banner

Шаруалардың орнына мемлекетке утильалым төлеп беруге дайынбыз – Владимир Дворецкий

3187

"Есесіне елде азық-түлік бағасы да арзандайды". 

Шаруалардың орнына мемлекетке утильалым төлеп беруге дайынбыз – Владимир Дворецкий

Техника әбден ескіріп, қайта өңдеуді қажет еткенде ғана утилалым төленуі керек. Қазақстан ауыл шаруашылығы техникаларына арналған утильалымды тым ерте алып қояды. 

Бұл – Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының төрағасы Владимир Дворецкийдің пікірі. Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Жалпы біздің салада жыл сайын шамамен үш жарым миллион тонна темір сынықтары жиналады және өңделеді. Ал тек ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату (утилизация – авт.) туралы айтар болсақ, онда көп дегенде жылына алпыс мың тонна металл шығады. Бұл дегеніміз жоғарыда айтқан үш жарым миллионның тек бір жарым пайызына тең. Яғни, ескірген ауыл шаруашылығы техникасын елеусіз-ақ өңдеп тастауға қауқарымыз жетеді", – дейді одақ төрағасы. 

Ол мұндай шаруаны бизнесмендер "тегін істеуге" және мемлекетке "утильалымды төлеп беруге" дайын екенін айтады. 

"Кәдеге жарату алымы деген жабдық әбден ескіріп, шын мәнінде утилизацияға жіберуді қажет еткенде төленуі керек. Техниканы жаңадан сатып алғанда, яғни кем дегенде 20 жыл бұрын алдын ала төлеп тастайтын нәрсе емес. Бұл жерде біздің ұсынысымыз мынау: техника ескіргенде қайта өңдеу үшін қабылдап алайық, мемлекетке оның утилалымын төлеп берейік. Шаруалар жаңа техника алғанда утилалым төлеуден босатылсын", – дейді Дворецкий. 

"Мұның қандай пайдасы бар дейсіз бе? Бірінші, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер утилалымға шығынданбайды. Ауыл шаруашылығы саласына түсетін жүктеме бірден 50 млрд теңге азаяды. Яғни, бұл 50 млрд теңге ауыл шаруашылығына салынған инвестиция есепті болады. Демек азық-түлік өнімдері арзандайды, сала дамиды. Сонымен бірге техника жетілдіріліп, өнім сапалы бола түседі. Екінші, бізге, бизнеске пайдасы туралы. Біздің кәсіпорын дамып, табыс табады. Қазақстанның кез келген нүктесінде логистикалық шығынсыз металл қабылданады және кәдеге жаратылады", – дейді одақ төрағасы. 

Ол әрбір ескі бірлік техника үшін мемлекетке 150 мың теңге төлейтіндерін айтады. 

"Осылайша, мемлекет ақша алады, бизнес дамиды. ауыл шаруашылығы 50 млрд теңге көлемінде инвестиция алады. Егер үкіметтің мақсаты осы болса, онда мәселе шешілді дей беріңіз. Ал үкіметтің ойлағаны басқа болса, онда ашық түсіндірсін", – дейді Дворецкий.

Тіркелмеген "Намыс" партиясының жетекшісі Санжар Боқаевтың айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа техника сатып алғанда утилалым төлеуге шығындалады. Соның салдарынан азық-түлік қымбаттайды. Айналып келгенде, утильалымды мұқым халық төлеп отырған болып шығады. Боқаев "бүкіл қазақстандыққа утильалым төлетіп қойған" үкіметті айыптайды.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу