Кюрасао құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Бар болғаны 156 мың тұрғыны бар бұл арал мемлекеті Исландия орнатқан бұрынғы рекордты жаңартып, әлемдік доданың финалдық кезеңіне алғаш рет қатысу құрметіне ие болды.
Бұл табыста тәжірибелі нидерландылық маман Дик Адвокаттың үлесі зор. Ол Кюрасао ұлттық құрамасын 2024 жылдың қаңтарынан бері жаттықтырады.
Шешуші ойын КОНКАКАФ аймағының 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің алтыншы турында Ямайка құрамасына қарсы өтті. Ямайканың астанасы Кингстондағы "Парк Индепенденс" стадионында 18-нен 19 қарашаға қараған түні өткен матч 0:0 есебімен аяқталды. Осы нәтижеге сәйкес Кюрасао құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама алды.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биыл 19 наурыз күні Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында дәл осы Кюрасао құрамасына қарсы жолдастық матч өткізген. Кездесу 2:0 есебімен Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталған болатын.