"Шахтер" Қазақстан кубогінің жартылай финалында "Тобылды" жеңді

1377

Қос команда жабылып жүріп жеті бірдей гол соқты.

"Шахтер" Қазақстан кубогінің жартылай финалында "Тобылды" жеңді

Қазақстан кубогінің жартылай финалындағы алғашқы матчта "Шахтер" мен "Тобыл" футбол клубтары өзара мықтыны анықтады. "Астана Арена" стадионында өткен матч 5:2 есебімен қарағандылық клубтың пайдасына аяқталды.

Ойынның 8-минутында "Шахтер" шабуылшысы Идрис Умаев есеп ашты. Ал бес минуттан кейін Давид Атанаскоски айып алаңының сыртынан жойқын соққы жасап, Сұлтан Бұсырмановты қапыда қалдырды. Десе де, бірінші тайм аяқталар тұста "Тобыл" капитаны Асхат Тағыберген Рубен Бриджидоның пасынан кейін есеп айырмасын қысқартты. Бірақ араға санаулы секундтар салып, Идрис Умаев дубль авторы атанды.

Екінші тайм бастала салысымен Давид Мавутор қақпашының қателігін сәтті пайдаланып, командасының төртінші голын соқты. Ал қосалқы құрамнан шыққан Сергей Малыйдың пасын өз пайдасына жаратқан Игорь Сергеев есепті 4:2 қылды. 88-минутта Сергей Малый допты қарсыласына беріп қойды. Ал Айдос Тәттібаев ойынның нүктесін қойды

Айта кетейік, қос команда арасындағы жауапты кездесу 21 қараша күні Қостанайда өтеді.

Сондай-ақ жексенбі, 7 қарашада елордада "Астана" мен "Қайрат" арасындағы екінші жартылай финалдық бәсекенің алғашқы ойыны өтеді. "Астана" бұл матчқа бас бапкерсіз қатысады. Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік комитеті Андрей Тихоновты қазан айында "Қайратпен" өткен ел чемпионатындағы матчта команданың алаңнан кеткені үшін екі жылға ойындардан шеттетті. Содан кейін команда басшылығы ресейлік маманмен қоштасу туралы шешім қабылдады. "Астананың" бас бапкерінің міндетін атқарушы болып Тихоновтың көмекшісі Владимир Ежуров тағайындалды. Ол команданы Қазақстан кубогының жартылай финалдық кездесулеріне дайындайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу