Семейдегі өрт: Қай министрлікте уақытылы шаралар қолданбады?

3053

Абай облысындағы өртке қатысты сұрақ сағат санап көбеюде.  

Семейдегі өрт: Қай министрлікте уақытылы шаралар қолданбады? Фото: @abai_oblysy_akimdigi

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы төтенше жағдай туындаған жағдайда құзыретті органдарға ғарыштық суреттерді ұсыну механизмін түсіндіріп берді, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" республикалық бюджеттік бағдарлама аясында өрт қауіпті кезеңде республика аумағы бойынша орманды дала өрттеріне ғарыштық мониторинг жүргізеді.

Күн сайын тәулігіне 8 ретке дейін өрт ошақтарының координаттары және орманды дала алқаптарының өртенген учаскелері туралы онкүндік ақпарат ұсынылатын forest.gharysh.kz (Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті) және mchs.gharysh.kz (ТЖМ) салалық геосервистері бар. 

Сервис ҚР ТЖМ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті және "Қазавиаорманқорғау" РМҚК қызметкерлеріне қолжетімді.

Аталмыш порталда метеодеректерге қол жеткізу құралдары да бар. Бұл сервис бірнеше деректер жиынтығын қолдана отырып, жағдайды жедел талдауға мүмкіндік береді.

"Жергілікті жердегі ахуалдың күнделікті мониторингін геосервистер арқылы ТЖМ өңірлік төтенше жағдай департаменттерінің жедел кезекшілері жүзеге асырады. "Қазақстан Ғарыш Сапары" мамандары кезекшілермен тұрақты байланыста болады. Геосервис пайдаланушыларын оқыту тұрақты негізде жүргізіледі. 2023 жылғы 16-17 ақпан күні өңірлік ТЖ департаменттері мен ТЖМ бөлімшелерінің мамандарын салалық геосервиспен жұмыс істеуге оқыту жүргізілді. Жалпы саны 30 маман оқытылды", - деп хабарлады ұлттық компания.

ТЖМ баспасөз қызметі ғарыштық суреттерге қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Экология және табиғи ресурстар министрлігінен де жауап ала алмадық. Ведомствоға қарасты Орман шаруашылығы комитеті өрт ауыздықталған соң ғана ақпарат бере алатындарын айтты.

Ақпарат көзінің хабарлауынша, өрт ошағын алғаш рет 8 маусым күні "Қазавиаорманқорғау" қызметкерлері анықтаған. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бағынысты кәсіпорын өрт қауіптілігінің екінші сыныбынан бастап өз аумақтарына ұшуды жүргізеді. Алгоритм бойынша "Қазавиаорманқорғау" филиалдары орман өрті пайда болған орынға ең әуелі өздері шығады, олар ғарыштық суреттерді күтіп отырмайды. Өрттің аумағын білу мақсатында ғарыштық суреттерге жүгінетін көрінеді. Бірден ТЖМ-нің көмегіне жүгінбейді. Қосымша күш керек болған кезде ғана төтенше жағдайлар ведомствосына хабарласады, деп хабарлады бізге ақпарат көзі. 

Абай облысындағы орман өрті бойынша сұрақ көп, бірақ жауап жоқ. Адам шығыны құзырлы органдардың салғырттығы салдарынан болды ма? Өрт туралы болжам қате жасалған ба? Тілсіз жаумен күресуге бірінші болып аттанғандардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі ескірген бе? Қай министрлік уақытылы шаралар қолданбады? Бұл сауалдарға жауап кезек күттірмей берілу керек. Себебі құзырлы органдар жауап беруге жалтарып жүргенде, ақпараттық вакуум қалыптасып, желіде фейк жаңалықтар көбейе түседі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу