Шекараны заңсыз кесіп өтушілер көбейген, шетелдіктер Қазақстанда жаппай жазалануда

3776

Үкімет жатжұрттықтардың елімізде уақытша және тұрақты тұруына рұқсат беру ережелерін өзгертіп жатыр.

Шекараны заңсыз кесіп өтушілер көбейген, шетелдіктер Қазақстанда жаппай жазалануда Фото: gov.kz

ІІМ басшысы Ержан Саденов 2015 жылғы 4 желтоқсанда сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың №992 бұйрығымен қабылданған және содан бері қолданылып келген "Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын" өзгертетін жаңа бұйрық шығармақ.

Ведомство бұйрықтың жобасын әзір етті.

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті сарапшыларының түсіндіруінше, бұл жаңа бұйрықты қабылдауға, тиісінше, қолданыстағы қағидалардың өзгертілуіне Президенттің "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойғаны ықпал етті.

Өйткені бұл заңмен "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы", "Халықтың көші-қоны туралы" заңдарға түзетулер енгізілді.

"Бұл бұйрықтың жобасы халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Аталған заң негізінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту не оның күшін жою себептері кеңейтілді", – деді комитет өкілдері.

Жаңа заң мен жаңа қағидаларға сәйкес, бұдан былай шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың бірнеше санаты Қазақстанда тұрақты тұру құқығынан айрылады:

  • педофилдерге (кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарға),
  • шетелде экстремистік немесе террористік қызметке қатысқандарға;
  • Қазақстанда "экстремистік" немесе "террористік" деп танылған ұйымдарға қатысқаны туралы мәліметтер болған адамдарға;
  • "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңының 38-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап кез келген кезекті 12 айлық кезең шегінде тұрақты тұруға рұқсат алған және Қазақстан аумағында күнтізбелік 183 күннен кем тұрғандарға;
  • Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сұранысқа ие кәсіптер тізбесі негізінде тұрақты тұруға рұқсат алған, алайда тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап, 12 айлық кезең шегінде 183 күн ішінде көрсетілген тізбеде көзделген кәсіп бойынша жұмыс істемегендерге;
  • жыл ішінде халықтың көші-қоны, салық және еңбек заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазаға тартылғандарға бұдан былай республикада тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылады.

Дегенмен, жаңа қағидаларда жеңілдік те қарастырылып отыр. Мысалы, "Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесіне" сәйкес:

  • Нашақорлық,
  • Психикалық бұзылу (ауру),
  • Түберкулез,
  • Лепра (Гансен ауруы),
  • Жыныс жолдарымен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) – мерез, мерез лимфогранулемасы (донованоз), шанкроид,
  • Жіті инфекциялық ауруларға (жіті респираторлық вирустық инфекциясы (тыныс органдарының жіті вирустық инфекциясынан) және грипптан басқа) шалдыққан шетелдіктерге Қазақстанға кіруге де, тұрақты тұруға да тыйым салынады.  

Бұл тыйым шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың бір санаты үшін бұзылғалы тұр.

"Бұрын "Халықтың көші-қоны туралы" заңына сәйкес, Қазақстанға кіруге қарсы көрсетілім болып табылатын аурулары бар барлық шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, соның ішінде әрекетке қабілетсіз адамдарға да Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беруден жаппай бас тартылып келді. Бұл енді олқылық саналады және оны жою мақсатында аталған заңда әрекетке қабілетсіз адамдарды осы тыйымнан босату қарастырылған. Яғни, Қазақстанда ресми заңды өкілдері болған жағдайда әрекетке қабілетсіз адамдарға қандай ауруы болса да Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат берілетін болады", – деп түсіндірді Көші-қон қызметі комитетінің сарапшылары.

Мысалы, көрші Ресейде, Орталық Азия елдерінде кез келген анықтаманы, тіпті соттың шешімін де сатып алуға болады. Ендеше әлгіндей жаман аурулары барлар өз елінде бармақ басты, көз қысты жолмен "әрекетке қабілетсіз" деген шешімге қол жеткізіп, Қазақстанға еніп алудың осы айналма жолын пайдалана бастауының қаупі туындайды.

Бұл енді аталған заңды қабылдаған қазіргі Парламент депутаттарының "мұрасы" және солардың арына жүк. Қазақстанды қал-қадари қорғап келген бұл қалқан қиратылып отыр.

Айтқандай, ондай адамдар елге Қазақстанда ресми заңды өкілдері болса ғана жіберіледі. Мұндай жеңілдік ақыры ұлт саулығына соққы болмаса етті. Өйткені кезінде, өткен ғасырдың 80-ші жылдары (1987 жылы) "СПИД" сияқты атын естісе адам шошитын індет Қазақстанда тұңғыш рет африкалық студенттерден және Мәскеуден келген азаматтан анықталғаны мәлім.

Жаңа қағидалар елімізге инвестиция салған, республикада қат, сұранысқа ие кәсіп иесі болып табылатын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат етеді. Биыл Парламент қабылдап, Президент қол қойған, жоғарыда аталған жаңа заң бойынша инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның өтінішхатымен Қазақстанға қаржы салғандарға инвесторлық көпреттік виза (алтын виза) беріледі.

Ал еліміз зәру мамандық иелеріне халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін "шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне" сәйкес көп реттік виза ұсынылады.

Сарапшылар бұдан кейін елге айналма жолдармен еңбек мигранттары қаптайды деп алаңдап отыр. Өйткені Ресейде, орталықазиялық елдерде мысалы, айтиші немесе мұғалім дипломын оп-оңай сатып алуға болады. Мұндай фейк қағаздар мигранттарға Қазақстанға еркін кіріп, қалаған жұмысын істеуіне жол ашуы ғажап емес.

Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында "еңбек мигранттарын тартуға квотаны қысқарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын" хабарлады.

Оның мәліметінше, 2024 жылы еңбек мигранттарына арналған квота заңды тұлғалар, компания-кәсіпорындар үшін – 22 мың бірлікті құрады және 2016 жылдан бері 2,8 есеге қысқартылды.

Шетелден аспаз, бала бағушы, бақшашы, үй күтуші (butler-дворецкий, экономка-housekeeper, горничный, камердинер және басқасын) шетелден алғызатын бай-бағлан жеке тұлғалар үшін – 271,3 мың шетелдікті жалдауға рұқсат таратылған. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге аз.

Вице-премьер квотамен жұмыс істейтін еңбек мигранттарының саны ары қарай да азайтылатынын уәде етті.

"Кезең-кезеңмен қысқарту нәтижесінде 2029 жылға қарай бұл екі жиынтық квота 46 мың бірлікті құрайтын болады. 2024 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың қолында 130,5 мың шетелдік еңбек иммигранты нақты еңбек етеді. Олар негізінен Өзбекстаннан шақырылған: 125 150 адам. Ауқатты адамдар Тәжікстаннан – 4 353, Әзірбайжаннан – 967 маман алғызды. Қалғаны өзге елдерден. Заңды тұлғалардың қолында, бұрын берілген қолданыстағы рұқсаттарды ескергенде, бүгінде 13,7 мың шетелдік маман жұмыс істеуде", – деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, 2024 жылдың басынан бері еңбек мигранттарына 5,4 мың рұқсат берілді.

ІІМ дерегінше, 2024 жылдың 4 айында Қазақстанға 4,2 миллион шетелдік келді, 4 миллион шетелдік кетті. Яғни, осы кезеңнің өзінде кем дегенде екі жүз мыңдайы тұрақты қалды.

Елге келгендер негізінен Өзбекстан азаматтары – 1,7 миллионы келді, 1,5 миллионы елден кетті.

Екінші орында Қырғызстан азаматтары – 959,3 мыңы елге кірді, 950,6 мыңы шығып кетті.

Үштікті Ресей тұйықтады: жыл басынан бері Қазақстанға 794,8 мың РФ азаматы енген, бұрынғыларын қоса алғанда, 801,8 мыңы өз еліне оралған немесе шетел асқан.

Тәжікстаннан биыл 324,5 мың азаматы келді, 316,8 мыңы кетті.

Сонымен қатар, жыл басынан бері 182,2 мың шетелдік Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған. Соның ішінде еңбек қызметін жүзеге асыруға 160,1 мың рұқсат берілді.

Үкімет басшысының орынбасары "шетелдік жұмыс күші квоталарын қысқарту бойынша жұмыс жүйелі негізде жалғасып жатқанын" нықтады. Бұл – қоғам талабы және қажеттілік көрінеді. Өйткені шетелдіктер жиі заң бұзатын көрінеді. Оларды бақылауда ұстаған жөн.

Заңсыз келген шетелдіктерді анықтау мақсатында ішкі істер органдары тұрақты негізде жүру маршруттарында және олардың уақытша тұратын жерлерінде тексеру өткізеді.

Ресейлік ақпарат құралдары Мәскеу таяуда келесі мобилизацияны жүргізуі мүмкін деген болжамдарын жариялады.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге шекара маңындағы өңірлерде – БҚО, СҚО, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау және Қостанай облыстарында бақылау күшейтілді. Мемлекеттік шекараны заңсыз өтуге әрекеттенгені үшін ағымдағы жылдың басынан бері 50 шетелдік азамат ұсталды. 24 708 шетелдік азамат әкімшілік жазаға тартылды Бұл 2023 жылғыдан әлдеқайда көп: былтыр әкімшілік жауапкершілік арқалаған шетелдіктердің саны осы кезеңде 15 216 болған. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жыл басынан 104 шетелдік азамат елден аласталды. Жалпы қазіргі таңда шетелдіктердің елге келу жағдайлары бойынша айтарлықтай өсім байқалмайды", – деді вице-премьер Т.Дүйсенова.

Оның сендіруінше, көші-қон мәселелері "уәкілетті органдар мен Үкіметтің ерекше бақылауында".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу