Шаруаны субсидия шырғалаңы шаршатты

Жетісулық кәсіпкер 4 жылдан бері асылтұқымды малға берілетін мемлекеттік төлемді ала алмай жүр.

Шаруаны субсидия шырғалаңы шаршатты

Алматы облысының Панфилов ауданындағы "Шүкейіт ата" шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Ақынов 4 жылдан бері  асыл тұқымды мал басына төленетін субсидияға қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Кәсіпкер 2015 жылы "Алтын асық" мемлекеттік бағдарламасына құжат өткізіп, 6 млн теңге несие алады. Бұл қаржыға 230 бас асылтұқымды қой мен қошқар сатып әкелді.

"Аграрлық несие корпорациясынан" 6 миллион теңге алып, оған 230 бас қой сатып алдым. Қой болған да, біздің Жетісу өңірінде өспейтін асылтұқымды мал. Ол тұқым Оңтүстік Қазақстан облысында ғана өсіріледі. Бір жыл бойына асырап, бағып, төлін алдым. Осы аралықта несиені төлейтін мерзім келіп, қолымдағы малдың бір бөлігін сатып, қарыздың негізгі пайызы мен өтемақысын толықтай өтедім", – дейді Мұхтар Ақынов.

Осы 14 пайызбен өтелген соманың 10 пайызын мемлекет субсидиялап, төленген ақшаның үстемесін шаруа қожалығына қайтаруы керек болатын. Алайда, 2015 жылдың есебіне еніп тұрған кәсіпкерді жылдың соңында субсидия төлеуді жүзеге асыратын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары "Әзірге қаржы жоқ. Кейінгі тізімге қосамыз" деген құрғақ уәдемен шығарып салады. Өкініштісі, келер жылдан үмітті болған Мұхтар Ақынов өзіне мүлдем субсидия төленбейтінін 2016 жылдың аяғында бір-ақ біледі. Басқарма мамандары бұл жолы "Аграрлық несие корпорациясынан" келген қатынас хатты алға тартып, шаруаның несиені уақытында төлемеуі себепті "Шүкейіт ата" шаруа қожалығын субсидия алатын шаруашылықтардың тізімінен алып тастағандарын айтады.

"Мені ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары екі рет алдап соқты. Біріншіден, "Алтын асық" бағдарламасының шартында несиені қайтарудың алғашқы төлемі жасалғаннан кейін барып субцидия төлене бастайтыны анық жазылған. Мен 2015 жылы несиені толық өтедім. Бірақ, әкімдік субсидия бермеді, оны қаржының кешігуімен түсіндіріп, кейінге қалдырды. Мен сеніп, күттім. Ал екінші жылы көктемгі мал төлдету науқаны кезінде төлемнің кешіктірілгенін желеу етіп, субсидия тізімінен мүлдем алып тастаған. Бұл жерде "несиені қайтарудың уақыты 90 күннен асып кетуі себепті берілмесін" деген желеумен жасаған. Ал бізбен "Аграрлық несие корпорациясы" жасасқан шартта мұндай талап болмаған. Заңға өзгеріс кейін енгізіліпті. Бірақ, корпорация өкілдері бізге заңның өзгергенін хат арқылы түсіндіріп, жолдадық деуден танар емес" дейді кәсіпкер-шаруа.

Мұхтар Ақынов өз басындағы мұңын шағып бармаған жері қалмағанын айтады. Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегімен ауыл шаруашылығы  басқармасы мен "Аграрлық несие корпорациясы" өкілдігін сотқа берген екен. Сот істі қарсы жақтың пайдасына шешіпті.

"Сотқа "Аграрлық несие корпорациясының" өкілдері маған несие төлемі 90 күннен кешіккен жағдайда субсидиялау тоқтатылатыны жайлы ескертуді өз қолына тапсырдық деген анықтама ұсынды. Шындығында, бұл кезде біз мал төлдетіп, жайлауда болғанбыз. Ешқандай ескерту хат алмадық. Әрі олардың сөзін аудандық пошта қызметі де жоққа шығарып отыр. Яғни, бұл кезде бідің қолымызға пошташы ешқандай хат әкеліп беріп, қол қойдырып алмағаны анықталды. Бірақ, сот мұны есепке алмады", – дейді тағы Мұхтар Ақынов.

"Шүкейіт ата" шаруа қожалығының басшысы 2 жылдан бері Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қабылдауына кіре алмай жүргенін де айтады.

"Егер әкім менің жағдайымнан хабардар болса, мәселемді шешер ме еді. Міне, төртінші жылға кетті, асылтұқымды мал өсіргенім үшін мемлекеттен көк тиын көмек алмадым. Бұлай бола берсе шаруалар мал басын өсіруден бас тартады", – дейді ол.

Мұхтар Ақынов бұған дейін субсидия төлеуді жүзеге асыратын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған Сексенбай Бекішовтің шығарып салма жауабынан ығыр болыпты. Айтпақшы, былтыр Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасын ұзақ жыл басқарған Сексенбай Бекішев аса ірі көлемде пара алу күдігі бойынша қамауға алынған болатын...

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу