АҚШ Сенаты дауыс беру кезінде Конгрестің келісімінсіз АҚШ әскерінің Венесуэлаға қарсы әскери қимылдарға қатысуына тыйым салатын резолюцияны мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Құжатқа демократ сенаторлар Чак Шумер, Тим Кейн, Адам Шифф пен республикашыл сенатор Рэнд Пол бастамашылық жасады. 52 сенатор резолюцияны қолдаса, 47-сі қарсы дауыс берді. Процедуралық кезеңнен кейін тиісті құжат Сенаттың толық құрамында қаралуы мүмкін.
Резолюцияға сәйкес, Ақ үй басшысы Дональд Трампқа Венесуэла аумағында немесе оған қарсы америкалық әскерді қолдануын тоқтату талабы қойылады. Әскер соғыс ресми түрде жарияланған жағдайда немесе Конгресс арнайы рұқсат бергенде ғана жіберілуі мүмкін екені айтылған.
АҚШ Конституциясы бойынша тек Конгресс қана соғыс жариялау құқығына ие. Бұдан басқа 1973 жылғы Әскери өкілеттіктер туралы заң президентті әскери қимылдар басталғаны жөнінде Конгресті алдын ала хабардар етуге міндеттейді. Бірақ іс жүзінде америкалық көшбасшылар бұл талапты ескермей жатады. Мәселен, мұндай жағдайлар Вьетнам, Ирак және Ауғанстандағы әскери операциялар кезінде болған.
Дональд Трамп резолюцияны қолдаған республикашыл сенаторларды қатаң сынға алды. Оның сөзінше, бұл қадам елдің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіреді. АҚШ президенті Сенатта келесі аптада бұл мәселеге байланысты одан да маңызды дауыс беру өтетінін айтты.