленский кездесудің қайда өтетініне бей-жай қарамайтынын көріп отырмыз.

 ⁠АҚШ Президенті Дональд Трамптың екіжақты келіссөзді ұйымдастырудан бас тартуы нені білдіреді? Бұл бейтарап ұстаным ба, әлде жауапкершіліктен жалтару ма?

– Алғашында Трамп Ресей мен Украина қақтығысын тоқтатуда араағайын болатынын мәлімдеді. Алайда Путин Зеленскиймен жеке кездесемін деген ақпарат шықты. Нәтижесінде, Трамп әкімшілігі екіжақты кездесу өтсін, біз сырттай көмектесеміз деген сияқты позицияны танытқан еді. Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Трамп екі елдің тікелей дипломатиялық қарым-қатынасын қалайды, мұны басынан айтып келеді деген мәлімдеме жасады. Бұл бір жағынан Трамп өзінің кездесуден тыс екенін, тек жағдай жасаушы бейтарап модератор болуы ниеті тәрізді көрінуі мүмкін. Яғни, екі жақты да өзара келісімге итермелеуші ел дегендей. Менің ойымша, Трамптың "біз тек жағдай жасаймыз, шешімдерді өздерін біліңдер" деген сыңай танытқан тәрізді. Бұл бір жағынан America First деген қағидасына да сай келеді. Тікелей араласпайды, америкалық мүддені қауіпке тікпеу деген сияқты. Басқа жағынан қарайтын болсақ, бұл жауапкершіліктен жалтару. Өйткені, АҚШ өзін көшбасшы держава, Украинаға әскери көмек беруші ел ретінде бұл қақтығыста ықпалды тарап. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан Трамптың екіжақты форматқа шегінуі Вашингтонның жетекшілік рөлден бас тартуы деп те қаралуы мүмкін. Трамп Украинаны қолдауда бұрынғыдай белсенді емес, оны көріп отырмыз. Оның басты көздегені тез арада бейбіт келісім болса болды, оның әділ немесе әділ болмайтынына қатты бас ауыртып отырған жоқ сияқты. Бұл мәселеде Трамптың шешімі бейтарап ұстанымнан гөрі, өзін қауіпке тікпеу әрекеті деуге келеді. Бұл шын мәнінде Ресейге тиімді, ал басты жақтасы өзін жақтамай отырғаны Украинаға қолайсыз. Сондықтан Дональд Трамп бейтарап делдал рөлін лайықты деңгейде атқарып отырған жоқ. Керісінше жауапкершілікті өзгеге арту деп түсінген дұрысырақ.

 АҚШ Украина-Ресей қақтығысындағы бұрынғы белсенді позициясынан айныды деп айта аламыз ба? Оған не түрткі болды?

– АҚШ-тың белсенділігінің бәсеңдеуі бірнеше критерийге байланысты. Біріншіден, әскери қолдау қарқынының төмендеуі. Мысалы, жыл басында Конгресстегі республикашылдар Украинаға жаңа көмек пакетін кешіктіріп, оны ішкі саясатқа салды деген ақпараттар шықты. Бұдан бөлек былтырғы жылдың соңында жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, АҚШ халқының 44 пайызы Америка Украинаға көмектесуге міндетті десе, 53 пайызы қарсы болған. Бір жыл бұрын оны қолдайтындар 50 пайыз болған. Одан кейін Вашингтонның Мәскеуге деген дипломатиялық, санкциялық қысымының азаюы. Трамп Ресейге жаңа санкция енгізуге онша құлықты емес екенін көрсетіп отыр. (...) АҚШ бұрынғыдай Украина жеңісі басты мақсат деген ұстанымды ұстанып отырған жоқ. Керісінше соғыс тоқтату басты мақсат дегенге ауысып отыр. АҚШ қоғамы шаршағанын айттық, АҚШ билігі де соғыстан шаршау синдромына көшкен сияқты.

 Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс қандай жағдайда және қашан шешілуі мүмкін?

– Менің ойымша, бірнеше факторлар бар. Әскери жағдай, тараптардың саяси жігері. Соның бәрін ескере отырып, ықтималды бес сценарийді көріп отырмын. Біріншіден, бұл – ұзақ соғыс сценарийі. Яғни, соғыс жақын арада бітпейді, бұл енді кезіндегі корей соғысын еске салады. Ол кезде майдан шебі аз қозғалып, соғыс ұзаққа созылды. Егер әскери тепе-теңдік сақталып, не Украина, не Ресей бір шешуші жеңіске жете алмаса, соғыс әлі де болса бірнеше жылға созылуы мүмкін. Яғни, ең бірінші мақсат – бір-бірін қажытуға бағытталған соғыс. Екіншісі – соғыстың белсенді фазадан шығып, атысты тоқтату туралы белгілі бір келісім жасау. "Мұздатылған" қақтығыстың шешімі болмайды, ол ондаған жылдарға созылып кетуі мүмкін. Үшіншісі – Украина жеңісі. Бұл сценарийді қарайтын болсақ, Батыстың көмегі күшейген тұста Украина әскерінің алға жылжып, жеңіске жетуі. Ықтималдығы белгісіз. Осындай оптимистік сценарийдің жүзеге асуы үшін басты шарт – Батыстың үздіксіз және жоғары деңгейдегі көмегі. Төртінші сценарий – Ресейдің жеңісі. Батыстың көмегі азаятын болса, Ресей қайта күшеюі мүмкін. Оның ықтималдығы да белгісіз. Бесінші сценарий – екі елдегі ішкі саяси өзгерістердің нәтижесіндегі соғыс алаңының өзгеруі. Бұл – Путиннің президенттіктен кетуі, Зеленскийдің әскери жағдайды тоқтатып, оның орнына басқа президенттің келуі. Мұндай жағдайлар Таллебтің "Қара аққу" теориясына сай, аяқ астынан болуы мүмкін.

Меніңше, өкінішке қарай, Украина мен Ресей қақтығысы жақын арада аяқталмайтын сияқты. Сондықтан қашан, қалай шешілуі керек деген сияқты мәселеде ең басты тараптардың бірінің айқын жеңісі немесе ұзақ соғыстан қажығандықтан, өзара бітімге келу, сыртқы араағайындармен ымыраға келу немесе саяси режимдердің өзгеруі деуге болады.

 Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу