banner

Шарын шатқалы жеке компанияға жалға берілуі мүмкін

Ұлттық паркті туристерге тартымды ету үшін 3 млрд 600 млн теңге қажет. 

Шарын шатқалы жеке компанияға жалға берілуі мүмкін

Бұл туралы "Шарын" ұлттық табиғи паркін дамыту концепциясы" тақырыбында өткен онлайн брифингте  Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты. 

Оның сөзінше Шарынның бір бөлігі ғана ұзақмерзімге жеке компанияға жалға берілмек. Мұнда жеке инвестиция тарту арқылы экотуризмді дамыту жоспарланып отыр. 

Концепцияға тоқталсақ

Вице-министр таныстырған концепция бойынша Алматы облысында орналасқан ерекше аймаққа келушілерге арналған екі орталық ашылып, төрт туристік маршрут жасалады. Оның ішінде этно-ауылдар мен саяхатшыларға түнеуге арналған орындар тағы бар. Бұған қоса шатқалдағы ерекше құбылыстарды бақылауға арналған үш алаң салынбақ. Сондай-ақ, концепцияда кэмпинг, қоғамдық тамақтану орындары мен кәдесый дүкендері қарастырылған. 

"Туристердің жыл сайын көптеп келуіне қарамастан, демалу үшін қарапайым жағдайлар мен қажетті инфрақұрылымның болмауына байланысты ұлттық парктердегі экологиялық туризм тиісті деңгейде дамымай отыр. Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында төрт туристік бағдар бар. 2019 жылдың қортындысы бойынша аталған маршруттармен 20 640 адам жүріп өтті. Туристерге қызмет көрсету нәтижесінде ұлттық парктің арнайы шотына 16 млн 700 мың теңге түсті", – деді вице-министр. 

Турист тарту шатқалдың табиғи көрінісіне нұқсан келтірмей ме?

Вице-министр рекреациялық жүктемені азайту үшін барлық нысандар шатқалдан тыс аумақта орналасатынын ерекше атап өтті. Туристер эко-постқа келгенде, оларға ұлттық парк туралы ақпарат беріледі. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер мен велосипед бағдарларынан бөлек қарттарға арналған газбен жүретін көліктер маршруты да салынбақ. 

"Шарынға барғандар біледі, каньонда жаңа жол салынған. Негізгі күре жолдан қосымша ішке кіретін маршрут жасалады. Шлагбаумнан өткен соң келушілер орталығына өтуге болады. Мұнда 50 орындық қоғамдық тамақтану орыны, 50 адамға шақталған эко-қонақ үй, ұлттық тағамдар әзірлейтін мейрамхана, этно ауыл, 100 көлікке арналған авто тұрақ ашылады. Осының барлығы бос жатқан далалық аумақта орналасады", – деді Ерлан Нысанбаев. 

Осы орайда вице-министр тікұшақ маршрутын жасау туралы ұсыныс болғанын айтып қалды. 

"Біз оны жобаға қоспадық. Себебі бұл экожүйеге жағымсыз әсер ететінін түсінеміз", – деді ол. 

Жоба өзін ақтай ма? 

Вице-министрдің айтуынша ұлттық табиғи парктегі туризмнің қазіргі инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай емес. Сонымен қатар парк аумағын дамытуға инвесторлар тарапынан қызығушылық төмен екен. Яғни, жобаға жұмсалған шығынның өзін-өзі ақтау мерзімі өте ұзақ көренеді. Осы орайда бірқатар елдердің тәжірибесі, әсіресе, АҚШ-тағы экотуризмді дамыту бағытындағы жұмыстар зерттеліпті. 

"Ұлттық паркте экотуризмді дамыту қадамдары халықаралық тәжірибені ескере отырып айқындалды. Туристік бағдарларды, соқпақ жолдар желісін дамытуға баса назар аударылды. Біз бірінші кезекте туристік бағдарлар мен соқпақ жолдармен жүріп өтуді насихаттауымыз керек. Осы орайда ұлттық парктің инфрақұрылымын дамыту қадамдарын өзгертуді жоспарлап отырмыз", – деді вице-министр. 

Шарын ұлттық паркінде экотуризмді жеке инвестициялар тарту есебінен дамыту қарастырылуда. Жобаға алдан ала есептеулер бойынша 3 млрд 600 млн теңге қажет болады. Сондықтан ерекше қорғалған табиғи аймақтың бір бөлігі 5 жылға дейін қысқа мерзімге немесе 45 жылға дейін ұзақмерзімге жалға беру мүмкін. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу