Сенеріміз де, сүйенеріміз де 1 млрд АҚШ доллары

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4269

Теңгенің  долларға қатысты құны қыркүйек айының екінші жартысынан бастап құлдырай бастады. 

Сенеріміз де, сүйенеріміз де 1 млрд АҚШ доллары

Қазан айының алғашқы онкүндігінде бір долларды 345 теңгеге сатып ала алған болсаңыз, қазір 1 АҚШ доллары - 335-336 теңге.  

Сарапшылар теңгенің күтпеген жерден күш алуына Ұлттық банктың жыл аяғына дейін Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларын  сатуға шешім қабылдағаны әсер етті деп отыр. ҰБ төрағасы Данияр Ақышев бұл шешім ел бюджетін Ұлттық қор есебінен трансферлеу қажеттілігінен туындады дейді. Қазан айының екінші онкүндігіндегі теңгенің бірден 10 теңгеге арзандауына бүгін-ертең сатылымға шығарылады деп күтіп отырған 1 млрд АҚШ доллары әсер еткенін, доллардың күтпеген жерден арзандағанын білу үшін қаржыгер болудың қажеті жоқ.  Мамандар мұны валюталық алыпсатарлыққа  ҰБ тарапынан ресми және заңды түрде қайта  есік ашты  деп отыр. 

Ал қаржыгер Ілияс Исаев 1 млрд АҚШ долларын айналымға шығару немесе сату   алыпсатарларға ғана емес, Ұлттық банкке де тиімді дейді. Себебі  ҰБ АҚШ долларын арзан кезінде сатып алған. Қорында артық-ауыс шетел валютасы бар қаржылық ұйымдар да долларды сату арқылы салымшыларының депозитінің пайызын қамтамасыз етеді, үстіндегі  пайдасы тағы бар. Қаржылық ұйымдардың басым көпшілігі АҚШ долларын 316,2 теңге кезінде сатып алған.       

"ҰБ интервенция болатынын қыркүйек айының бас кезінде айтқан. Бірақ мерзімін айтпаған. Сол аралықта АҚШ доллары бірден шамамен 5 теңгеге қымбаттаған. Ұлттық қордағы 1 млрд АҚШ долларының айналымға шығуы  қажеттілікті ғана өтеген жоқ. Долларды арзандатты. Бұл тұста ҰБ бір оқпен екі қоянды атып алғанмен бірдей", – дейді Ілияс Исаев.

Бір аптадан бері сарапшылар арасында "Интервенция теңгеге қалай әсер етті?" деген сұрақтың жауабының салмағы басым болып тұр. Бұл мәміле, олардың пайымдауынша теңгенің тыныс алып алуына мүмкіндік беретін уақытша құбылыс. Бірақ ҰБ төрағасы Данияр Ақышевтың пайымдауынша, ол өзге факторлардың шешімін табуына, айналып келгенде теңге бағамының тұрақталуына әсер ететін фактор.  

"Ұлттық банктің ішкі нарықтағы кезекті  интервенциясына елдегі бензин тапшылығы әсер етті.  Себебі біз ішкі нарыққа бензиннің 80 пайызын Ресейден сатып аламыз. Бұл рубль мен теңге бағасына тікелей  әсер етеді. Тенге мен рубль арасындағы айырмашылық  6 теңгеге жеткен кезде, Ұлттық банк, амалының жоқтығынан долларды айналымыға көптеп шығарып, теңге бағасын тұрақтандыруға шешім шығарды.  Себебі елдегі МӨЗ ішкі нарықтың бензинге деген қажеттілігін қанағаттандыра алмады. Біз бұл ақтаңдақты Ресейден, бензин экспорты арқылы толтыруға тырыстық", – дейді Ілияс Исаев.

Қаржыгер Ерлан Ибрагим бір күннің ішінде шамамен 10 теңгеге дейін  қымбаттаған теңге психологиялық кедергіні  сезініпті. Себебі ішкі нарықтың әсері емес, Ұлттық қор есебінен сатылымға шыққан доллардың әсері. Ашығын айтқанда теңге бағамын нарықтың емес, кенеттен қолдан реттелгенінің әсері.

"Естеріңізде болса, шілде, қыркүйек айында мұнай бағасындағы теңгенің тұрақталуына әсер ете алмаған еді. Сол себепті "Ресей  санкцияны бастан кешіп жатса да рубль бағамы тұрақты. Мұнай бағасы өсіп жатыр. Бұл теңге бағамына оң әсерін тигізуі тиіс еді" деген сауал жауапсыз қалды.  Бұл жолы мұнай бағасында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Ресей рублі де тұрақты.Бұл теңге потенциалының уақыт өткен сайын әлсіреп келе жатқанын, тіпті мұнай бағасының қымбаттағаны да теңгеге әсер ете алмайтынын байқатады. Үкіметтің экономикалық  блогы  уақытша тыныс алумен алданып қалмай, ШОБ немесе ішкі нарыққа қатысты экономикалық саясатты қайта қарау керек", – дейді экономист Ерлан Ибрагим.

Ұлттық банк   2014 -2015 жылдарға дейін теңге бағамын бізге қолайлы курста сақтап тұру үшін 28 млрд АҚШ долларын жұмсағанын әлі ұмытқан жоқпыз. 2015 жылдың 20 тамызынан шекті валюта дәлізі жойылғанда теңге бағамы өзгеруі әлемдік экономиканың ахуалына байланысты болады деп қуандық. Арада өткен екі жылда теңге бағамы шынымен әлемдік экономика немесе сыртқы рейтингтің ахуалына тәуелді болды ма, жоқ Ұлттық банк жасырын болса да оны бізге тиімді немесе елбасыға ақпарат беру үшін тиімді бағада ұстап тұрды ма, бізге ол жағы белгісіз.  Бірақ 2015-2017 жылдардағы теңгеге қатысты щекті валюта дәлізі туралы шынайы ақпараттар біз үшін жабық. Әлеуеті мықты теңгеге тек фундаментальды жағдайлар ғана себеп болады. Мысалы ішкі экономикалық өсімнің индикаторы – ШОБ.  Бізде оның жағдайы белгілі. Сол себепті ҰБ-ның дәл биыл 1 млрд АҚШ долларын айналымға шығаруы ұлттық валютамыздың  әлемдік экономиканың ағымына ілесе алмайтынын дәлелдеді.

"Ұлттық банк болса теңге бағамын  нарықтық жүйемен емес, қолдан реттеп отыр.  Қазіргі жағдайда 1 АҚШ доллары 335 теңге емес, 345 теңгеден жоғары болуы керек. Теңге бағамы мұнай бағасы, Ресейдегі жағдай ғана емес, Ұлттық банктің еркі және тәуекелділігіне де байланысты. Ұлттық Банк саясаты теңге курсына тікелей әсер ететіні белгілі. Бірақ қазіргі таңда, теңгенің тағдырының 80 пайызы сыртқы факторларға тәуелді", – дейді Ерлан Ибрагим.

Осы тұста Ерлан Ибрагим экономикадағы барлық процестер ретсіз, қандай да бір фактордың әсерін тікелей бағалау мүмкін емес екенін айтады. Елдің әлеуметтік жағдайына әсер ететін шешімдер қабылданар тұста билік, құзырлы орындар мен қоғам арасында ақпараттық соғыс басталады. Бұған билік емес, сәуегейлікпен, көріпкелдікпен пікір айтып, шынайы  факторды адастырып жіберетін көріпкел аналитиктер кінәлі  көрінеді.

"Мысалы, бензин, теңге бағамы, девальвация туралы болжамдарда сауатты сараптама маңызды. Бірақ, бізде керісінше. Зерттеу-сараптама орталықтарының үні емес, көріпкел сәуегейшілердің айтқаны маңызды. Мұны тек "ойбай, қырып кетті" деген жеңіл-желпі ақпаратпен күн көріп отырған ақпараттар іліп алып кетеді. Билік пен қоғам арасындағы ақпараттық соғыста жеңісті биліктің қолынан жұлып алатындар да солар. Бұдан кейін үкіметтің теңге бағамы немесе дедолларизация туралы айтқандарына ешкім сенбейді. Теңге бағамына қосымша күш беріп отырған индикатор – ШОБ бізде әлсіз. Сондықтан валютамызды тұрақтандыру үшін  Ресей рублімен де, өзбек-қырғыз сомдарымен де тепе-теңдік ұстап отыру маңызды",– дейді Ерлан Ибрагим.

Осы тұста Ерлан Ибрагим 2015 жылдың тамыз  жылдың тамыз айында  бір рубль 4,8 теңгеден 5,2-ге көтерілгенін және оның ішкі нарыққа әсерін еске түсірді. Тепе-теңдік бұзылғандықтан, Ресейден келетін импорт қымбаттап, отандық өнімдердің бағасына ғана емес, теңгенің курсына да әсер етті. Олар тұрақты болса, бізде де бір қалыпты деңгей сақталады. Мәселен, мұнай бағасының төмендеуі Ресей рубліне әсер етті.  Ресей рублінің бағамы бізге бірден әсер етіп жатыр деуге болады.

"Әлемдік экономика интеграцияға тәуелді. Сондықтан, ішкі факторды сыртқы рейтингпен үйлестіру, соған қарап болжам жасау керек", – дейді Ерлан Ибрагим. 

2016 жылдың екінші тоқсанына дейінгі мәлімет бойынша, жеке меншік сектордың сыртқы қарызы ішкі жалпы өнімнің 95 пайызына жеткен. Дәл сол кезде әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанға шағылысып, елдің рейтингі төмендетілген соң ғана әлемдік қаржы базарларындағы тұрақсыздықтың Қазақстан экономикасына әсер етпеуі мүмкін еместігі және ішкі факторды сыртқы рейтингпен үйлестіре жүргізу қажеттігі үкімет деңгейінде мойындалды.

Жас саясаткер Расул Жұмалының пайымдауынша, үкіметтің жыл басынан бергі шешімдерінен үміт күттірерліктей оң ұстанымдар байқала бастаған. Соның ішінде бөле-жара айтуға тұрарлығы – сыртқы рейтингтермен жұмыс істеу, ішкі жағдайды үйлестіру қажеттігін мойындауы. Мұны жыл жаңалығы деуге де болады.

"Қазір жағдай өте қиын. Елде нан-суын айыра алмай отырған ағайындар бой көрсетіп қалды. Бұған сыртқы факторлар жанама түрде болса да әсер етіп отыр. Үкімет әу баста сыртқы факторлардың қай-қайсысына болса да төтеп бере алады деп біліктілігін тым асыра бағалап, сырттағы құбылыстардың астарына дер кезінде баға бере алмай, соларды ішкі жағдаймен үйлестіре алмай, сан соғып қалды", – дейді жас саясаткер.

Экономист-сарапшы Бейсенбек Зиябеков әңгімесінің әліппесін ішкі жалпы өнімнің өсімі немесе кері кетуі емес, қымбатшылықтан бастады. Себебі соңғы кездері баға өсімінің форс-мажорлық сыйпаты қол жеткен экономикалық өсімді халықтың көз алдында жоққа шығара бастады. Экономист-сарапшы мұның түбірін тереңнен тарқатады.

"Үкімет кей кездері ішкі жалпы өсімнің деңгейіне алданып қалады, сеніп қалады. Оның қарапайым халыққа емес, үркердей топтың пайдасына шешілетінін ескермейді. Үкімет сыртқы рейтингпен ішкі жағдайды үйлестіруді қолға алса, ішкі жалпы өнімның ішкі нарыққа қатыстылығы тұрғысындағы айқындылыққа баса назар аудару қажет. Біз ішкі жалпы өнім бәленбай мың долларға жетті дейміз. Бірақ сол қаржы ел экономикасына емес, мұхиттың аржағындағы елдердің мүддесіне жұмыс істеп жатқанын ел сезіп үлгірді. Үкімет халыққа берген уәде үдесінен шыға білгенде ғана ертеңгі өмірге деген сенімнің керегесі бекитіні ақиқат. Жыл басында Ұлттық банк те, үкімет те инфляция деңгейі 6-7 пайыздан аспайды деп уәде берген еді. Соңғы кездері қарапайым тұрғындар үкіметтің экономикалық саясатының дұрыстығына күмән келтіре бастаған сияқты. Экономикалық саясат күрделі өзгерістерді қажетсінеді", – дейді ол.

Қазір сыртқы-ішкі қаржылық дағдарыстарға төтеп бере алатынбірден өзімізде өндірілетін өнімдердің үлес салмағы 1990 жылдармен салыстырғанда біршама төмендеп кеткендігін, кешегі өндіріс ошақтарының бәрі ойын-сауық орталықтарына, қала берді мейрамханалар мен қонақүйлерге айналып кеткендігін айтады.

"Үкіметтің бұл талпынысы бос сөз болып қала ма деп қорқамын. Себебі ұлттық экономикамыздың 70 пайызы шетелдіктердің қолында. Соларды жарым-жартылай болса мемлекеттендіруді қолға алу қажет. Олай етпейінше сыртқы фактор мен ішкі нарықты үйлестіру біздің дегенімізге бағынбайды", – деп ойын қысқа қайырды.

Сонымен, "Ұлттық қордан ҰБ бөлген 1 млрд АҚШ доллары  үкіметке  ішкі жағдайды сыртқы рейтингпен үйлестіре жүргізу туралы шешім қабылдауына әсер ете ме" деген сұрақтың жауабын келер жылдың алғашқы тоқсанына қалдырайық. 

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу