UFC Дохада өткен Fight Night 265 турнирінен кейін салмақ дәрежелері бойынша жаңартылған рейтингтерді жариялады. Жартылай орта салмақта ирландиялық Иэн Гэрри Белал Мұхаммедті жеңген соң бірден төрт сатыға көтеріліп, екінші орынға шықты. Ал Белал үш орын төмендеп, бесінші орынға түсті.
Карлос Пратес бір сатыға көтеріліп, алтыншы орынға жайғасты. Қазақстандық Шавхат Рахмонов бұрын тұрған төртінші орыннан үшінші орынға көтеріліп, Майкл Моралесті басып озды. Жартылай орта салмақтың рейтингінде бірінші орында бұрынғы чемпион Джек Делла Маддалена тұр. Ал чемпиондық белбеу Ислам Махачевке тиесілі.
Сонымен қатар Асу Алмабаев Катарда өткен турнирде америкалық Алекс Пересті мерзімінен бұрын жеңген соң, жеңіл салмақ дәрежесінде бір орынға көтеріліп, жетінші орынға табан тіреді. Оның қарсыласы төрт саты төмендеп, он бірінші орынға түсті.
Естеріңізге сала кетейік, Рахмонов соңғы кездесуін желтоқсанда өткізіп, Мұхаммедтің орнына шыққан Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді. Әзірге Рахмоновтың октагонға қашан оралатыны белгісіз.