banner

Семейді де су басты

Қала бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Семейді де су басты

Су тасқыны Семейге де жетті. Жай жетпей, елді үрейлендіре жетті. Екі күнде өңірде 78 милиметр жауын түсіп, салдарынан Ертістің арнасына су сыймай кетті. "Қазгидромет" мекемесі бұл үш айдың мөлшерінен артық екенін мәлім етті. 

28 наурыз
Ертістің су арнасынан асып, Семейдің түбіндегі Түйемойнақ аралы, Шығыс, Мирный кенттеріндегі үйлердің ауласын су басу қаупі төнген болатын. Оқиға орнына дереу жеткен қала әкімі Ермак Сәлімов тұрғындарға басу, айтып, барлық жағдайда бақылауда екеніне сендірді.

"Барлығы арнайы құрылған комиссияның назарында. Біз бірнеше ай бұрын көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарды қолға алғанбыз. Қазір қажетті барлық күш жұмылдырылып жатыр. Жағдай түзеледі. Тұрғындарды алаңдамауға шақырамын. Оқиға орнында шамамен 20 адам жұмыс істеп жатыр. Барлығы бақылауда", – деген болатын. Алайда, әкім айтқандай барлық жағдай бақылауда болмай шықты. Кешке қарай тасқынға Шүлбі су электр стансасынан жіберілетін судың күндік мөлшері күрт көбейтілгені себепші болған деген ақпарат тарады. Өңірдегі гидротехникалық нысандардың жұмысын  қадағалайтын Ертіс бассейндік инспекциясы  мұндай шешім қабылдарда қала әкімдігінің келісімін алмаған.

"Бұған дейін Шүлбі СЭС-інен секундына 500 текше метр су жіберіліп келсе, 28 наурызда оның мөлшері 1800 текше метрге артқан. Салдарынан Ертістің деңгейі 5,06 метрге көтерілген. Ал Семей қаласы үшін аталмыш өзеннің деңгейі 4,5 метрге жетуінің өзі шетін жағдай болып саналады. Түйемойнақ аралы, Мирный және Шығыс кенттеріне су соның салдарынан жайылды. Облыс бойынша гидротехникалық нысандардың жұмысын "Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы" мекемесі қадағалайды. Шүлбі СЭС-інен жіберілетін судың күнделікті мөлшерін көбейту шешімі жергілікті атқарушы органдармен келісілмеген" – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі. Осылайша тасқынның күнінде-ақ 160-тан астам семейлік қауіпсіз жерге  көшірілді.

29 наурыз
Ертіс бассейндік инспекциясы қабылдаған шешімнің дұрыс-бұрыстығын прокуратура тексеруге кірісті.

"Біз бұл істі нақты тексереміз. 7 наурызда қалалар мен аудандардың барлық әкімдерінің, уәкілетті мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізгенбіз. Онда мұндай жағдайдың болмауы үшін талдау және қадағалау жұмыстарын пысықтаған едік. Біз нақты, субъективті себептер мен адам факторын анықтаймыз" – дейді облыс прокуроры Құсайын Игембаев.

Шаһардағы шетін жағдайды Ертістің бетіндегі мұз кептелісі ушықтыра түсті. Тасыған өзен қалаға түгел жайылмас үшін төтенше жағдай мамандары 3000 тоннадан астам жарылғыш қойып, мұздың көбесін сөкті. Салдарынан Ертіске жақын орналасқан Мирный кентіндегі 4 көпқабатты тұрғын үйге зақым келді. Жарақат алған адамдар да бар. Терезелері сынып, балкондары бүлінген тұрғындар жергілікті әкімдіктен шығынды өтеп беруді талап етуде. Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Аманай Өтелбаев халықтың бұл талабы орындалатынын айтады

"Жарылыстан зардап шеккен үй иелеріне екі жол ұсынып отырмыз. Жағдайы көтерсе, сынған терезелерді өздері орнатсын,  біз түбіртек негізінде кеткен шығынды қайтарамыз. Екінші  нұсқа бойынша "Технология Комфорта" ЖШС аталмыш үйлердегі  сынған терезе мен балконды өлшеп алып кетеді. Бірнеше күннің ішінде жаңа терезе мен балкон орнатылады", – дейді Амантай Өтельбаев.

Кеше түнде  қала әкімі Ермак Сәлімовтың өкімімен шаһарда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл уақытта Түйемойнақ аралында су басқан үйлер саны 140-қа жетіп, Бобровка кентінде 600 саяжай мен 150 үй, Затон ауданында 75 үй қызыл судың құрсауында қалған болатын. Тұтастай алғанда 252  адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ресми органдар бұл санақтың өсуі мүмкін екенін  ескертті.

30 наурыз
Жалпы облыс бойынша тасқыннан зардап шеккен аудан қалалардың саны 16-ға жетті. 33 елді мекенді су алған. Қарғын судың азабын Өскемен, Семей, Аягөз және Шемонаиха қалалары, Прогресс, Пердгорное, Мамай, Донское, ауылдары мен Белоусовка және Глубокое кенттері қатты көрді.  Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бүгін, 30 наурызда 897 үйден су қайтқанын мәлімдеді. Глубокое және Шемонаиха аудандарында 30-ға тарта үй әлі су ортасында тұр.

"Семей қаласында 141 жер үйге, 596 саяжай ғимаратына су кіріп, 220 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрғындарға келген материалдық шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды" – дейді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Анастасия Скляр.

Есімжан Нақтыбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу