Бұл – Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) қолдауымен ұйымдастырылатын маңызды турнирлердің бірі. Қазақстан мұндай деңгейдегі жарысты тарихында алғаш рет қабылдап отыр.
FIE халықаралық күнтізбесіне жыл сайын осы санаттағы небәрі 5 турнир енеді. Аталған жарыс дәстүрлі түрде Швейцарияда, Германияда, БАӘ-де және Канадада өтеді. Биылдан бастап бұл тізімге алғаш рет Қазақстан қосылып, Орталық Азияда Әлем кубогы өткізу құқығына ие болған алғашқы ел атанды.
Жарыс 26-29 наурыз күндері Астанада өтіп жатыр. Турнирге әлемнің 46 елінен шамамен 500 спортшы қатысуда: олардың 222-сі әйелдер, 272-сі ерлер. Командалық сайыстарға 31 ерлер және 23 әйелдер құрамасы қатысады. Бапкерлерді, төрешілер мен ұйымдастырушыларды қосқанда, қатысушылардың жалпы саны 1000 адамнан асады.
Ашылу салтанатына Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қатысты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен спорт саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Соның алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде байқалуда. Биылдан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бапкерлерінің жалақысы 30%-ға артты. Балалар спортына бөлінетін қаржы шамамен екі есеге көбейді. Басым спорт түрлері айқындалды, легионерлерді мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылды, ұлттық спорт түрлеріне олимпиадалық спорт түрлерімен тең мәртебе берілді. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Спортшыларымыз халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатуда. Әлеуетті спорт резерві қалыптасып, балалар спорты дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Осындай деңгейдегі жарыстың елімізде өтуі – Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді", – деді министрдің орынбасары.
Турнирде Қазақстан атынан 30 спортшы бақ сынауда. Олардың қатарында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаймов бар. Әйелдер арасында 24 спортшы өнер көрсетеді, олардың ішінде Ульяна Писцова, София Николайчук, Каролина Фомина және Владислава Андреева бар.
Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан құрамасы семсерлесуден әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізген еді. Ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасында ұлттық құрама 6-орын алды. Құрама табысына арнайы шақырылған бас бапкер Олександр Горбачук зор үлес қосып отыр. Оның жетекшілігімен Жапония құрамасы Токио және Париж Олимпиадаларында, сондай-ақ 2018 және 2022 жылдардағы Азия ойындарында чемпион атанған.