Шалқия маңы - шашылған қалдық

3721

Байқоңырда ғарыш кемесі ұшырылған бойда Сыр өңірінде апталап соғатын Арыстанды-Қарабастың желі басталды.

Шалқия маңы - шашылған қалдық

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Шалқия кентінде қаңыраған үйлер тұрғындардың ұйқысын қашырып, балалардың үрейін ұшырады. Қапырық ыстықта ұйтқи соққан дауылдың салдарынан кеніш қалдықтарының исі тұрғындардың есін тандыруда.

Еншісі бөлінбеген Шалқия кенті мен Құттықожа ауылында 510 отбасында 3100 адам  тұрады. Қазіргі кезде кеніште 700 жұмыскер еңбек етсе, оның 250-ге жуығы жергілікті тұрғын. Алайда осы екі ауылдың ортасындағы көне Шалқияның орны соғыс ошағы іспетті қирандылардың көмбесіне айналған. 

1992 жылға дейін Шалқия кеніші дүрілдеген тұста осы маңда мәскеулік тағаммен қамтылған әмбебеп дүкен, сегіз жатақхана, 16 коттедж үлгісіндегі үйлер, көп қабатты тұрғын үйлер болған.

"Мұның бәрі 1980 жылдары салынған үйлер. 16 пәтерлік үйде  төрт отбасы тұрады. Қалғанының есік-терезелері сынған. Бос. Бірақ түгел иелері бар. Суды сырттан тасып ішеміз. Екі күннен бері трансформатор қосылмай, жарықсыз отырдық. Жарық болмағасын, түнде мал ұрлығы көп. Жаңақорған ауданына қарасты Шалқия кентінің әкімшілігіне қарайды. Су, жарық болмай қалса әкімге хабарласамыз. Олар ауданға сілтейді. Аудан "Шалқия" цинк" ЛТД" компаниясына сілтейді", –  дейді осы үйдің тұрғыны Ерлан Әбдішев. 

Шахтада жиырма жыл жұмыс істеген зейнеткер Қалкөз Досановтың айтуынша, тұрғындарды көшіру туралы әңгіме жоқ. 

Шалқия кенішінде медбике болып 12 жыл қызмет еткен Бибараба Бейімбетова басшылардың ең болмаса кеншілер күніне келіп құттықтап кетпейтіндігіне налиды.

Құттықожа ауылында туып өскен Мейірбек Жорабаев кеніштің 2014 жылы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ қарамағына өткеннен кейін оңала бастағандығын айтады.

"Жаңа техникалар келіп, жұмысшылар тартылуда. Айлығы уақтылы. Инвесторлар келіп-кетіп жатыр. Қазір неміс пен қытай компаниялары қызығып отыр", - дейді.

Осы көне кентпен іргелес қазіргі Шалқия кентінің аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің саны алтау. Қаңыраған көп үйлердің иелері кеніш жұмысы тоқтаған соң жан-жаққа көшіп кеткен. Бірақ үйлерін "арзан бағаға бергісі келмей, кеніш қайта аяғынан тұрса, қайтып келерміз" деген оймен өз аттарында қалдырған.

Шалқия кентінің учаскелік инспекторы Марат Исмайловтың айтуынша, бұл үйлерді жан-жақтан көшіп келген, өмірде жолы болмағандар мекендейді. Әкімдік пен полиция бірлесіп тұрақты рейдтер жасайды. Көпқабатты бос, қараңғы  үйлердің ішінде түні бойы тентектер мен есірткіге елтігендер жайлайды. Өткен жылы шілденің 18-інде көпқабатты үйдің кіреберісінде 30-дағы Бауыржан Дүйсембеков деген жігіт 12 жасар қыз баланы зорлап, басын мылжалап өлтірген. Шалқия тұрғындары ашық сот өткізіп, қылмыскерді  24 жылға жазаға тартқызды.

Көне Шалқияның тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Жайылым күн санап тарылуда. Ауылға таяу тұрған "Қыран" ЖШС, "БИС" цемент зауыты, "Аленс" асфальт зауыттары экологиялық талаптарды ескермейді. 

Қошқаров Әлімжан: "Шалқияның тұрғынымын. Жасым алпыста. Мал шаруашылығымен айналысамыз. Таудың көктемгі қар суы ағатын арнасын мына "Қыран" ЖШС қиыршық зауыты тоғанға балық өсіру мақсатында екі метрдей тереңдікте ұзындығы екі шақырымдай шұқыр қазып бекітіп, соған малдарымыз құлауда. Қиыршық, цемент зауыттарынан шаң көтеріліп, жусан жеген малдарымыз туберкулез секілді айықпас ауруға ұшырап жатыр. "Бізді ешкім жұмысқа қабылдамайды. Біздің малымызды сақтап қалуды жайын жасасаңыз" деп ауыл әкімі Мәулен Сабырхановқа үш рет кірдік. Шырылдап-шырылдап қойдық",– дейді.

Шалқия кентінің әкімі Мәулен Сабырхановтың айтуынша, көне кент пен қазіргі Шалқия кентіндегі көп қабатты үйлердің барлығының иесі бар. Олардың жекеменшік туралы конституциялық құқығын бұзуға әкімдіктің құзыры жүрмейді. Бірқатарымен сот арқылы дауласқанда да, "егер де кеніш қайта жұмыс істейтін болса, қайтып келеміз. Үйімізді сатпаймыз" деген соң, сот ешқандай шара қолдана алмаған.

"Шалқия Цинк ЛТД" АҚ бас директорының бұқарамен байланыс жөніндегі кеңесшісі Нәжмуддин Мұсабаев: "Өндіріс орны тоқырап қалған тұста өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар комбинат іске қосылса, қайта оралады",– дейді.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу