Шегірткеге у емес, дәрумен беріп жатқан жоқпыз ба?

3852

Оңтүстік Қазақстан облысының алқаптарындағы шегірткеге қарсы  химиялық күрес нәтиже берер емес.  

Шегірткеге у емес, дәрумен беріп жатқан жоқпыз ба?

Республикамызда шегірткемен күрес толастамай тұр. Бүгінде зиянкестердің   табиғат пен агросалаға алып келіп отырған шығынында шек жоқ. Оңтүстік шаруалары көктем шығысымен егін егумен қатар үйірлі  шегірткелермен толассыз күресуіне тура келеді. Бұл жылдағы үйреншікті жағдай. Шегірткеден қорқып, егін екпей отыруға тағы болмайды. Күнкөріс керек. Күнгейдегі шаруалар есіл еңбегінің еш кетпеуін Алладан тілеуден басқа амалдары жоқ. Өйткені апат айтып келмейді.

Мына көрсеткіштерге көз жүгіртіп көрейікші, жағаңызды ұстауға тура келеді. Республика бойынша зиянкестерден аластатылатын жердің көлемі жыл санап артып келеді екен. Биылдың өзінде үйірлі шегірткенің таралу алаңы 1 570 гектарға жетіп жығылған. Ал бұл зиянкестермен күрес жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 1538,5 млн. теңге қаражат бөлінген. Аз қаржы емес. Бір қызығы, аталған шараға бөлінетін қаражаттың көлемі жыл өткен сайын өсіп келеді.

"Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында шегірткемен күрес жұмыстарына республикалық бюджет есебінен пестициттер жеткілікті деңгейде бөлініп отыр. Атап айтсам, геркулес 4,7 мың гектарға есептеліп, диуронмен 8,1 мың гектарға, имидормен 133,0 мың гектарға, комбат 111,7 мың гектарға деп өлшем берілді. Жалпы алғанда биыл 257,5 мың гектар дәріленді", – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов.

Бұл ретте біз өзге шығындарды тізіп жатуды жөн санамадық. Тек бір ғана мысал ретінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы химиялық тазалау жұмыстарының жүргізілген аумағын айта кетуді жөн көрдік.  2017 жылы  аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстары 275,9 мың гектар жерде  жүргізілген.  Бұл өткен жылмен салыстырғанда (2016 жылы – 115,92 мың га) 2,4 есеге артық екен. Осы көрсеткіштерден-ақ күнгей облыста жыл санап дәріленетін аумақтың кеңейіп келе жатқанын байқауға болады.  Байқап отырсаңыздар, облысымызда шегіртке жайлайтын аумақтың көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Жылда бірталай гектар егістік пен жайылым алқаптарынан айырылып, диқандар өнімсіз, бағбандар жем-шөпсіз қалып отырғаны да жасырын емес. Бір өкініштісі, зиянкестерден зардап шеккен егістік пен жайылым туралы нақты ақпаратты ешкім айтып бере алмады.

"Негізінен Оңтүстік Қазақстан облысында шегірткенің екі түрі кездеседі. Оның бірі үйірлі болса, екіншісі, саяқ шегірткелер. Мәселен, биыл марокко шегірткесіне қарсы дәрілеу жұмыстары 257,58 мың гектарда жүргізілсе (2016 жылы – 91,4 мың га), азиялық шегірткеге қарсы  12,4 мың гектарда (2016 ж – 16,76 мың га), итальяндық прус 5,92 мың гектарда (2016 ж – 7,72 мың га) жалғасыпты. Қарап отырсаңыз, бұл қыруар жер. Осы көрсеткіштерге қарап отырып,  егістік алқаптарымыз зиянкестердің ордасына айналған ба деп қаламын", – дейді он жылдай уақыт Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Қанатбек Оспанбеков.

Білікті маман шегіртке тектес зиянкестері көп Оңтүстік Қазақстан облысының негізгі аудандарын атады. Айтуынша, шегіртке жиі бой көрсететін аумақтарға Сарыағаш, Шардара, Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласы жатады екен. Ауыл шаруашылығы саласының білгірі шегірткімен күрес жұмыстарын оңтайландыру және өзіндік шешу жолдарын ұсынды.

"Жыл сайын облысымыздағы  аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарына республикалық бюджет есебінен шамамен 150 миллион теңге, ал облыстық бюджет есебінен 26 миллион теңге бөлінген. Дәл осылай жыл сайын шығындала берудің қажеті жоқ. Бұл шығындарды азайту үшін шегірткемен күрес жұмыстарын күз айларында бастаған жөн.  Алдымен жылда шегірткемен күрес жүргізілетін  аудан, ауылдардағы шегірткенің негізгі ошақтарын анықтап алған дұрыс. Ол үшін ауыл азаматтарына зиянкестердің негізгі ошақтарын анықтағаны үшін қаржылай сыйақы тағайындауды ұсынған болар едім.  Егер ұсыныс қолдау тауып жатса, бұл туралы облыстық және аудандық БАҚ беттерінде, телеарналардан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет", – дейді Қанатбек Оспанбеков.

Бұл өз кезегінде облысымыздағы шегірткелердің негізгі ошақтарын анықтауға мүмкіндік туғызатын болады. Сыйақыға берілетін соманы анықтап, нақтылап, бекітіп алған жөн деп есептейді маман.  Егер сыйақы мөлшері қомақты болса, соғырлым анықталатын ошақтардың саны да көп болары сөзсіз.

Мұнан бөлек, ол  азаматтар анықтаған негізгі ошақтарды күз, көктемнің алғашқы айларында дәрілеуді ұсынды. Ол ошақтардан табылған шегірткелерді облыс орталығындағы ғылыми-зерттеу сараптама орталығына тапсырып, зиянкестердің жетілу кезеңдерін бақылап отыру қажет деп есептейді.   Бұл өз кезегінде шегірткелердің қай уақытта қанаттанып, қай уақытта қауіп төндіретінін біліп отыруға септігін тигізбек.

Егер жоғарыдағы ұсыныстар толық іске ассатын болса, жылдағы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарына кеткен шығындарды едәуір үнемдеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ шөбі шүйгін  жайлаулар мен егістік алқаптарындағы өнімдерді сақтап қалуға мүмкіндік туар еді. Нәтижесінде жылдағы шегірткеге жем болатын егістік алқаптары мен жайылымдардың мұртын бұзбай сақтап қалған болар едік.

Биылдың өзінде үйірлі шегірткенің зардабын Сарығаш ауданы Жаушықұм ауылының шаруалары алғашқылардың бірі болып көрді. Қазір мұндағы малшы қауым қорасындағы төрт түлігін шөбі шүйгін Төлеби ауданына әкеліп, бағып жатқанға ұқсайды.

Шегірткенің залалы өңірдегі шөп бағасының да күрт өсуіне әкеп соқтырған. Қазір өңірдегі бір дана нығыздалған шөптің бағасы 500 теңгеге бағаланып отыр. Жем-шөптің қымбаттауы еттің бағасының күрт өсуіне әкеп соқтыратынын ескерсек, ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер  маман ұсынған ұсынысқа құлақ асып, шегірткемен күрес жұмыстарын оңтайландырғаны абзал. Әйтпесе, жыл сайынғы қаржы "шашу"  үрдісі жалғаса бермек.

Ақжол Қараспан 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу