Шайдоров: 5 ай төленбеген жалақымды алсам қайырымдылыққа жұмсаймын

146

Олимпиада чемпионы бұл туралы Threads парақшасына жазды.  

Шайдоров: 5 ай төленбеген жалақымды алсам қайырымдылыққа жұмсаймын Фото: olympic.kz

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров спорт саласындағы шенеуніктердің төлемдер мен келісімшартқа қатысты пікірлеріне жауап қайтарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Спортшы алдымен өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтып, мемлекеттік органдармен ашық тартысқа түскісі келмейтінін, алайда өзінің атына айтылған пікірлерге үнсіз қалмайтынын жеткізді.

Михаилдың сөзінше, ол 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алғаннан кейін "ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері" нормативін орындаған. Алайда осы күнге дейін тиісті куәлігі қолына тимеген.

– Түсініктеме бергім келеді. Иә, бүгінгі күнге дейін маған "Еңбек сіңірген спорт шебері" куәлігі табысталған жоқ. Мен барлық рәсімдерден өттім, бірақ құжатты алмадым. Маған арнап қызыл кілем төсеп қажет емес, оны пошта арқылы конвертпен жіберсе де алар едім. Бұл куәлік – менің он жылдық еңбегімнің нәтижесі, жетістігім мен мұрам, – деп жазды Михаил Шайдоров Threads парақшасында.

Шайдоров Олимпиада ойындары үшін берілетін сыйақылардың кешігуіне қатысты наразылығы жоғын айтты. Оның сөзінше, мұндай рәсімдер уақыт алады және тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына сенімді.

Спортшы министрлік жауабында өмір бойы төленетін төлемдер туралы айтылған мәліметтерде сәйкессіздік барын айтты.

– Министрлік жауап беруге асыққан сияқты, себебі бұл ақпарат толық емес. Мен бұл төлемдерді тек 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда ғана ала аламын. Қазір небәрі 21 жастамын. Сондықтан қазір бұл төлемдерге үміт артпаймын. Болашақта ондай еңбек өтілін жинақтауым мүмкін. Бірақ, әзірге бұл туралы айту ерте, – деді ол.

М.Шайдоров жаңа келісімшартқа қатысты пікір білдіріп, командасы тек бір тармақты қайта қарауды сұрағанын айтты. Оның сөзінше, құжатта 2030 жылғы Олимпиадада міндетті түрде жеңіске жету туралы талап көрсетілген.

– Біз командамен бірге заңдық тұрғыдан осы тармақты қайта қарауды ғана сұрадық. Өйткені бұл қисынсыз талап. Мен 2026 жылы тек төрт жылдан кейін өтетін Олимпиаданы ұта алмаймын ғой. Біз заңгерлерге сұрақ жолдадық, тармақты қайта қарауды өтіндік. Бірақ бүгінге дейін бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқандай жағдай болған жоқ, – деді олимпиада чемпионы.

Мәнерлеп сырғанаушы жазбасының соңында спорт шенеуніктері барлық қарыздарын жауып, 5 айдан бері кешіктірілген жалақысын толық төлеcе қаражатты түгелдей қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеді.

– Маған тиесілі барлық төлемдер берілген соң, бұл қаражаттың барлығын Балаларды қорғау күніне орай мұқтаж балаларға көмек көрсетуге аударамын, – деді Шайдоров.

Айта кетейік, осыған дейін тиісті министрлікке қарасты спортты дамыту дирекциясы спортшының жалақысына қатысты ресми мәлімдеме жасаған еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу