Шатқалдан шыққан шатақ Президентке жетті

9803

Ел азаматтары Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақүйдің құрылысын қолдаған жоқ. 

Шатқалдан шыққан шатақ Президентке жетті

Шатқалдан шыққан шатаққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, үкіметке жобаны қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли: "Президент Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақүйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді", – деп жазды. 

Естеріңізге салайық, әлеуметтік желі арқылы Бозжыра шатқалының айналасына құрылыс техникасы келіп жатқаны туралы видео тарады. Дәл осы күні шетелдік инвестордың облыс аумағында "Бозжыра сафари-отель" атты бірегей жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл халықтың ашу-ызасын туғызды. 

Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Бозжыра шатқалы аумағында қонақүй тұрғызуға байланысты азаматтардың әлеуметтік желідегі алаңдаушылығына жауап берді.

"Министрлік барлық азамат секілді еліміздің табиғат байлығын бұзбай, сақтап, қоршаған ортаны қорғау мүддесін ұстанады. Осыған байланысты Бозжыра аумағындағы нысанның құрылысы қоғамдық тыңдаудан, заңға сәйкес тиісті органдарда экологиялық сараптамадан, оның ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалаудан өтуге тиіс. Бұл жағдайда құрылыс ережелерінің сақталуын, сараптамадан өту процесін жергілікті атқарушы органдар, яғни аймақтағы әкімдік бақылайды. Қазір Бозжырада қонақ үй салу мәселесі жоқ. Тек туристер түнеп кететін шағын пункт (бутик отель) тұрғызу жоспарлануда", – деп хабарлады министрлік.

Хабарламаның түйінінен түсінгеніміз, қонақүй Бозжыра шатқалы орналасқан "Жабай ұшқан" қорығы аумағынан тыс жерге салынады. Бұл мәселеге қатысты Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов пікір білдірді. Ол Бозжыра шатқалында қандай жағдайда қонақүй салу орынды болатынын баяндады.

"Шынымды айтсам, екі жақтың да пікірі орынды. Табиғатты қорғау керек, алайда даму да қажет. Халықаралық тәжірибеге назар аударар болсақ, көптеген мысал бар. Соның бірі – АҚШ-тағы Үлкен каньон", – деп жазды вице-министр әлеуметтік желідегі парақшасына. 

Ғабидолла Әбдірахымовтың сөзінше, ұлттық саябақтың жанында бірнеше қонақүй, кемпинг, автокөлік тұрағы бар. Алайда олар қашық жерде орналасқан. 

"Бозжыра маңында қонақүй салу ойға қонымды деп санаймын. Ол шатқалдан экологиялық қауіпсіз қашықтықта салынуға тиіс. Сонымен қатар кемпинг түрінде қосымша инфрақұрылым құру қажет. Жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, ат, велосипед болуы керек. Келген барлық турист көлігін тұраққа қалдырады, содан кейін жаяу жүреді немесе осы көлік түрлерін пайдаланады. Осындай жағдайда табиғатты сақтап, өркениетті туризм мен демалыс үшін экологиялық жағдай жасауға болады", – деді вице-министр.

Біле жүріңіз, Бозжырадағы қонақүй құрылысына шетелдік инвестор Қазақстан даму банкінен 37 млрд теңге қарыз алмақшы. 

Эколог-сарапшы Константин Плахов шатқалдағы құрылыстың қауіптілігін алға тартты. Ол өз зерттеуінің нәтижесін ұсынып, қоршаған ортаға қасақана қиянат жасауға болмайтынын айтты. 

Эколог Тимур Елеусізовтің пікірінше, инфрақұрылым экологияға зардабын тигізбеуі керек. 

"Қонақүй толық құрылысты талап етеді. Ол мемлекеттік парктің нақты шекарасында немесе шекарасынан тыс жерде бой көтеруі қажет", – дейді маман. 

Оның сөзінше, нысан қаншалықты алыс салынса да табиғатқа залал келтіреді.
"Бұл жерде кәріз жүйесі болады. Бұдан бөлек еркін жүріп үйренген жабайы аңдардың тыныс-тіршілігіне өзгеріс енеді. Демек экожүйе өзгереді", – деді Тимур Елеусізов.

Эколог Әділқасым Жарылқасын қорық аумағына туристерге қажетті жағдай жасаудың қажеті жоқ деп санайды. 

"Бозжыра аумағында сирек кездесетін жануарлар мекендейді. Соған байланысты мамандар қандай да бір нысан 20 шақырым жерде салынуға тиіс деп есептейді. Мен мұнымен келісемін. Себебі Бозжыра – бірегей жер. Ол жерге тікұшақ алаңын, қонақ үй, спа-салон салу – дарақылық. Ал 20 шақырым жерге салса, жергілікті тұрғындарға да ыңғайлы болады. Адам аяғы басқан жердің барлығы бүлінеді. Бізде ұлттық парк көп. Ол жерлерге демалу үшін орындық, қалдық тастайтын жәшік қойып жатыр. Ол жерге орындық қоюдың қажеті жоқ, себебі ол қорғалатын аймақ. Оны мемлекет қорғауы керек. Ол демалатын орын емес қой. Әрі-бері жүріп кететін орын. Ал бізде барып, от жағады. Бұның барлығына тыйым салу керек", – деді Әділқасым Жарылқасын.

Біле жүріңіз, Бозжыра шатқалы Ақтау қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан табиғи нысан. Ол "Жабай ұшқан" табиғи қорығының аумағына кіреді. Қорық Маңғыстау облысы әкімінің 2012 жылғы қаулысына сәйкес құрылды. Ол облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының "Қызылсай" мемлекеттік аймақтық табиғи паркіне жатады.

Қанат Махамбет 


 Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу