Сенсация. Қазақстан құрамасы Бельгиямен тең түсті

123

Темірлан Анарбеков бүгінгі матчтың үздік ойыншысы атанды. 

Сенсация. Қазақстан құрамасы Бельгиямен тең түсті

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Бельгиямен тең түсті. J тобының матчы "Астана Аренада" өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.

Тоғызыншы минутта орталық алаңда қарсыластан допты тартып алған Дастан Сәтпаев жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, айып алаңына енді және Мац Селс қақпасының жақын бұрышын дәл көздеді. "Қайрат" шабуылшысы ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соғып, Қазақстан тарихындағы ең жас гол авторы атанды. Алғашқы тайм Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды - 1:0.

Алайда, екінші таймның басында-ақ қонақтар есепті теңестірді. 48-минутта Ханс Ванакен гол соқты.

Одан кейін бельгиялықтар тағы да гол соғуды діттегендерімен, "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбеков бірнеше қауіпті соққыларды қайтарып, құрамамызды жеңілістен аман алып қалды.

Айта кетейік, 77-минутта Қазақстан құрамасы Ислам Чесноковтың тікелей қызыл қағаз алуына байланысты алаңда он ойыншымен қалды.

Осылайша, Бельгия құрамасы 15 ұпай жинап, J тобында көш бастап тұр. Қонақтардың 2026 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама алуы үшін Астанада жеңіске жетуі қажет еді.

Іріктеудің соңғы матчында Бельгия 18 қараша күні Лихтенштейнмен кездеседі. Ал, бүгінгі ойында бір ұпай иеленген Қазақстан құрамасы үшін бұл іріктеудегі соңғы матч болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу