Сенат Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы келісім елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға, атап айтқанда, бір тараптың екінші тараптың аумағындағы инвестициялары үшін, сондай-ақ екі мемлекеттің аумақтарында инвестициялық қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелерді өзара түсіністік негізінде реттеудің тәртібі мен талаптарын айқындайды. Бүгінгі таңда Қазақстан жасасқан 51 екіжақты келісімнің 46-сы күшінде", – деді сенатор Геннадий Шиповских.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өсу үрдісі байқалады.
Қазақстан – Қырғызстанның үшінші ірі сауда серіктесі.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 1,71 млрд доллар болған.
"Қазақстаннан экспорт 9,6%-ға өсіп, 1,3 млрд долларға жетті. Бұл біздің экономикалық қарым-қатынасымыздың тұрақтылығын көрсетеді. Қазақстан Ұлттық банкінің дерегіне сәйкес, 2024 жылы 9 айдың ішінде Қырғызстаннан 4,8 млн доллар болатын тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, бұл 2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда 18%-ға жоғары", – деді Сенат депутаты.
Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастықты кеңейтетінін жазған едік. Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялады.