Шаруа арадағы делдалдардан шаршағанын айтады

2125

Алып алма бағының иесі, мемлекет шұғыл шараларды қолға алмаса, алыпсатарлар бой бермей кетеді деп қауіптенеді.

Шаруа арадағы делдалдардан шаршағанын айтады

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында орналасқан "Амангелді" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Құралов, әр үйге отандық экологиялық таза жеміс жеткізуге мүмкіндіктің барына сендіреді. Бірақ бірқатар кедергі агроөнеркәсіп корпорациясының жұмысына кедергі келтіріп отыр.

"Бағаны удай қымбаттатып, халықты қинайтын алыпсатарлар болмаса, отандастарымызды арзан алма-жүзімге қарқ ете алатынымыз рас. Жәшіктеп тұрып сатуға құлшынысымыз зор. Алайда өкінішке қарай, арадағы делдалдардың әрекетінен өндіруші мен тұтынушы зардап шегеді. Ал біз өткізу нарығын кеңейткіміз келеді. Барлық азаматқа ағзаға пайдалы табиғи тағамның қолжетімді болғанын қалаймыз. Жұрттың бәрі қазір гипермаркетте сауда жасайды. Біздің мақсат – жыл он екі ай тұтынушыға экологиялық таза өнім ұсыну. Арзан бағамен. Ол үшін барлық жағдай жасалған. 2 мың тонналық тоңазытқыштар тура бақшаның басында орнатылды. Жалпы 500 гектар жердің 150 гектарына жүзім егілді, қалған алқапта алма ағашын өсіріп, алхоры, алмұрт сияқты жеміс түрлері бапталады", – дейді Нұрлан Құралов.

Бұрын бизнесті бастағанда жас ағаш көшеттерін шетелден, Түркия, Италия елдерінен іздеп әуреге түскен шаруа қожалығы қазір өзі өсірген тұқым қорын өзге әріптестеріне бере алатынын айтады.

Білікті шаруа суармалы жерде бау-бақша баптаудың тиімді екенін айтты. Себебі үкімет тамшылатып суару мен көшет сатып алу қызметіне жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеп береді екен.

"Қазір жеміс мол. Жылына саналуан сұрыптағы 1000 тонна жүзім, 2000 тонна алма өсіріп, Ресейге де экспорттаймыз. Банан мен ананастан басқасының бәрі бар (күледі). Алатын өнім мөлшерін арттырдық. Құдайға шүкір, "Атамекендегі" алқалы кеңестен соң, Астана қаласындағы "Кең-mart" сауда үйінің сөрелеріне төмен бағамен өнімдеріміз қойылып, тұтынушыларын қуантып отыр. Бірнеше гипермаркетпен келісімге келдік. Оларға жеміс жеткізіп беріп отырамыз. Бірақ "Анвар", "Galmart" іспетті сауда орындарының салатын маржасы тым жоғары. Соның кесірінен бағасы шарықтап кетіп жатыр. Мысалы, импорттық Аргентина алмасы 1000 теңге тұрса, жергілікті 300 теңгелік алманың құны да қалта көтерерлік, құрамы да түрлі затқа бай, сапасы жақсы. Қанша дегенмен, өз жерімізде өскен өнім. Бірақ еш жерде бұл отандық жүзім екені жарияланбайды. Тұтынушыға ескертпе жасалмайды. Теледидардан ұдайы насихат жасалса. "Atameken business channel" бизнес арнасының ашылғаны жақсы болды, өте қажет кеңеске құлақ түріп, сала жаңалықтарын тамашалап отырамыз", – дейді серіктестік басшысы.

Отандық өсімдік шаруашылығы саласының тәжірибелі өкілі ретінде, ол бүгінде қалыптасқан өзекті мәселелердің қатарында бірінші түйткіл деп зейнет жасына толған агрономдарды алмастыратын білікті кадр жағы тапшы екеніне қынжылды. 500 адамдық жұмыс орны болғанымен, бұл кәсіп маусымдық сипатқа ие болғандықтан, қыс мезгілінде үш айға босаған жұмысшылар жан-жаққа шашырап, кадр тұрақсыздығы туындайды екен. Шаруаның пікірінше, "Дипломмен ауылға" тәрізді бағдарламалар саланы толық қамтып отырған жоқ, мұнда көбінесе мұғалімдер мен дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге көңіл бөлінеді. Демек бағдарламаны қайта қарастырып, ауылдағы зәру мамандықтарды енгізу керек. Қалаға аңсары ауып тұратын жастарды ынталандырмаса, ауылда қалғысы келмейтіні аян. Бұл тұста колледж-университеттермен бірлесіп іске асырылатын дуальды оқыту жүйесі көп жеңілдік беріп отыр.

"Әңгіме басында айтқандай, екінші алаңдататын жағдай, өнімді өткізудегі кедергілер. Қоймадан 100 теңгеге берген жеміс базар, дүкенге жеткенде 500 теңгеден саудаланып, елді үркітеді. Жылыжайда өсетін қияр бағасының сауда нүктелерінде мың теңгеден асып кететінін көріп, жағамды ұстадым. Әлбетте бұқара халық бұған наразы. Өзің көлікке тиеп барсаң, әдейі шет жағынан халық бармайтын елеусіз орын ұсынып, саудаң жүрмейтіндей етеді. Заңнамалық тұрғыда жағдайды түбегейлі өзгертпесе, жақсылыққа апармайды. Мемлекет шара қолданбаса болмайды. Делдалдар "жер төсін емген" ауылдағы ағайын секілді тер төгіп, адал еңбек еткісі келмейді. Бәрінің көздейтіні, тез әрі оңай табыс табу. Кешегі "бір жәшік алма беріңізші, сатып келейін" деп жүгіріп жүргендер бүгінде әбден күшейіп, өзімізге бұйырып, нұсқау жасайды", – деп ашығын жайып салды Нұрлан Құралов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу