Сең соққан Сабуров: Қазақ комигі неге жұрттың қаһарына ұшырады

2474

Кейбір сарапшының байламынша, ар мен ақшаның арасында төл таңдауын жасаған Нұрлан Сабыров қазақты ұятқа қалдыруы мүмкін.

Сең соққан Сабуров: Қазақ комигі неге жұрттың қаһарына ұшырады

Украина тарапы стендап жанрындағы әртіс, степногорлық әзілкеш Нұрлан Сабыровтың (Сабуров фамилиясымен өнер көрсетеді) шетелдегі барлық концерттерін тоқтатуға ниетте. Мысалы, Украинаның Чикагодағы бас консулы Сергей Коледовтың сұрауымен Сабыровтың осы қаладағы концерті доғарылды. Сықақшыға сонша шүйлігетіндей не болды?

Ресей Украинаға басып кіргелі бері, қан-қасап қырғынға қарсы шыққан белсенділер ресейлік "жұлдыздардан" соғысқа қарсы ұстанымын айқын білдіруді талап етіп келеді. Нұрлан Сабыров Қазақстан азаматы болғанымен, қазір Ресейде тұратыны және сонда жұмыс істейтіні белгілі. Тиісінше, осы толқынға ол да ілікті. Қазақ комигі саясаттан алыстап, "Ресейдің арнайы әскери операциясы" туралы тіс жармауға ұйғарды. 

Содан Нұрлан Әлібекұлының Калифорнияда өткен алдыңғы концертінде украиналық суретші Юлии Косивчук оның рұқсатын сұрамай-ақ, төл қойылым-перфомансын ұйымдастыруға ниеттенді: әр жеріне "қан" сіңген "ақ кебін" киген ол "Silence is crime" (Үнсіз қалу да қылмыс) деп айғайлап, сахнаға атып шығады. Әрине, мұндайға дайын тұрған күзетшілер оны дереу ұстап алып, сыртқа сүйрей жөнелді. Бұл оқиғаны елеусіз қалдырмауды жөн көрген Нұрлан "оққағарлары" дедектетіп әкетіп бара жатқан "бүлікшіге" сілтеп орынсыз әжуалады. Қызыл дақ қанды жараны білдіретінін ол білетін болса керек.    

Ойыны осылды деген осы. Бұл оқиғадан кейін Украинаның бас консулы АҚШ-тың Чикаго қаласындағы концертті ұйымдастырушыларға жүгініп, Сабуровтың іс-шарасын өткізбеуге шақырды. North Shore орталығының басшылығы түсіністікпен қарап, әзілқойдың концертінен бас тартқан.

Украиналық қоғам қайраткері, кәсіпкер Даниил Тонкопийдің мәліметінше, Сабуровтың осы сенбіде Чикагода өтуге тиіс концертінің тоқтатылуына жергілікті украиналық диаспораның, Украинаның 2 консулының, "Украина ұлттық конгресінің" және наразы көрермендердің ұйымдастырушыларға қуатты қысымы ықпал етті. Наразы топ бойкот науқанын өрістете беруі мүмкін. 

"Сан-Франциско, Майами, Чикаго және басқа да қалалар мен елдердегі көптеген қарсы адамдардың үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Украинадағы, Еуропадағы адамдар белсенді көмектесті. Қазақтар да, орыстар да, беларусьтар да жәрдемдесуде. Бәріміз тізе қоса отырып, концертті тоқтатудың прецедентін жасадық", – деді Даниил Тонкопий. 

Н. Сабуровтың ресми сайтының дерегінше, Нұрлан 17 сәуірде Нью-Йоркте (бізден 10 сағат артта) концерт өткізбек, оның доғарылатыны туралы әзірге жарияланбады. Билет бағасы 125-165 доллар ғана. Содан кейін АҚШ-тан кетіп, Ресейге оралады: Мәскеу облысында концерт береді. Кіру билеті 2000-4000 рубль. Әрі қарай Израильдің Тель-Авив, Беэр-Шева және Хайфа қалаларына сапарлау жоспары бар. 

Жалпы ресейлік көптеген жұлдыздар Украинаға басқыншылықты қызу құптап, сөзімен де, ісімен де септесуде. Ендеше қазақ қалжыңбасының бейтарап ұстаным білдіргенінде, соғысты елемегенінде тұрған не бар? Соған бола, оны қудалауға бола ма?

Украиналықтармен бірге бизнес жүргізетін қазақстандық кәсіпкер, заңгер, GRATA International серіктесі Ержан Есімханов Сабыровтың ісіне сабырмен қарау керек дейді.

"Украинадағы жағдайдың қорқыныштылығы сонша, дауысы бар әрбір адам нақты пікірін айқын білдіруге міндетті. Мен өз көзқарасымды соғыстың алғашқы күнінде білдірдім, Алматыдағы шеруге шықтым. Сабыровты айыптайтындарды түсінемін, бірақ қолдай алмаймын. Себебі үнсіз қалғандарға қарағанда, үнсіздерді ит қосып қудалайтындардың тірлігі тіпті жаман. Менің ойымша, осы барлық интернет-бойкоттар, жеккөрініштің инстаграмдық толқындары, адамдардың ізіне түсіп, жаппай қорлау – барып тұрған бейшаралық және зұлымдық. Меніңше, бүгінде әлеуметтік желіде Сабуровтың жер-жебіріне жететіндердің 99%-ы онымен бетпе-бет ұшырасса, автограф сұрар еді. Интернетте батыл әрі табанды болу оңай, онда еш қауіп жоқ қой", – дейді Е. Есімханов.

Оның айтуынша, Нұрланның үндемеуінің өз себептері бар.

"Ол біреу үшін лайықты, біреуге лайықсыз көрінуі мүмкін. Бірақ ол Нұрланның өз себептері. Біздің ешқайсымыз Нұрланның ар-ұжданына айнала алмаймыз. Оған құқығымыз да жоқ шығар. Ол өз ұстанымына, өз ар-ұятына, өз жауапкершілігіне сүйене отырып, ешкімнің көмегінсіз-ақ айналада болып жатқанның байыбына бара алады. Ол қойылымдары арқасында ақша табады, оған ұстанымы үшін емес, концерттері, өнері, әзілі үшін ақы төлейді. Оның ұстанымы ұнамайды екен, "ақшамен дауыс беріңіз": концертіне билет сатып алмаңыз. Оның фильмдерін көрмеңіз. Ұшыраса қалса, қол беріп, сәлемдеспеңіз. Бұл интернеттегі хейтке қарағанда күштірек әсер етеді", – деді қазақстандық заңгер. 

Кеңестік, украиналық белгілі режиссер, продюсер, медиа-менеджер Олександр Роднянский бұл пікірмен келіспейді. Нұрлан Сабыров Ресейдің басқыншыл саясатын үнсіз құптап отыр, бұл – оның құқығы. Бірақ ондай жағдайда соғысқа қарсы Батыс әлемін концертпен араламай, Ресейінен шықпай отыруы керек.

"Ресейдің озбыр, агрессивті соғысы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Қарапайым адамдарды айтпағанда, миллиондаған көрерменінің көңіл-күйіне, ой-пікіріне, тіпті мінез-құлқына әсер ете алатын тұлғалардың оны айыптамай, ештеңе болып жатпағандай сыңай танытып, бұрынғы бейғам, бейбіт тірлігін тып-тыныш жалғастыра беруі жақсы нәрсе емес. Халық алдына шығады екенсің, өз ұстанымыңды нақты білдіруге міндеттісің. Соғысты елемей, ойнап-күліп, әзілдеп жүргенін көріп, оның табынушылары да ешқандай қырғын болып жатқан жоқ екен деген сезімде болады. Бұл да жасырын пропаганданың бір түрі. Себебі, сенің үнсіздігіңді миллиондар естиді, көреді. Қалыс қалу, селқостық таныту, үнсіздік таныту – соғысты қолдаумен тең", – деді ол.

О. Роднянскийдің байламынша, Нұрлан екіжүзділік танытпауы керек.

"Мен Ресейді таңдадым, сонда мол табыс тауып отырмын. Сондықтан соғысты қолдаймын, бұған өз себебім бар деп ашық айтуы керек немесе "Ресей бастаған қантөгісті қолдамаймын!" деп мойындауы қажет. Бұл жігіттік, шыншылдық, ар алдында адалдық. Әрине, содан кейін оған отбасын алып, Ресейден көшуге тура келуі, сондағы бар бизнесінен айырылуы мүмкін. Дегенмен Нұрлан жас қой, талантты, орнын табады. Украина тұрғындары секілді жарылған бомбадан, қардай бораған оқтан мүгедек болып қалған жоқ, тірі. Осы жағдайда қалай сахнаға шығып, ашық көңілмен қалжыңдайсың? Күлкің күл болмай ма? Сахнадан адамдарға не айтпақсың? Саналарға нені жеткізбексің? Мен ешкімді де айыптағым келмейді. Бірақ ар-ұждан деген бар. Іргеде адамдар жаппай қанға бөгіп жатқанда парасатты азаматтың әзіл-сықақ концертпен әлемді аралауға қалай әрі барады?", – дейді Олександр Роднянский.

Украиналық тележүргізуші, продюсер және шоумен Алексей Дурнев соғысқа алаңдаушылық білдірген көрермендерінің ісі мен сөзіне Нұрланның түсіністікпен емес, жеккөрінішпен үн қатқанына қайран қалады. Сонымен бірге Сабыров көрермендерден өзінің үнсіздігіне түсіністікпен қарауды сұрады.

"Нұрлан байлықты, сән-салтанатты бірінші орынға қоятынын көрсетті. Нұрлан өз әзілдерінде Қазақстандағы, туған жеріндегі бейшара өмір кешкенін айтып, елін аяусыз сынап мінейді. Бір қарағанда, Ресейдің соғысын сынап, Ресейден қуылып, бұрынғы өміріне оралғысы келмейтін шығар деп ойлауға болады. Бірақ Нұрлан қазірдің өзінде долларлық миллионер, өзі мақтанатындай үш қымбат көлігі, үйлері бар. Яғни ашығамын деп қорықпаса керек. Ол Мәскеуден кеткісі келмейді. Сен Қазақстан азаматы емессің бе, Қазақстанға қайту саған азап па? Ол сахнадан үнемі әйелін келеке етеді. Ол балаларыңның анасы емес пе. Мұндай адамнан ардың ісін күтуге бола ма?", – деп түңілді А. Дурнев.

Оның айтуынша, соғыс басталардың қарсаңында Нұрлан Сабыров гастролдік турмен Украинаны аралап қайтыпты, яғни бүгінде ажал құшып жатқан халықтың қаржысын қалтасына басқан.

Америкадағы концертте Сабыров залдан айғайлаған адамдармен пікір таластырып, отбасының, балаларының жағдайына уайымдайтынын, бұл мәселеде бойын үрей билейтінін айта келе, бұл үшін ешкімнің де оны айыптауға қақысы жоқ деген ойын білдірді.

"Егер сендер мені соғысты қолдайды деп санасаңдар, нағыз есалаңсыңдар!" деп шорт кесті Нұрлан.

Біз талантты отандасымызды айыптауды көздеп отырған жоқпыз, тек оның айналасында осындай даудың туу себептерін түсіну үшін әр тарапқа сөз бердік. Одан әркім өз пікірін түйсе керек.

Алдағы мамырда Нұрлан Сабыров Қазақстанды концертпен аралайды. Қалжыңқойдың ресми сайтында хабарланғандай, турне 5 мамырда Ақтауда басталады: Нұрлан онда 2 концерт қоймақ. Содан кейін Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Алматы, Өскемен және Семейге бармақ. Өңірлердегі билет бағасы әзірге белгіленбеген, ал екі мегаполисте билет құны 4 мыңнан 45 мың теңгеге дейін барады.

Н. Сабуров 2020 жылы ресейлік Ютуб-блоггерлер арасында жарнамадан табыс табу жөнінен нөмірі бірінші тұлғаға айналды. Ол бір жылда 3,55 млн доллар тапқан.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу