2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Шахмұрат Мүтәліп Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді

353

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.  

Шахмұрат Мүтәліп Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Шахмұрат Мүтәліп әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы үндеу жариялап, ERG және Integra Construction KZ компанияларымен бірге қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді.   

"Бүгін Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілеріміз қаза тапты. Мемлекет басшысы марқұмдардың отбасына көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды және ертеңгі күнді жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Ең алдымен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде, сондай-ақ кәсіпкер ретінде осынау қайғыны теңдей бөлісуді парызым деп санаймын.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеуін қолдай отырып, ERG және Integra Construction KZ компанияларымен бірге қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден қаржылай көмек бөлінетінін хабарлаймын. Көмек атаулы түрде, мемлекеттік қолдауға қосымша көрсетіледі.  

Ешқандай қаражат ата-анаға баласын қайтармайды, әрине. Бірақ мұндай сәтте бірде-бір отбасы өз қайғысымен жалғыз қалмауы керек. Біздің еліміз қашанда осындай сәтте өзінің бірлігін көрсеткен.

Қаза тапқандардың туған-туыстарына және қарулас жолдастарына көңіл айтамын, оларға сабыр мен төзім тілеймін", – деді Шахмұрат Мүтәліп.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізу кезінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындаған. Каспий теңізінің жағалауында ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілер теңізге кеткен.

Оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тапты, 2 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. 3 әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі қазіргі уақытта ауруханада жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу