Шаруаларды биыл да үлкен қиындықтар күтіп тұр

2435

Көктемгі егістік дегенде есімізге бірінші бидай түсетіні рас.

Шаруаларды биыл да үлкен қиындықтар күтіп тұр Фото: canva.com

Өйткені, ол – еліміздің басты мақтанышы. Тіпті мұнай мен газдан кейінгі стратегиялық маңызға ие маңызды тауар. Десе де одан да өзге дәнді дақылдар, майлы дақылдар, өндірістік дақылдар және көкөністер бар. Алдымызда жаңа егістік науқаны тұр. Ендеше еліміз оған дайын ба?

Министрлік баяндамасында мін жоқ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылы еліміздегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 24,1 миллион гектар болмақ, яки былтырмен салыстырғанда 5,2 мың гектарға артық. Соның ішінде картоп, күнбағыс сынды одан да өзге әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен дақылдарды егу телімдері көбейтілген. Моно дақылдарды азайту іс-шарасы жалғасуда. Мәселен, бидай алқабы 64,3 мың гектарға азайған. Ал күнбағыс, мақсары және қыша сияқты майлы дақылдар егілетін жер көлемі 52,2 мың гектарға артпақ. Сүт шаруашылығын дамыта түсу мақсатында жем-шөп дақылдарының алаңын тағы 3,2 мың гектарға, яки барлығы 62,5 гектарға кеңейту жоспарлануда.

Сонымен қатар суды көп қажет ететін дақылдарды егу алқабы қысқартылуда. Биыл күріш 4,7 мыңға азайтылып, 95,6 мың гектарға, ал мақта 16,4 мыңға азайтылып 100 мың гектарға егілмек.

"Маңызды мәселелердің бірі – тұқым материалымен қамтамасыз ету. Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша 2024 жылғы егін егуге 2,4 млн тонна тұқым қажет. 15 қаңтардағы мәлімет бойынша оның 92%-ы дайын, яки фермерлер 2,2 млн тонна тұқым қорын құрған. Сараптамаға жаздық дақылдардың 1,4 млн тонна тұқымы түскен. Оның тексерілген көлемінің  79,1%-ы кондицияланған деп танылды және егу стандартының 1 және 2-ші класына сәйкес келеді. Ал минералды тыңайтқыштарға келсек, биылға қажет 718,8 мың тоннаның 400 мың тоннасы, яки 56%-ы аммиак селитрасы мен аммофос сынды отандық өнімдер. Агротехникалар туралы айтсақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 149,8 мың трактор, 4,9 мыңнан астам егіс кешендері, 76 мың тұқым сепкіш және 219 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Олар қазір 80%-ға дайын, ал жаппай егіс науқаны басталғанға дейін 100% дайын болмақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер арзандатылған дизель отынының қажетті көлемімен қамтамасыз етілетін болады. Бұл дегеніміз 340 мың тонна. Олар нарықтағы бағадан 15%-ға арзан, яки литріне 250 теңгеден берілмек", – дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттерден субсидия ретінде тұқым шаруашылығына 12,8 млрд, минералды тыңайтқыштарға 32,5 млрд, ал пестицидтерге 33,7 млрд теңге қарастырылған.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін былтырғыдай "Кең дала" бағдарламасы бойынша көктемгі науқанды қаржыландыруға 140 млрд теңге көзделген.

Сондай-ақ форвардтық сатып алу бағдарламасын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Осы мақсатта "Азық-түлік корпорациясының" жарғылық капиталын ұлғайтуға 40 млрд теңге қарастырылған. Ал жалпы барлық жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін Республикалық жедел штаб құрылмақ.

Шаруалардың проблемасы шаш-етектен

Ауыл шаруашылығы министрлігі дайынбыз дегенмен де, шаруаларда шешілмеген мәселе көп. Оның басым бөлігі қаржыға қатысты. Өйткені, сала толық қаржыландырылмайды. Неше жылдардан бері созылып келе жатқан бұл практика еліміздің ауыл шаруашылық саласын шығар-шықпас жаны бар күйге әкеп қойды.

Мәселен, астық өндіруге жұмсалатын шығындар жыл сайын 25-40%-ға өседі. Ал астықтың өзінің нарықтағы бағасы өспейді. Соның кесірінен шығымы да азайып келеді. Бір сөзбен айтқанда өзіндік құны жоғары болғандықтан отандық өнімнің ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілігін өте төмен. Өйткені, астық өндірушілер өндірісті дамытпақ тұрмақ, мүмкіндігі жетпегендіктен кейде қарапайым агротехнологияны да сақтамайды.

"Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, астық өндірушілер үшін ауыл шаруашылық дақылдарының негізгі 11 түрін өндіруге қажет қаражат көлемі шамамен 864 млрд теңге екен. Ал өндіріс құралдарына бағаның жыл сайын кем дегенде 25%-ға өсіп отыратынын ескерсек, биыл бұл шығындар шамамен 1 трилионнан асады деп сеніммен айтуға болады. Ендеше мемлекеттің көктемгі егіс жұмыстарына бөліп отырған 180 млрд теңгесі, жалпы қажеттіліктің тек 17%-ын ғана жаба алады. Тағы да жыл сайынғы жағдай қайталанғалы тұр. Одан бөлек, жедел шешімді қажет ететін ең өзекті мәселелердің бірі – тұқым. Мысалы, бидайдың себуге шамамен 2 млн тонна қажет болса, кондициялық тұқымдардың нақты қоры 1,2 млн тонна ғана. Тапшылық – 800 мың. Ал "Азық-түлік корпорациясының" резервінде 400 мың тонна тауарлық бидай бар, оны үкімет тұқым ретінде бергелі отыр. Бірақ ол жарамайды. Оны мен ғана емес, көптеген сарапшылар да айтуда. Олар элеваторға сақтауға тапсырғанда араласып кеткен, әр түрлі сұрыптағы бидайлар. Олардың пісіп-жетілу уақыты да, басқадай да сипаттамалары әртүрлі. Сондықтан себуге болмайды", – дейді "Қазақстанның астық одағы" ЗТБ Өндіріс комитетінің жетекшісі Талғат Алдажаров.

Оның айтуынша, көктемгі егістікке дайындықты дұрыстап жүргізу үшін қысқа мерзімде бірқатар проблемаларды шешіп үлгеру қажет.

Біріншіден, 15 ақпанға дейін дихандарға өздері таңдап тұқым алуға ақша бөлу, соның ішінде форвардтық сатып алу арқылы.

Екіншіден, тұқымды импорттауға салынатын Қосылған құн салығынан (ҚҚС) бір жылға босату.

Үшіншіден, бидай өндірушілерге өсімдікті қорғау құралдарын жеткізіп берушілер алдындағы қарызынан құтылуға ақша тауып беру.

Жыл сайын пестецидтер бойынша тауарлық кредит көлемі 90 млрд теңгеге бағаланады. Мемлекет қарастырып отырған 180 млрд теңгені 500 млрд-қа дейін өсіру. Сонда мемлекеттік қамтуды 50%-ға жеткізуге болады. Бұл тек ағымдағы мәселелерді шешудегі ұсыныстар ғана. Ал жүйелі сипаттағы проблемаларды түбегейлі шешу үшін одан да батыл қадамдар қажет.

Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялау бағдарламасынан бас тартып, мемлекеттік қолдауды Өнеркәсіп министрлігінің бағдарламасы бойынша жүргізген дұрыс. Өндірістік құралдарға салынатын қолданыстағы импорттық пошлиналарды алып тастау керек. Ауылшаруашылығы техникаларына арналған утильалым ставкаларын Еуропалық Одақ елдерінің деңгейіне дейін оңтайландыру қажет. Заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі проблемаларды шешудің осы және тағы да басқа жолдарын ұсынып отыр. Оның пікірімен депутаттар да келіседі.

"Әрине, мемлекет бұл мәселелерді шешу үшін республикалық деңгейде кешенді іс-шараларды жасап жатқаны рас. Бірақ, жергілікті жерлерде бюракратия, немқұрайлылық, қызметіне салғырт қарау, шала ұйымдастыру, баяулық белең алып тұр. Айталық, бөлінген қаражат әдетте шаруаға көктемнің соңында, дән егу науқаны аяқталған соң жетеді. Ал бұл уақытта олар несие алып, қарызға батып отырады. Сол себеп, субсидия берудегі проблемаларды жою керек. Біріншіден, бұл – баяулық, ақпараттық түсіндіру жұмыстарының кемшіндігі. Көптеген аграрилер оны қалай рәсімдеу керектігін түсінбейді. Тіпті рәсімдеу жүйесінің өзі жетілдіруді қажет етеді", – дейді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Сонымен біздің аграрилерді биыл да түрлі себептерден туындаған үлкен қиындықтар күтіп тұр. Олар – мемлекеттік қолдаудың уақытында берілмеуі, тұқым жетіспеушілігі, жауын-шашынның жоқтығы, су тапшылығы, содан келіп егістік алқаптардың қысқаруы, агротехнологияларды сақтамау, жәндіктер мен жан-жануарлардан қорғаудың осалдығы, егіннің аз шығуы, одан қалды өнімді өткізудегі кедергілер, соның ішінде астық бағасының төмендігі, оған ілес белшеден қарызға бату, техникалық парктің тозуы және тағы басқалар. Мұның соңы азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне, яки әлеуметтік кикілжіңдерге алып келуі мүмкін. Сол себеп, ауыл шаруашылығына экономиканың бір тармағы деп қана қарамау керек. Өйткені, бұл миллиондаған қазақстандықтардың күнделікті өміріндегі ең бір сезімтал сала, тіпті, азық-түлік қауіпсіздігінің басты шарты. Сол себеп, "әуелі ұрыс басталсын, жоспарды соғыс көрсетеді" деп отыруға болмайды. Соқа түрен салғаннан бастап орақтың өткірлігі мен қамбаның құрғақтығына дейін ұлттық қауіпсіздіктің бір қағидасы ретінде жазылуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу