Саяси жарнама алаңында талас басталды

2488

Ақпарат агенттіктеріндегі пікірлерге өкіртіп салық салу ұсынылды.

Саяси жарнама алаңында талас басталды

Парламент сайлауы жақындаған сайын саясат сахнасындағы белсенділік те қыза түсуде. Қоғам белсенділері мен сарапшылар кейбір БАҚ-тың жасырын пиар жүргізетініне наразы көрінеді. Мысалы, бірқатар ақпарат агенттіктері саясат шыңын бағындыруға ұмтылған тұлға немесе оның тың бастамасы туралы жаңалық не сұхбат басады да, оның астындағы пікір-комментарийлерді тұрақты тазалап, тек оң, жағымдыларын ғана қалдырады. Бұл – 2000-шы жылдардан бері қалыптасқан дәстүрлі әдіс. Енді мұны реттейтін кез келіпті.

Эколог, ақпарат агенттіктерінің тұрақты оқырманы Арман Балмағамбетов салық органдарына жүгініп, бюджеттің кіріс көзінің "саяси жарнама" атты қосымша бабын қарастыруды ұсынды. Ол мұның енді салмақты сала екеніне назар аудартады: цифрлық технологиялар заманында әртүрлі саяси партиялардың, бірлестік-қозғалыстардың, жеке тұлғалардың тайталасы, мүдде қақтығысы электронды кеңістікке көшуде.

Тіпті, сыртқы күштер мен державалар өз мақсат-мұраттарын, саяси доктриналарын цифрлық құралдар және ғаламтор арқылы ілгерілететіні, өзге елдегі қоғамдық пікірге солай ықпал ететіні құпия емес. Осы жолда шындықты бұрмалаудан тайынбайды. Сондықтан бұл сала мемлекеттің қырағы бақылауында болғаны жөн екен.

"Ондай күштер Tengrinews, Zakon.kz секілді жаңалықтар порталында, сайттарда пікір-комментарий бұтақтарын, форумдарды өздерінің қарау мақсатына пайдаланады. Бірқатар елдер үгіт-насихатын және ақпараттық ықпалын жүргізу үшін жалған комментаторларға, боттарға орасан қаржы құяды. Олардың ниетін ақпарат агенттіктері мен порталдар білмеуі мүмкін. Олар пікірдің көп жазылғанына мәз болады. Модераторлары саяси сипаттағы пікірлерді алып тастамайды. Боқтамаса болды дейді. Салдарынан агенттік не сайт әлдебір мәселе не саяси оқиға бойынша жанама түрде оң не теріс ақпараттық фон түзіп жатқанын, қазақстандықтардың бұрмаланған көзқарасын қалыптастыратынын түсінбейді", – дейді Арман Тілешұлы.

Сонымен бірге ол ақпарат агенттіктерінің және порталдардың бірқатары мұны біле тұра, әдейі ақшаға жасайтынына сенімді.

"Ақы тікелей емес, айналма жолдармен аударылуы мүмкін. Мысалы, жарнамалық баннерді бірнеше есе қымбатқа жалдайды. Немесе бухгалтерлік есепке енгізбей, қолма-қол ақша береді. Нәтижесінде қомақты сома салық салудан тыс қалады. Ендеше мұны заңды өріске шығару керек. Бөтен елдер өз ақпараттық күн тәртібін бізде ілгерілеткісі келеді екен, ашық түрде көп ақша аударсын, салығын төлесін. Осыған орай біріншіден, мемлекеттіктен басқа барлық ақпараттық ресурстарда, порталдарда "пікір-комментарий" және "форум" жүргізу үшін жаңа салық енгізуді ұсынамын. Оның мөлшері 5 000 000 (бес миллион) АЕК-ті құрауы тиіс", – дейді Арман Балмағамбетов.

Екіншіден, ол Үкіметке барлық отандық электронды БАҚ-тағы комментарийлерді бақылауға алуды ұсынады.

"Қазақстанның мемлекеттілігіне төнер саяси тәуекелдерді ескере отырып, барлық қазақстандық БАҚ, порталдардың модераторлар штатына күш құрылымдарындағы нағыз патриот қызметкерлерін енгізу керек. Олар қазақ ұлтынан болуға тиіс. Сонда олар конституциялық құрылымды құлатуға шақыруларды немесе сепаратистік үндеулерді дер кезінде анықтай алады", – дейді А.Балмағамбетов.

Қысым емес, қолдау керек

Құқықтанушы, саясаттанушы З.Сабырқұлов мұндай бастаманы жүзеге асыру қиын деген пікірде. Ол ресми мәліметке жүгіне отырып, Қазақстанда 3 мың 600-ден аса БАҚ тіркелгенін айтты. Оның 2 964-і – газет-журнал, 471-і – ақпарат агенттіктері мен интернет басылым. Мұның сыртында 410 телеканал тіркелген, арасында 161-і ғана қазақстандық, қалған 249-ы – шетелдік, негізінен ресейлік екен. Газеттер мен ақпарат агенттіктерінің көбі өз порталында немесе әлеуметтік желідегі парақшасында оқырманына пікір қалдыру мүмкіндігін береді.

"Олардың әрқайсысының редакциясына жіберетіндей бос 3 мыңдай арнайы орган маманын табу күрделі. Оның үстіне кілең патриоттарын қалай іріктейді? Кеңес одағында журналистер делегациясына ТАСС-та не басқасында журналист ретінде тіркелген "тыңшы" еріп жүретін. Қазақстан ол тәжірибеге қайта орала алмайды. Ал 5 млн АЕК салық салу деген тым артық болар, бұл 13,9 миллиард теңге ғой. Мұнша салықты кейбір жер қойнауын пайдаланушылар да төлемейді. Ал пікір-комментарий қазба байлық емес. Қазақстандық журналистика қазір қатты күйзелуде. Жарнамадан түсетін табысы 80 пайызға дейін азайды. Салықпен езе бермей, керісінше, отандық БАҚ-ты жеңілдіктермен қолдап, қуаттау керек. Наполеонша айтқанда, өз журналисін асырағысы келмеген елге бөтеннің журналисін асырауға тура келеді. Мысалы, Беларусте солай болып жатыр", – дейді Зейін Сабырқұлов.

Ол шетелдік, әсіресе, ресейлік "пропагандадан" қорғану қажет дейді, бірақ басқа заманауи тәсілдерін қолданған жөн.

БҚО-ның Ақсай қаласы әкімдігінің аппараты да ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке жарнамаға қатысты ұсыныс енгізді.

"Біз "Жарнама туралы" заңға өзгеріс енгізіп, сырттағы жарнаманың сипаттамасы мен мазмұнына нақты талаптар қоюды ұсынамыз. Әйтпесе, жергілікті атқарушы орган рұқсатсыз орнатылған жарықтандырылған жарнама қораптарын – "сити-бокстарды" анықтап, иесіне хабарлама жолдайды. Сондай-ақ мемлекеттік тіл талаптарын бұзу көп. Кейінгі кезде заңсыз орнатылған билбордтар көбейіп барады. Ол жер учаскесіне ешқандай құжат алмаған", – дейді әкімдік.

Ұлттық экономика министрлігі шағын және микрокәсіпкерлік нысандарын тексеруге 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынғанын жеткізді. Тиісінше, жергілікті билік билборд иелерін тексере алмайды. Демек, олардың да алдағы сайлауда көрігі қызар жарнама-пиардан табыс тауып қалуға мүмкіндігі бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу