Шенеуніктер шетелдегі байлығын құтқаруда

21306

Заңнамада тосын "саңылаулар" пайда болуы ықтимал. 

Шенеуніктер шетелдегі байлығын құтқаруда

Қырымды қосып ала сала, Ресей Путиннің тапсырмасымен экономикасын деофшоризациялауға және жат мемлекеттердегі капиталын қайтаруға белсене кірісті. Себебі шетелдік банктердегі есепшотта немесе банктік ұяшықта бар байлығын сақтайтын ресейлік шенеуніктер батыстық барлау қызметтерінің құрығына түсуі мүмкін: ақшаңды, алтын-гауһарыңды, акцияларыңды тәркілейміз деп шантаж жасайды, айтқанын істетеді, құпияларды тасытқызады. Алайда сарапшылар, биліктегілер жымын білдірмей, бұл процесті тып-тыныш қана тежеп тастағанын айтады. Мысалы, Экономикалық зерттеулер орталығының басшысы, экономист Василий Колташов Ресейде нағыз офшорсыздандыру үрдісі сол бойы жүзеге аспағанын айтады.

Қазақстан көршінің "киімін" шақтап көрмек

Биылғы жолдауында Қ.Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін ұсынды: ол 2021 жылы мемлекеттік қызметшілердің, Парламент депутаттарының, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуына, қолма-қол ақша және бағалы заттарды сақтауына тыйым салынатынын мәлімдеді.

Жолдауды іске асыру үшін Президент 14 қыркүйекте жарлық шығарып, жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол бойынша шетелде дүние-мүлік сақтауға шектеу енгізу тапсырмасы қысқа мерзімде орындалуы керек: заң 2020 жылғы желтоқсанда қабылданбақ.

Тиісті заң жобасы дайын. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеп шықты. Дегенмен құжат тұжырымдамасында Президент айтқан шектеулерге біраз босаңсу, жеңілдіктер қарастырылыпты.

Сонымен заң жобасына сәйкес, егер шенеунік, депутат, судья шетелдегі депозиті мен ұяшығын жаппаса, бұл оны лауазымынан босатуға соқтырады. Сондай-ақ ондай шектеуді қабылдаудан бас тартқан адам ешқашан мемқызметке тұра алмайды, депутаттыққа кандидат болып, сайлауға түсу құқығынан айырылады.

Алдағы қаңтарында Мәжіліс сайлауы болатыны айтылды. Демек мұндай заңның шұғыл қабылдануы аса өзекті. Құжат уақытында күшіне енсе, Nur Otan праймеризінің жеңімпазы атанған шенеунік, саясаткер, саясаттанушы, блогерлерге осындай жаңа іріктеуден өтуге тура келмек.

Бірақ олар заңдағы олқылықты өз орайына пайдаланып кетуі мүмкін.

Қандай жеңілдіктер бар?

Біріншіден, "өтпелі кезең" берілгелі тұр. Ол бір тоқсанға созылады.

"Қазақстанның шегінен тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды не салымдарды жабу үшін, сондай-ақ мемлекеттік қызметке жаңадан кіретін адамдарға, шетелдегі жұмыстан, оқудан, емделуден оралатын мемқызметшілерге және басқаларға шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтату үшін 3 ай мерзім көзделеді", – делінген құжатта.

Дегенмен әр адам үшін бұл үш ай қай күннен басталатыны нақтыланбаған. Мысалы, әшкереленген күннен бастап бір маусым уақыт берілер болса, онда бұл ұзаққа кетпек. Себебі көбісі әшкереленбейді.

Екіншіден, шенділердің үлкен тобы бұл шектеуден мүлдем құтылмақ.

"Шетелдік банктерде есепшоттар-салымдар ашу және оларды иелену бойынша шектеулер Қазақстанның шетелдегі мекемелеріне, өкілдіктеріне және Қазақстан атынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген немесе іссапарға жіберілген, сондай-ақ шетелде оқып, тағылымдамадан өтіп немесе емделіп жүрген мемқызметшілерге қолданылмайды", – дейді заң жобасының тұжырымдамасы.

Басқаша айтқанда, егер еліміздегі биік лауазымды тұлға, министр не депутат шетелдегі есепшотын, банктік ұяшығын өзге елде оқитын, тұратын не елшілік пен консулдықта істейтін баласының, туысының, ашынасының атына қайта тіркей салса, оны жабуды құзырлы органдар талап ете алмайды.

Әрине, бұл шетелдегі дипломаттар, сонда емделіп жатқан шенеуніктер мүлдем ақшасыз қалмауы үшін жасалуы мүмкін. Алайда Қазақстанда шекарадан сыртқа тұтас чемодан толы ақша алып өтуге тыйым салынбаған, тек декларация толтырса жеткілікті. Сонымен бірге шетелде жүрген мемқызметшілерге, сондағы отандық дипломаттарға не емделуші шенеуніктерге сол жақта депозит ашудың не үшін қажет екені белгісіз. Заң жобасын Парламентте талқылауға аз уақыт қалып тұр. Ендеше мұндай кілтипан-гәптарды пысықтап жатуға депутаттық корпустың мүмкіндігі болмауы ықтимал.

Үшіншіден, заң жобасы бойынша қазақстандық шенеуніктерге шетелдегі туыстарынан не өзге адамнан мұра-мирас алуға рұқсат етіледі.

"Шетелдік банктердегі ақшалай салымдарды мемлекеттік қызметшілер сонымен қатар мұраны қабылдау нәтижесінде де алуы мүмкін. Шетелдік банктегі мұндай шотты жабу үшін мұра қабылданған күннен бастап 6 ай мерзім көзделетін болады", – деп жазылған тұжырымдамада.

Бұл кейін есепшотты жаппай, сақтап қалудың бір схемасына айналмасына кепіл жоқ.

Төртіншіден, тағы бір жеңілдік көзделуде: егер шенеуніктің не депутаттың есепшотын, банктік ұяшығын шет мемлекеттің құзыретті органдары бұғаттаса, басқалай билік етуге тыйым салса, онда Қазақстанның құзыретті органы оны жабуды талап етпейді. Бұғаттаудың алып тасталуын жылдап болса да күтеді. Содан кейін тағы 3 ай береді.

"Осы аталған немесе мемқызметшілердің еркіне тәуелді емес өзге де мән-жайларға байланысты есепшоттарды жабу, қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтату жөніндегі талаптарды орындай алмаса, мұндай талаптар бұғаттау тоқтатылған, билік етуге тыйым салынған немесе өзге де мән-жайлар күшін жойған күннен бастап үш ай ішінде орындалуға тиіс. Заң жобасында іс басындағы шенеуніктер, мемлекеттік лауазымдарды атқарып жүрген адамдар үшін бұдан басқа да өтпелі ережелер көзделетін болады", – дейді тұжырымдама.

Сарапшылар түлкібұлаңға салмай, шетелдік банктердегі есепшоттар мен ұяшықтарды еш жеңілдіксіз, шұғыл жауып тастауды талап етпей, жемқорлықпен күрес пәрмен алмайтынына назар аудартады.

"Офшорсыздандыру, шетелдегі салымдарды жапқызу – күйзеліс заманында отандық экономиканы қолдаудың және дамытудың қажетті тәсілі болып табылады. Өзге елдерде жатқан миллиардтар кез келген жолмен елге қайтарылуы керек. Әйтпесе, екі рет жүргізілген капитал амнистиясы елге еш пайда әкелмеді. Тек қылмыстық жолмен жылыстатылған ел қаржысын заңдастырып берді. Тіпті, ол капиталды Қазақстанға әкеліп, отандық банкке салу шарты да жойылғаны белгілі. Оның үстіне шетелде жинағы немесе ұяшығы бар шенеуніктер – мемлекеттілікке төнген қауіп, ол шпиондардың құйыршығына айналуы мүмкін", – дейді экономист Марат Ерғозин.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу