Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров пен қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджу арасындағы әлем тәжі үшін өтіп жатқан матчтың үшінші партиясы да тең аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Швейцарияның Женева қаласында ұйымдастырылған жарыста бұл жолы өзбек гроссмейстері Синдаров ақ фигуралармен ойнады. Қарсыластар испан партиясының берлин қорғанысын таңдады. Ойын барысында ол уақыт тапшылығына тап болды.
40-жүріс алдындағы уақыт бақылауына дейін оның сағатында небәрі 8 секунд қалған. Соған қарамастан, ол жүрісті уақытында жасап үлгеріп, қосымша 30 минут алды.
Уақыт бақылауынан кейін ойын тыныш эндшпильге ауысты. Тақтада әртүрлі түсті шаршыларда жүретін пілдер қалды. Алдыңғы екі партиямен салыстырғанда тартысты өрбіген ойында гроссмейстерлер 60-жүрістен кейін тең нәтижеге келісті.
Шахматшылар өзара жеңімпазды анықтай алмай, тең тарқасты. Жалпы есеп – 1,5:1,5.
Жарыс ережесі бойынша қарсыластар классикалық уақыт бақылауымен ең көбі 14 партия ойнайды. Чемпиондық белбеуді иелену үшін шахматшылардың бірі 7,5 ұпай жинауы тиіс.
Егер негізгі кезеңде есеп тең қалса, жеңімпаз рапид және блиц форматындағы тай-брейкте анықталады.
Бүгін, 27 қараша – матчтағы алғашқы демалыс күні. Төртінші партия 28 қарашада өтеді. Ол кездесуде үндістандық Гукеш Доммараджу ақ фигуралармен ойнайтын болады.