Дегенмен әлемде қалыптасқан жағдай – ауыл шаруашылығын жай диқан есебінен дамыту мүмкін емес. Мемлекеттің қолдауынсыз саланың алға басуы қиын.
Жалпы, қазіргі астық жинау науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдары салаға қатысты көптеген позитивті тұстарды жазуда. Әрине, оны жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Ұлттық банк биыл 1 шілдеге дейін шаруалардың 556,3 млрд теңге қарыз алып үлгергенін жария етті. Былтырғыға қарағанда 10,8 пайызға көп. Яғни, диқандарды қаржыландыру артты деп есептеуге болады. Елдегі агроөнеркәсіптің 70 пайызы мемлекет есебінен қолдау табатыны белгілі.
Екіншіден, 2024 жылы Қазақстанда 8 трлн 250 млрд теңгенің өнімі өндірілгені мәлім болды. Былтыр диқандар 26,5 млн тонна астық бастырып, жемісті жылдың бірі саналды. Ал биыл қыркүйектің ортасына дейін 11,6 млн тонна астық алынды. Бұл – жалпы егіннің шамамен 48 пайыздан астамы екен. Сонда жыл қорытындысында 24 млн тоннадай астық бастырылады деп болжауға болады.
Осындай жетістіктерге қарамастан, Қазақстанның астық өндірісінде кем-кетіктер жоқ емес. Соның әуелгісі, өнім мол болғанымен, экспорттың қиындығы. Былтыр Сауда және интеграция министрлігі еліміз 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Алайда Қазақстан орта есеппен жыл сайын 8-9 млн тонна деңгейінде келеді.
Жоспарда Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн тонна бидай жеткізу қарастырылды. Ал Қытайға экспорт көлемін 1,6 млн тоннаға дейін арттыру жайы айтылды. Дегенмен Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары әлі де қиын болып тұрғанын ведомство өкілдері мойындады.
Жаһандық сұраныстың артуы мен өнімділіктің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты ЕО елдері маңызды нарық болып отыр. Жалпы, Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттау мүмкіндігі бар. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру үшін сауда және логистика мәселелері қаралуда. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмысы басталған.
Қай нарық болса да, Қазақстан астығын жеткізуге әзір. Бірақ жол шығыны деген дүние бар. Әлемдегі геосаяси ахуалдар тасымалды кей кезде ойдағыдай етпейді. "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев бізге осыған дейін екі түрлі жайт кедергі екенін түсіндірген болатын.
– Алыс-жақын елдерге астық жеткізуге болар еді, алайда теңіз порттары бізден тым алшақ. Егер Үкімет жол шығындарын төлеп беріп отырса, шаруаларға мүмкіндік ашылады. Бірақ шығын өтеле ме, белгісіз. Мәселен, кейде 1 тонна бидайдың құны 100 доллардан аспай жатады. 1 вагонға әрі кетсе 60 тонна бидай артылады. Яғни, 1 вагон бидайдың құны бар болғаны – 6 000 доллар, – дейді ол.
Бұған қоса қазақстандық бидайдың сапасы да керемет емес. 3-сортты былай қойғанда, биыл еліміздегі бидайдың басым бөлігі 4 немесе 5-сорт болып шыққан. Дамыған елдер бұл сорттағы өнімді тек мал азығы ретінде пайдаланады. Әрине, Таяу Шығыс елдері, Ауғанстан аталған сорттағы бидайды ала береді. Дегенмен шаруалар жердің құнарлығын алдын ала бағаламағаны білінген.
– Кезінде кәсіпкерлер егін егудің табысы көп екенін білді де, бірыңғай осы салаға бет бұрды. Енді құр егінмен шектелмей, қосымша мал шаруашылығын қолға алғаны абзал. Сол кезде үйлесімділік болып, шығынның орнын толтыра алар еді. Одан әрі терең өңдеуді жолға қойса, әйтпесе қазір тек шикізатпен шектеліп отырғанын өздері де біледі. Шынында, дайын өнім ұсына алмады. Былтыр кәсіпкерлер 1 гектар жерге бидай егіп, өсіріп, жинауға орта есеппен 100 мың теңге шығындалған. Әр гектардан 15-18 центнерден өнім жинағанда 55-60 мың теңге тапқан. Яғни, әр гектар үшін 40-45 мың теңге минусқа кеткен, – деді Ербол Есенеев.
Жол тосатын кезекті мәселе, қаржы. Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов диқандардың қаржылық қиындығын, оңтүстіктегі көршілеріміз жақсы пайдаланып үлгергенін айтады.
Мысалы, былтыр Үкімет шаруаларға 15 желтоқсанға дейін несиелерін қайтаруды талап етті. Мұндай қыспақта барлық диқандар қамбада жатқан астығын сатуға асығады. Ал бір мезгілде ұсыныс көбейген соң нарықтағы баға төмендейді. Осы сәтті көрші Тәжікстан жақсы пайдаланып үйренген, астығын өткізуге асыққан шаруаны арзан бағаға көндіріп, өнімнің көп бөлігін алып кетеді.
Жыл сайын нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алу тәжірибесі бар. Дегенмен мөлшері көңіл көншітпейді, жүз мыңдаған тонна бүтін елдегі диқандардың шаруасын шешпейтіні анық. Сондықтан кемі 3 млн тонна сатып алу керегін сарапшылар талай айтқан. Әзірге биыл егін жинау науқаны толық бітпей отыр, аяқталған кезде осы мәселелер қайта жол тосуы мүмкін.
Былтыр еліміз агроөнеркәсіпті дамытуға 580 млрд теңге бөлді. Биыл сома 750 млрд теңгеге ұлғайтылды. Алайда бөлінген ақшаның көздеген жерге жетуі қиын. Мысалы, бөлінген қаржы уақытында аударылмай, жеткілікті мөлшерде келмей жатады.
– Түсінген адамға мал өсіру, дәнді дақыл егу басқа кәсіптер секілді 1 жылда нәтиже бере қоятын іс емес. Мәселен, мал шаруашылығының табысқа шығуы кемі 3 жыл уақытты алады. Дәнді дақыл егу тіпті қиын, кез келген уақытта қуаңшылық болуы мүмкін. Былтыр тиісті ақша шаруаларға тым кешігіп жетті, 140 млрд теңгесі жыл басында түсті де, қалғаны жазға қалды. Диқандар ертерек қамдануы керек, көктемде егін салып, үздіксіз баптауға тиіс, – деді Мәуленов.
Бұндай жағдай ауыл шаруашылығы техникаларына да қатысты болған. Көктем басталмай өтініш берген шаруалардың техникасы жаз ортасында бір-ақ мақұлданған.
Ал субсидияға қатысты дау көп өңірден шығып жатыр. Мұнда анық көрінген бір дүние – жемқорлық жайы. Жауаптыларға бұл мәселені толықтай қайта қарау керек екені ескертілген. Инвестиция жағдайы да оңып тұрған жоқ. Былтыр алғашқы 6 айда салаға тартылған инвестиция 20 пайызға жуық азайғаны мәлім болды.
– Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция тарту тәуекелге, қаржылық тұрғыда қаупі бар іс саналады. Бір ғана ауа райының қолайсыздығын айтсақ жеткілікті. Аяқ асты құрғақшылық болса немесе жауын-шашын артық түсіп, кері әсер етсе, еккен егін, төккен тердің ақталарына ешкім кепілдік бермейді. Менің ойымша, инвестициялардың басым бөлігін қайта өңдеу саласы жағына қарай бұрған жөн. Мысалы, бидайдан крахмал, спирт тәрізді бірнеше өнім шығады. Малдың терісін, жүнін өңдеп, пайданы еселеуге болады. Көрдіңіз бе, инвестицияны қайта өңдеу саласына қажетті технологияларды сатып алуға, инновацияларды жетілдіруге жұмсаған абзал, – деп есептейді Әупар Мәуленов.
Алайда қайта өңдеу саласының жайы көпке белгілі. Еліміз қарапайым мал терісі мен жүнін де пайдаға жарата алмай отырғаны жасырын емес. Бұл жөнінде талай айтылды, жазылды. Мұнай секілді астықты да шикізат күйінде экспорттаудан әрі аса алмай келеміз.