"Шахтер" жастарын жеңген "Тобыл" турнирлік кестеде көш бастады

1170

25-тур аясында бүгін 7 кездесу өтті.

"Шахтер" жастарын жеңген "Тобыл" турнирлік кестеде көш бастады

"Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасының 25-тур аясында "Шахтермен" кездесті. Матч Қостанайдағы "Тобыл Арена" стадионында өтіп, 4:1 есебімен аяқталды. Ойынның 16-минутында Александр Марочкин "Шахтер" қақпасынан саңылау тапты. Он бес минуттан кейін Игорь Сергеев есепті еселеді. Ал 56-минутта команда капитаны Азат Нұрғалиев бұрыштама добынан кейін командасының үшінші голын соқты. Ойынның аяқталуына жеті минут қалғанда қосалқы құрамнан шыққан Элгуджа Лобжанидзе матчтың нүктесін қойғандай көрінген еді. 87-минутта Андрей Гиоргиади "Шахтердің" жұбаныш голын соқты. Бұл жеңістен кейін Александр Москаленко шәкірттері 58 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Қарағандылық ұжым 30 ұпаймен тоғызыншы орында қалды.

Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында "Қайрат" пен "Астана" үш ұпайды сарапқа салды. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды 8-минутта Небойша Косович соқты. Ян Вопоговскийдің қапиалдан асырған пасы "Астана" ойыншысына тиіп, айып алаңында қалды. Ал бұл допқа біріншң болып жеткен черногориялық футболшы матч тағдырын шешіп кетті. Алматылық клуб бұл ойыннан кейін 50 ұпаймен үшінші орында қалды. Андрей Тихонов шәкірттері 56 ұпаймен екінші орынға түсіп қалды.   

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының 25-туры аясында "Ақтөбені" қабылдады. Матч "Түркістан Арена" стадионында өтіп, 1:2 есебімен ақтөбелік команданың пайдасына шешілді. Кездесудің 18-минутында "Ақтөбенің" жартылай қорғаушысы Эрвейн Мукам есеп ашты. Бірақ 36-минутта "Тұран" шабуылшысы Темірлан Әміров қарымта голды соқты. Дегенмен 66-минутта Темірлан Ерланов айып добын тамаша орындап, командасына жеңіс сыйлады. Үш ұпайды қоржынға салған "Ақтөбе" алтыншы орынға көтерілді (33 ұпай). 25 ұпайы бар түркістандық клуб он екінші орыннан тапжылмады.

"Тараз" Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында "Ордабасымен" кездесті. Матч Тараздағы Орталық стадионда өтіп, 1:2 есебімен шымкенттік клуб жеңіске жетті. Кездесудің 27-минутында Абдуллай Диакате алғашқы голды соқты. Ал бес минуттан кейін Карам Сұлтанов "Ордабасының" есептегі басымдығын нығайтты. Десе де, 78-минутта Арман Нүсіп мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты. Жеңіске жеткен шымкенттік ұжым 38 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. Жамбылдық клуб 29 ұпаймен оныншы орынға жайғасты.

"Атырау" Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында "Қызыл-Жарды" қабылдады. Матч Атыраудағы "Мұнайшы" стадионында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Алаң иелері Мирослав Лобанцев қорғаған қақпаға небәрі бір ғана дәл соққы жасады. Ал петропавлдық клубтың ойыншылары қақпаны төрт мәрте тура көздеген екен. Бір ұпайды қоржынға салған "Атырау" он бірінші орынға табан тіреді (28 ұпай). Ал Андрей Карпович шәкірттері 36 ұпаймен бесінші орынға сырғыды.

Қазақстан Премьер-лигасының 25-турында "Каспий" мен "Ақжайық" өзара мықтыны анықтады. Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Ойынның 15-минутында Алексей Залеский есеп ашты. 30-минутта дәл осы футболшы пенальтиден мүлт кетпей, командасының екінші голын соқты. Оралдық клуб екінші тайм бастала салысымен есепті қысқартты. Бұл жолы Алексей Чичиков мергендігімен көзге түсті. Ал 69-минутта Михаил Гащенков таразы басын теңестіріп кетті. "Ақжайық" бұл ойыннан кейін 32 ұпаймен жетінші орынға тұрақтады. 29 ұпайы бар "Каспий" екі саты төменде тұр.

Қазақстан Премьер-лигасының 25-туры аясында "Қайсар" мен "Жетісу" клубтары үш ұпайды сарапқа салды. Матч Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өтіп, 0:1 есебімен талдықорғандық клуб жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз әрі шешуші голды 38-минутта "Жетісу" футболшысы Артем Дмитриев соқты. Оның айып алаңының сыртынан бағыттаған соққысы қақпа торынан табылды. Ал 59-минутта "Қайсар" қорғаушысы Ілияс Әмірсейтов екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылды. Үш ұпайды қоржынға салған Ринат Алюетов шәкірттері 15 ұпаймен ең соңғы орында қалды. 16 ұпайы бар қызылордалық ұжым бір саты жоғары тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу