banner

Шавкат. Шаттық. Шарықтау

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1082

Өзбек басшысы Шавкат Мирзиёев ресми сапармен Қазақстанға келеді.

Шавкат. Шаттық. Шарықтау

Әз-Наурызда қазақ елі мәртебелі мейманын күтуде. Елімізге Өзбекстанның жаңа президенті екі күндік сапармен келуге әзірленіп жатыр: Шавкат Мирзиёевтің президенттік алып лайнері Астанаға 22 наурыз күні жер бауырлай қонбақ.

Халықаралық ақпарат құралдары 2016 жылдың 4 желтоқсанында сайланған Өзбекстан президентінің осы лауазымдағы өзінің алғашқы сапарын бауырлас Қазақстанға жасайтынын хабарлады.

Бұған Өзбекстан үкіметі басшысының бірінші орынбасары Ачилбай Раматовтың мәлімдемесі негіз болды. "Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекет басшысы ретіндегі өзінің бірінші ресми сапарын таяу уақытта Қазақстанға жасайды" деп жария етті ол Ташкентте өткен өзбек-қазақ үкіметаралық комиссия отырысында. Онда алдағы сапарға дайындық мәселелері пысықталған. Журналистер қазақ тарапынан сапардың 22-23 наурызға жоспарланып отырғанын білген. Сондықтан ақпарат агенттіктері Өзбекстанда 21 наурызда, ал Қазақстанда да 21-23 наурызда байырғы түркі мерекесі – Наурыз тойланатынын қосты. Яғни пафостық жағынан қарағанда өзбек басшысы қазақ елінің мейрамына, думаны мен қуанышына ортақтасуға келе жатыр.

Ал егер прагматикалық, тәжірибелік тұрғыдан келсек, сапар аясында Ақордада қос мемлекет басшысы арасында өтетін оңаша кездесуде және одан кейінгі екі ел делегациялары да қосылатын кең ауқымдағы келіссөздер барысында әртүрлі проблемалар мен концептуалды мәселелер талқыланатыны сөзсіз.

Сарапшылардың айтуынша, Мирзиёевтің Астанаға бұл келісі орталықазиялық қауіпсіздік белдеуін құрумен байланысты.

Мәселен, "ҚР Тұңғыш президентінің қоры" жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтының сыртқы саясат жобаларының үйлестірушісі Асқар Нұршаның байламынша, өзбек лидерінің бірінші шетелдік сапарын жасайтын ел ретінде Қазақстанды таңдауы – Өзбекстанның ішкі және сыртқы саясатындағы жаңа екпін-акценттердің пайда болуын көрсетеді. Себебі өткен жылдың соңында Ресей ақпарат құралдары Шавкат Мирзиёевтің "1-ші" сапарын Ресейге арнайтынын мақтана әрі масаттана жариялағаны есте.       

Сарапшы биылғы ақпан айының басында Өзбекстанда 2017-2021 жылдарға арналған Өзбекстанды дамыту стратегиясы бекітілгенін еске салады:

"Бұл құжат республиканың сыртқы саяси қызметін, дипломаттарын Өзбекстанның айналасында қауіпсіздік, тұрақтылық және тату көршілік белдеуін құруға бағдарлайды. Яғни Өзбекстан үшін Орталық Азия басымдықты рөл атқарады. Осы құжатқа сәйкес, өзбектер өз елінің экономикасын кең ауқымды трансформациялауды жүргізбек. Бұған сыртқы саяси қызметтің күші де жұмылдырылатын болады. Соның нәтижесінде өзбек экспортын арттыру көзделуде. Әрине бұл стратегия тек қауіпсіздік белдеуін құрғанда ғана емес, сондай-ақ көрші елдермен өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарды дамытқанда жүзеге аса алады. Бұл ретте Орталық Азияда ғана емес, посткеңестік кеңістікте де көшбасшы болып табылатын Қазақстан маңызды рөлге ие", - дейді Асқар Нұрша. 

Расында, сапар қарсаңында, 10 наурыз күні Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік кеңестері арасында кеңейтілген кеңес құру отырысы өтті. Екі елдің құзырлы министрліктерінің, арнайы және құқық қорғау органдары басшыларының бұл жиынына Қазақстан президентінің көмекшісі-қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов пен Өзбекстан президенті жанындағы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов қатысты.

Олар Орталық Азия елдерінің ынтымақтасуы және бас біріктіруі, әскери-техникалық өзара іс-қимылы, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, заңсыз миграциямен күрес саласында жауапты органдардың ықпалдастығы, кеден органдары арасында өзара алмасылатын ақпаратты кеңейту, трансшекаралық су ресурстарын бірлесе пайдалану – қысқаша айтқанда, қазақ-өзбек арасын бұзуы мүмкін проблемалардың барлығы бойынша ашық әңгімелескен.

Сондай-ақ екі ел құзырлы құрылымдары Ауғанстандағы жағдайды реттеу, өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің көкейтесті мәселелері бойынша өз ұстанымдарын ортаға салған.

Владимир Жұмақанов өзбек жағын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 2017-2018 жылдардағы мүшелігі барысында қандай мәселелерді көтеретіні, неге басымдық беретіні жөнінде құлақтандырған. Осынау әлемдік биік мінберден Орталық Азия өңірінің мүдделерін ілгерілететінімізді мәлім еткен. Өз кезегінде өзбектер өз ұсыныстарын қосқан. Бір ғажабы, Қазақстан мен Өзбекстан президенттері жанындағы қауіпсіздік кеңестері мұндай кеңес құруларды енді ұдайы әрі тұрақты түрде өткізіп тұруға уағдаласқан. Осылайша ұзақ жылдар бойы жүрген екі ел арасындағы аймақтағы көшбасшылық бойынша тайталас пен текетірес дәуірі аяқталып, ынтымақтасу дәуірі туып келе жатқанға ұқсайды. Әйтпесе сол бақталастық кесірінен кезінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған "Орталық Азия елдерінің одағы" ұйымын құру идеясы іске аспай қалған болады.

"Соңғы жылдары жұмсартып айтсақ, өңірлік ынтымақтастықтың бүкіл әлеуеті еш пайдаланылмады деуге болады. Бұл тарапта мақтануға тұрарлық айрықша ештеңеміз де жоқ! Өңірлік ынтымақтастық бойынша көптеген жобалар жүзеге асырылмаған күйде қалды. Өңірдегі елдер арасындағы белгілі қиындықтар мен проблемалар кесірінен өзара сауда айналымы төмендеуде. Трансшекаралық су ресурстарын пайдалануда кедергілер бар. Басқа да мәселелер жетерлік", – дейді мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев. Ол біздің үкіметте "күн сайынғы форматта Орталық Азия мәселелерімен шұғылданатын жеке мамандар тобын құруды" ұсынады.

Әрине екі ел арасында барлық мәселеде Абай айтқандай, "сылдырап өңкей келісім" орнады деп айту қиын. Өзбекстан қазақстандық бизнестің өз нарығында қанат жаюын шектеп отыр. Кедендік және шекаралық кедергілер тауарлардың еркін қозғалысына бөгеу салды.

Ал Қазақстан болса бұл елден заңсыз мигранттар легін шектеуге тырысуда. Өйткені бірнеше жылдан бері экономикасы рецессияға ұшыраған Ресей соңғы кезде шетелдік жұмыс күшіне қуатты шектеу қойды, саналуан сылтаумен шекарадан кіргізбей жатыр. Осының салдарынан "екі қолға бір күрек" іздеген өзбектер өз назарын қазақстандық нарыққа аударуда.  

Дәл осы сапар қарсаңында, осы аптада, 17 наурыз күні мәжіліс өз комитеті мен "Нұр Отан" партиясының фракциясы жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің бірлескен отырысын өткізіп, онда "Ішкі және сыртқы көші-қон мәселелерін" қарады. Сонда 2015 жылға қарағанда, өткен жылы елімізде тіркелген шетелдік мигранттардың санының 25 пайызға күрт артқаны және олар жасаған қылмыстардың 5,9 пайызға өскені жария етілді.

Аталған отырыста заңсыз еңбек көші-қонының қандай алапат ауқым алғанын растайтын қызық дерек жарияланды: Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мәжіліске өтініш хат жазыпты. Онда ол парламентарийлерден Шымкент қаласында немесе Сарыағаш қаласында Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілдігін ашуға ықпал етуді сұрайды. Бұл кейін ел аумағынан аластау үшін Өзбекстанның ешқандай құжаты жоқ немесе жеке куәлігінің мерзімі өткен азаматтарын құжаттандыру үшін қажет екен. Өрістеп бара жатқан бұл мәселені де өзбек басшысының алдағы сапары аясында екі ел келіссөзшілері айналып өтпес.

Сонымен қатар сарапшылар мүдделер тоғысатын тұстар көп екеніне назар аудартады. Мәселен екі ел Ресейді айналып өтетін халықаралық жүк тасымалы дәліздерін де дамытуға мүдделі болып отыр. Атап айтқанда, Транссиб секілді ресейлік трансконтиненталды транзиттік бағдарының монополиясын жою үшін Қазақстан, Қытай, Өзбекстан және Түркіменстан Каспий, Оңтүстік Кавказ елдері арқылы Еуропаға шығаратын бағдарларды дамытуда. Мұны "Ресейге қарсы кезекті альянс" деп қабылдаудың қажеті жоқ, оның прагматикалық жағы бар: ресейлік темір жолдар бүкіл әлемдегі ең баяуы және қымбаты болып табылады.

Айтпақшы, Өзбекстан бір мәселеде Қазақстанға үлгі бола алады: тәуелсіздік алғалы бері бұл ел өз халқының санын екі еселеді, қазір Өзбекстан тұрғындарының саны 30 миллионнан асты.

Қалай болғанда, Шавкат Мирзиёевтің қазақ еліне бұл сапары өңір елдері арасындағы татулықтың жаңа бетін ашқаны керек. Орталық Азияның басы бірікпесе, оның мәселелерімен айналысуды Ресей, Қытай, АҚШ секілді басқа алпауыт державалар өз қолына ала бастамақ. Олар әрине, өз мүдделерін қоса таңады, елдеріміздің ерік-еркіндігін байлап-матайды. Геосаяси бодандыққа ұшырау аймақ елдерінің мұраты болмаса керек.

Ендеше өңірдің бас интеграторы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000-шы жылдардың ортасында айтқан, бірақ өзектілігін жоймаған ОА елдеріне үндеуін қайта оралтқанымыз жөн:

"Бізге бірігуді құдайдың өзі бұйыртқан: өзара тілдік кедергісі жоқ, түбі, діні мен ділі бір 55 миллиондық халқымыз бар, бірін-бірі толықтыратын экономикаларымыз бар. Бір кеңістікте, көліктік, энергетикалық байланыста өмір сүрудеміз. Орталық Азия өңірі азық-түлікпен, энергетикамен және басқаларымен толығымен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Оу, бұдан басқа не керек?".

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу