banner

"Шахтер" мен "Қайрат" Қазақстан кубогінің жартылай финалына шықты

1123

Қазақстан кубогінің финалы 28 қараша күні өтеді.

"Шахтер" мен "Қайрат" Қазақстан кубогінің жартылай финалына шықты

Бүгін "Шахтер" Қазақстан кубогінің 1/4 финалында "Таразбен" кездесті. Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өткен қарымта матч 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Ойынның 26-минутында Давид Атанаскоски "Тараз" қақпашысынан кері серпілген допты ашық қақпаға бағыттап, командасын алға шығарды. 39-минутта Эдин Рустемовичтен допты тартып алған Әлішер Сүлей алыстан соққы жасап, таразы басын теңестірді. Ал 59-минутта Эдиннің айып добынан асырған пасын Мартин Тошев өз пайдасына жаратты. Ойынның қосымша уақытында Айдос Тәттібаев матчтың нүктесін қойды. "Кеншілер" жартылай финалда "Тобылмен" шеберлік байқасады.

Сондай-ақ Қазақстан кубогінің ширек финалында "Қайсар" мен "Қайрат" өзара мықтыны анықтады. Матч Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өтіп, 0:2 есебімен аяқталды.

Кездесудің 76-минутында алаңға қосалқы құрамнан шыққан Вагнер Лав есеп ашты. Бұрыштамадан асырылған доп Нұралы Әліптің басына тиіп бразилиялық шабуылшының аяғына дөп келді. Ал Вагнер қақпаны көздеуде еш қателеспеді. Ойынның аяқталуына үш минут қалғанда Артур Шушеначев қақпашымен жеке-дара шығып, есепті еселеді.

Айта кетейік, жартылай финалда "Астана" командасы "Қайратқа" қарсылас атанса, "Шахтер" командасы "Тобылмен" кездеседі. Алғашқы матчтар 6-7 қарашаға, қарымта матчтар 20 қарашаға жоспарланған. Ал Қазақстан кубогінің финалы 28 қараша күні өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу