Шенеуніктер астық қамбасын неге "күйретіп" жатыр?

13898

Қамыққан кәсіпкер қолдау таба алмады. 

Шенеуніктер астық қамбасын неге "күйретіп" жатыр?

Қазіргі дағдарыс кезеңі бизнесмен атаулыға қиын тиіп тұр. Жан-жақтан қыспаққа қалған кәсіпкерлер Үкімет мүшелеріне шағымдануда. Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген, Ақмола облысының Атбасар ауданында агроөнеркәсіп кешені қызметімен айналысатын "Ақтан Агро" ЖШС – сол араша сұраушылардың бірі.

Кәсіпорын астық сақтау мен өңдеуге маманданған. Су жаңа элеваторы бар. Қарамағындағы қызметкерлерінің саны көп емес, 36 жұмыскер. Алайда солардың өзі жұмыссыз, далада қалғалы тұрған көрінеді.

"Ақтан Агро" директоры Бақытжан Оспанов мұндай жағдайға жетуінің бір себебін Ауыл шаруашылығы министрлігі иелік ететін "ҚазАгроҚаржы" АҚ басшылығының негізсіз әрекеттерінен көреді.

Мәселенің түп-төркініне келсек, 2010 жылы ЖШС 18 мың тонна астық сиятын ірі элеватор салуға кіріседі. Бұл Ақмола облысының бір мақтанышы болатын және шенеуніктер оны өз есептері мен көрсеткіштерін көркейту үшін еске салып қоятын.

Б.Оспановтың айтуынша, 2013 жылдан бастап, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары бірнеше рет ауысыпты. Бұл әрине, астық қамбасының құрылысына кері әсер етіп, іске қосу мерзімін кешіктірді. Ақыры 2017 жылы желілі бидай сақтау орнының құрылысы аяқталды.

"Құрылысқа жалпы сомасы 1 миллиардтай қаражат жұмсалды. Оның 312,3 млн теңгесі – ЖШС құрылтайшыларының инвестициясы. Бұдан бөлек, "ҚазАгроҚаржыдан" 676,9 млн теңге көлемінде қарыз және лизингке құрал-жабдық алынды. Элеватор іске қосылған кезде кәсіпорын қаржылық қиындықтарға кезігіп, осы заем мен лизинг келісімшарттарын орындауға қиналды. Өйткені ай сайынғы сыйақыны төлеу сыртында, негізгі қарызды төлеу мерзімі де келді, ал ол ай сайын 45 млн теңгені құрайды. 2017 жылы бірде-бір тонна астық қабылдап үлгермеген астық қамбасына бұл берешектерін өтеу күрделі болды. Бар қаражат қымбат құрылысты аяқтауға бағытталды", – дейді ол.

Элеватор алғаш рет тек 2018 жылғы жаңа астықты қабылдады. Осылайша, ЖШС "ҚазАгроҚаржымен" келісімнің төлем кестесін бұзды. 

"Жағдай абсурдке жетті, жап-жаңа өнеркәсіптік кешені бар кәсіпорын банкроттық құрдымына кетіп барады. Өйткені "ҚазАгроҚаржы" өз заемы үшін сыйақы мен төлемақының уақытылы төленбеген әр күніне айыппұл есептеуін жалғастыруда. Кәсіпорынның негізгі қарызына күн сайын заем бойынша екі еселенген сыйақы қосылады. Сөйтіп, қаптаған жаза санкциясын, екі есе сыйақы мен айыппұл қолдану арқылы "ҚазАгроҚаржы" 2019 жылдың сәуірінде 710 млн теңге төлеуді талап етті. Былтырғы қыркүйекте ол сома 873 млн теңгеге дейін өсті. Біз осы жылғы келесі талапта қандай берешек көрсетілетінін ойлауға да қорқамыз", – дейді Бақытжан Оспанов.

Ол "ҚазАгроҚаржыға" кәсіпорынның ауыр қаржы ахуалы туралы әлденеше рет хабарлағандарын айтады.

"2018 жыл табыс әкелмегенін, тек 2019 жылдың күзінде екінші рет астық қабылдау жүргенін еске салдық. Сондықтан төлем кестесін өзгертуді сұрадық. Бұған келіспей отыр. "ҚазАгроҚаржы" өз клиенттерін қолдау шараларын қолға алғанын, оларға төтенше жағдайға байланысты төлем төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсынғанын мәлімдеуде. Әйткенмен, оның басшыларының біздің астық қоймасына қатысты "ерекше қызығушылығы" болса керек, ондай мүмкіндікті ұсынбайды", – деді ол.

Банкроттыққа жібермеу және жұмыс орындарын сақтау үшін компания 2019 жылдың сәуірінде сотқа сауықтыру рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Бірақ кәсіпкердің айтуынша, ірі кредитор мәртебесін пайдаланып, "ҚазАгроҚаржы" сот өндірісі қозғалғалы бері "үсті-үстіне келіспеушілік білдіріп, "Ақтан Агроға" сауықтыру рәсімдерінің қолданылуына кедергі келтірумен болған". Соған қарамастан, тараптардың дәйектемелеріне құлақ түрген сот реабилитация рәсімін қолдануға ұйғарады.

"Бұл шара "ҚазАгроҚаржының" талаптарын толық көлемде қанағаттандырады. Алайда ол сонда да бұған келіспей, сот шешіміне апелляциялық шағым түсірді. Нұр-Сұлтан қаласының соты ол шешімді өзгеріссіз қалдырды және апелляциялық шағымдағы дәйектемелерді негізсіз деп таныды. Сот үкімі күшіне енгеннен бастап 30 күн ішінде кредиторлар кәсіпорынды сауықтыру жоспарына өз талабын қосуы керек. Бірақ "ҚазАгроҚаржы" АҚ ол мерзімді өткізіп алды. Содан бері екі айдай уақыт өтті", – дейді кәсіпорын басшысы.

АШМ холдингінің еншілес ұйымын күте-күте зарыққан өзге кредиторлар онсыз жиылып, сауықтыру жоспарын мақұлдайды. Мұны естіп, ол сотқа шағым түсіреді және әлгі жоспардың бекітілуіне тыйым салғызады.

Бүгінде "Ақтан Агро" жаңа кешенінің ісін дөңгелентіп, табыс табуға күш жұмылдыру орнына шетсіз-шексіз сот тартыстарына тартылып, сергелдеңге түсуде. Кәсіпкер Мемлекет басшысының пандемиямен күрес кезеңінде елді асырап отырған агроөнеркәсіп секторын дамыту туралы тапсырмасына бюрократия селсоқ қарап отырғанына налиды. Кәсіпорын қарызды қайтарудан бас тартып отырған жоқ. Қиын жағдайына қарамай, жалақы төлеуде. 2019 жылдың желтоқсанында 32,8 млн теңге салық төлепті. Өндірісі артса, салығы да ұлғаяры сөзсіз. 

Жалпы, әр кәсіпкер өз ісіне кіріскенде белгілі бір тәуекел арқалайды. Оған банкрот болу қаупі де кіреді. Бұл нарық заңы. Кәсіпкердің қалауын орындамады, тек өзара бекітілген келісімшарттың қатаң орындалуын талап етіп отыр деп "ҚазАгроҚаржыны" да айыптауға болмайды. Оның ісі заң аясында жүзеге асырылуда.

Кәсіпкердің бұл шағымына қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Шаймерден Ахметов түсініктеме берді. Ол заңды тұлғалар мен "ҚазАгроның" еншілес ұйымдары арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастар – солардың өз шаруасы екеніне назар аудартты. Яғни, АШМ "ҚазАгроның" жалғыз акционері болғанымен оның ішкі ісіне қатысты мәселелерді қарамайды. Дегенмен, мәселенің маңызды екенін түсіне отырып, министрлік "ҚазАгроға" сұрау жолдапты.

"Холдинг өз еншілес ұйымының жауабын бізге ұсынды. Онда "Ақтан Агроның" өзара келісімдік міндеттемелерді жүйелі түрде орындамай келгені айтылған. Сондай-ақ кәсіпорын келісім шарттарын өрескел бұзған, "ҚазАгроҚаржы" талаптарын елемей келген. Бұдан бөлек, мерзімі өтіп кеткен төлемдерін өтеуге қажетті сомасы жоқ болып шықты. Осыған байланысты "ҚазАгроҚаржы" қазіргі уақытта заңда бекітілген тәртіппен берешекті қайтару шараларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр", – деді Шаймерден Ахметов.

Бұл даудың соңы қалай шешілері әзірге беймәлім.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу