Сенаторлар бизнесті барынша қолдауға міндеттенді

2331

Сенатта мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдау шараларының тиімділігі талқыланды.

Сенаторлар бизнесті барынша қолдауға міндеттенді

Жоғарғы палатаның экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік бойынша комитетінде өткен кеңесте Ұлттық экономика министрлігі және өзге де құзырлы мемлекеттік мекеме басшыларымен бірге Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы басқармасының мүшелері қатысып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде депутаттармен пікір алмасты.

 

Рұқсат беру құжаттары екі есе қысқарды

Алғашқы болып сөз алған Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айдар Әріпханов жиынға қатысушыларды Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму жағдайын сипаттап берді.

"Қазақстанда бизнесті дамыту үшін қалыпты тұрақты жағдай қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу жүйеге келтірілді, – деп бастаған Айдар Әріпханов әрі қарай министрліктің атқарған басқа игілікті істерін тізіп шықты: – Рұқсат беру құжаттарының саны 2 есе қысқарды, мемлекеттің бақылау-қадағалау қызметі жетілдірілді, өзін-өзі реттеу институты енгізілді, реттеушілік әсерді талдау арқылы "ақылды реттеу" құралы іске асырылды, "Doing Business" рейтингісінде позицияларды жақсарту жөнінде реформалар жүргізілді, "Yellow Pages Rules" принциптері бойынша мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы шектелді".

Айдар Әріпхановтың сөзіне қарағанда, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіру үшін жүргізілген реформалар нәтижесінде жоспарлы тексерістен тәуекелді бағалау негізінде тексеріс жүргізуге ауысу жасалыпты. Осыған байланысты қазіргі уақытта "әлеуетті бұзушылар" ғана іріктеліп тексерілетін көрінеді. Бұл, өз кезегінде, "айқындау мен жазалау" саясатынан "ескерту және әділ кәсіпкерді құптау" саясатына ауысуға мүмкіндік беруге тиіс көрінеді.

Сонымен бірге қабылданған шараларға қосымша, бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік субъектісіне қысымды азайту үшін үстіміздегі жылы мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау құзыретін тексеру басталған, оның нәтижесі бойынша 2017 жылы тексеру мен бақылау және қадағалау салаларының санын қысқарту жоспарланып отыр екен.

 

Мемлекеттік сатып алу мәселесі жеңілдей ме?

Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңы халықаралық тәжірибе негізінде әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру жұмысына оң баға беріпті.

"Мысалы, бір көзден сатып алуды қоса алғанда, тек қана электронды форматта шарт жасасу жайы заңға енгізілді. Бұл сатып алынатын тауар, жұмыс, қызмет бойынша толық ақпарат түзуге және олардың орташа сатып алу бағасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Байқау құжаттамасын дайындау кезеңіне қатысты тапсырыс берушінің техникалық ерекшелікті белгілі бір өнім берушіге икемдеу мәселесі бар екені белгілі. Бұл мәселені шешу үшін заңда техникалық ерекшелікті алдын-ала талқылау институты енгізілген. Байқау өтініштерін негізсіз себеппен қайтару әлі күнге дейін мемлекеттік сатып алу саласында ең өзекті мәселе болып қалды", – деп мойындады қаржы министрінің орынбасары.

Оның айтуынша, мұндай деректерге жол бермеу үшін, алдын ала рұқсат беру хаттамасында қарастырылмаған, байқау өтінішін көзделмеген негізбен қабылдамауға тыйым салатын норма заңмен белгіленген. "Сонымен қатар, өтінішті ашқаннан бастап байқауға қатысушылар бір-бірінің байқау құжатын көруге, қабылданбаған және әлеуетті өнім берушіні таңдау себептерін өзара бағалауына болады. Бір көзден сатып алу тәсілі – мемлекеттік сатып алудағы бәсекеліктің төмендеуінің басты сыры болып табылады. Сол себепті бір көзден сатып алу тізімі 63-тен 54-ке қысқартылды", – дейді вице-министр.

 

Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы шағын несиелендіру көкжиегін кеңейтпек

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жобасы әзірленгенін мәлімдеді. Аталған жоба Мемлекет басшысының назарына ұсынылыпты. Жаңа бағдарлама шеңберінде ауылда және қалада шағын несие берудің құралдарын едәуір кеңейту көзделіпті.

Негізгі міндет, вице-министрдің айтуынша, кепіл мүлкі жоқтарды қоса алғанда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз үшін жеке іс ашу және бар бизнесті кеңейту үшін шағын несие алуына мүмкіндік жасау. Шағын несиенің сомасы 6 млн-нан 16 млн теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Кепілсіз 1,5 млн теңге дейін (мүлікті мемлекет кепілдендіреді) беріле береді. Бірінші рет кәсіп ашқан адам үшін 85%-ға дейін, кәсібі бар кәсіпкер үшін 50%-ға дейін несиені кепілдендірудің жаңа құралы енгізілмек.

"Халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздықты азайту мәселесінде кәсіпкерлік маңызды рөл атқарады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат үшін өзекті, олардың саны бүгінгі күні 2,1 млн адамды құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығанды кәсіпкерлікке тарту арқылы біз оны заңдастыра аламыз. Яғни, оның қызметін заңды қыламыз, ең бастысы азаматтардың осы санатын тұрақты жұмыспен және табыспен қамтамасыз ете аламыз. Сондықтан, "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бойынша жеке бағыт іске асырылады. Бағдарлама бағытының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтығанға және жұмыссызға жеңілдік шартымен шағын несие беру арқылы оны кәсіпкерлікке тарту болып табылады", – дейді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, бұл қадам ауылдық жерде жұмыс орнын ашуға (мысалы, адам несие алып өзін жұмыспен қамтиды және жаңа жұмыс орнын ашады), ауылда жеке ісін ашқысы келгендер үшін қаржы ресурстарына қолын жеткізуге, ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беретінін келтірді.

Бағдарлама шеңберінде шағын несие жеке істі ұйымдастыруға және кеңейтуге 3 млн теңгеге дейін, оралмандар мен қоныс аударушылар үшін 5 млн теңгеге дейін, жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыруға 6 млн теңгеге дейін берілмекші. Несие алушы үшін шағын несие 6% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылдан аспайтын мерзімге берілмек. Бұдан басқа, негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі ұсынылмақ.

"Бірінші рет несие алған үміткерді Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту көзделген. Сонымен қатар оған бизнес-жоспар даярлауға көмек көрсетіліп, сосын жыл ішінде оның жобасына сервистік қолдау (бухгалтерлік, заңдық, маркетингтік, консультациялық қызметтер) көрсетіледі.

Өткен жылдарғы тәжірибе бағдарламаға қатысушының шағын несиені ауыл шаруашылығында (79%), оның ішінде басым бөлігін мал шаруашылығында пайдаланатынын көрсетті. Өйткені, бұл ауылдықтар үшін ең түсінікті және дәстүрлі бизнес. Сондықтан, біз биыл тәсілдерді өзгерттік. Біз ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігуді және жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауар өндірісін ашуға ынталандыру үшін несие мөлшерін 6 млн теңгеге дейін ұлғайттық", - деп мәлімдеді вице-министр.

Вице-министрі Біржан Нұрымбетов тиісті нормативтік-құқықтық акт қабылданған соң, игілікті іс барысынан қосымша мәлімет ұсынуға уәде берді.

 

Елдегі басты бизнес-қауымдастық басшыларының өз пікірі қандай?

"Бүгінде түсінгеніміз, 2 күндік қысқа курстар тиімсіз. Сондықтан "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы аясында "Бастау" оқыту тәсілін енгізудеміз. Мұнда бизнес-жаттықтырушы кәсіп ашқысы келгендермен етене жұмыс істеп, бизнес-жоспар жасауға жәрдемдеседі, жобасын сүйемелдейді, бәрін жақсылап жіктеп береді. Тырнақалды жобаның Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында табысты іске асырылғанын атап өткен жөн", – деді "Атамекен" КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.

Ол қаржы табу мәселесін шешу үшін шағын несие көлемін өсіру қажеттігін нұсқады. Бұл мақсатта КҰП 10 млрд теңге сома төңірегіндегі қаржыны игеруге дайын.

"Атамекен" басқармасы төрағасының орынбасары қозғаған тағы бір мәселе, кәсіпкердің мемлекет ұсынған барлық қолдау түріне қол жеткізе алмауы болды. Қазақстан аудандарының бәрінде, оның ішінде шағын қалаларда өкілдіктері бар Ұлттық палата мұқтаж тараптарға үздіксіз қызмет көрсетуге күш салады.

"Атамекен" КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов қазір мүдделі мемлекеттік органдармен бірге, тексеру түрін азайту үшін қажетті іс-шара атқарылып жатқанын айтты.

"Бұл жұмыс біраздан бері жүйелі жүргізіліп келгендіктен, нақты нәтиже бар десек, қателеспейміз. Мәселен, қазір рұқсат беру құжаттарының саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қысқарды. Ал бұл бақылау-қадағалау қызметтерінің ықшамдалғанына айқын дәлел.

Мысалы, кезінде 1115 рұқсат беру-хабарлау түрі болса, бизнес-ахуалды түбегейлі жақсарту үшін бірнеше заң жобасы жасалған соң, Ұлттық палатаның белсенді атсалысуымен үкімет 3 жылда лицензиялар санын 72%-ға төмендетіп, 310-ы ғана қалды.

Қазір біздің күн тәртібіміздегі міндеттерге деген көзқарасымыз басқаша түзілу үстінде. Кәсіпкерді қолдау мазмұнына үңіле түсіп, оның мүддесін құқықтық қамтамасыз ету жағын жаңғыртуға кірістік. Яғни, бизнесменге қойылатын талаптардың қисындылығы қандай деген сауал қызықтырады.

Талдау барысында байқағанымыз, жобалап алғанда, кәсіпкер 28 мың қағидадан ауытқымауы керек екен! Барлық талапты орындау мүмкін емес, оған тырысқан адам шаш етектен шығынға бататыны даусыз. Осы орайда екі саланы, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі қызметтерін жіті таразылауды ұйғардық.

Содан алғашында қоғамдық тамақтану саласында тортты кесіп сатуға тыйым салған, жұмыртқаны темір пышақпен жару, балабақша қоймасының ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде болуы сынды күлкі шақыратын ерсі шарттарға жолығып, Бас прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларымен бірге талқылауды, мекемеаралық жұмыс топтары отырыстарын қолға алдық.

Мұқият қарай келе, талаптардың 80%-ға дерлігін жойған жөн екеніне тоқталдық. Алдымыздағы жылы да ауқымды істер күтіп тұр. Техникалық стандарттар мен регламенттерге, өнеркәсіптік қауіпсіздік жайын саралауға ден қойып, талаптарды ревизиялауды әрі қарай жалғастырмақпыз", – деді Рустам Жүрсінов.

Бұған келіскен сенатор Талғатбек Абайділдин бақылау-қадағалау міндетін атқаратын 61 мемлекеттік мекеменің кәсіпкерді тексеруін тым көбейтіп жіберетінін ескертті. Оның әріптестері Сәрсенбай Еңсегенов, Асхат Күзеков, Елеусін Сағындықов та кәсіпкерлікке қатысты заңдардың жиі өзгеретінін, екінші деңгейлі банк қызметінің тиімсіздігін сынға алып, Байқоңырдағы отандастарымыздың кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігін саралады.

Жалпы Сенат депутаттары "Атамекен" КҰП жұмысына оң бағасын беріп, тың бастамаларға табыс тіледі.

Тәңірберген Арғын

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу