Шенеуніктердің айлықтың аздығына қатысты шағымы көбейді

8019

Салықшылар дәйегі өтірік болып шыққаны ма? 

Шенеуніктердің айлықтың аздығына қатысты шағымы көбейді

Кезінде Елбасы "мемлекеттің бухгалтериясы" деп атаған Қаржы министрлігіне бұған дейін айлықтарының шайлығына жетпей жатқаны жөнінде өңірлердегі мемлекеттік қызметшілерден шағым көп түсетін, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.

Енді Қаржы министрлігінің өз қызметкерлері де жалақыларының аздығына арыздана бастады. Атап айтқанда, кеден мен салық органдарына жауапты Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері базалық айлықақысына үстеме қосуды сұрап отыр. Олар Еуразиялық одаққа кіретін елдердегі әріптестері өздерінен бірнеше есе көп алатынын алға тартады.

Шынында солай ма?

"Мемлекеттік кірістер органдарының қатардағы қызметкерінің орташа жалақысы 104 мың теңгені, аудандық басқармада – 97,7 мың теңгені құрайды. Бұл – барлық салықтар мен төлемдерді алып қойғаннан кейінгі қолына алатын сомасы. Мұндай жағдай тәжірибелі кадрлардың кетіп қалуына соқтырады. Олар білімі мен машық-дағдыларын жеке секторда қолдануға құлшынады. Салдарынан, жұмысынан босатылған жұмыскерлер саны жыл өткен сайын өсуде. Мәселен, 2017 жылы 950 адам кетіп қалса, 2018 жылы бұл сан – 1038-ге, 2019 жылы – 1273-ке, ал былтырғы жылы – 1658 адамға жетті", – деп хабарлады комитет.

Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсақ шенеуніктердің төмен жалақысын – коррупциялық тәуекелдің бірі санайды. 2020 жылы сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен мемкірістер органының 25 қызметкері ұсталған. 2019 жылы оның тағы 34 қызметкерінің қолына кісен салыныпты. 

"Еуразиялық одақ мемлекеттеріндегі және көрші елдердегі ұқсас сала қызметкерлерінің жалақысына жүргізілген салыстырмалы талдау көрсеткендей, Ресейде фискалды органдар қызметкерлерінің жалақысы Қазақстандағыдан 4,5 есеге көп (468 мың теңге), Өзбекстанда - 3,7 есеге (388 мың теңге), Беларусте – 1,4 есеге (150 мың теңге), Қырғызстанда – 1,15 есеге (120 мың теңге) жоғары", – дейді мемкірістер комитеті.

Оның дерегінше, басқа елдерде кеден саласы мамандарының сыныптық шені және арнайы атақтары базалық айлықақысына қосымша үстеме төлеуге мүмкіндік беретін көрінеді.

"Кеденшілер өткізу бекеттерінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің өкілдерімен бірдей жағдайда жұмыс істейді. Бұл ретте негізгі жалақысы сыртында ҰҚК Шекара қызметінің қызметкеріне оның отбасындағы әрбір мүшесі үшін баспана жалдауға қосымша 22 мың теңгеден, күн сайынғы тамағына – 1,5 мың теңгеден бөлінеді. Сондай-ақ оның 1 жылғы жұмыс өтілі 1,5 жыл ретінде есептеледі", – деп қызыға әрі қызғана қарайды МКК.

Сондықтан ведомство қызметкерлері қордаланған проблеманы кешенді шешу ісі пісіп-жетілген деп есептейді. Бұл үшін олар мемкірістер органындағылардың мәртебесін арттыруды сұрады.

"Бұл жұмысты МКК қызметкерлеріне сыныптық шен тағайындау, базалық айлықақысына үстеме қосу, бірыңғай формалық киім енгізу арқылы жүргізу ұсынылады. Аталған шаралар мен тәсілдер органдағы сабақтастықты сақтауға, коррупция деңгейін төмендетуге айтарлықтай дәрежеде мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді меморган.

Айтқандай, қазақстандық салықшылар да, кеденшілер де кеңес кезінен ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығына дейін погон тағып жүрді. Арасынан қаншама генералдар шықты. Мысалы, салық полициясының генерал-майоры, салық органының генерал-лейтенанты дегендер қаптады.

Содан Елбасы "елімізде погон таққан оқалы жағалылар тым көбейіп кетті" деп сынағаннан кейін ел Үкіметі заң жобасын әзірлеп, мемкірістер органдары қызметкерлерін сыныптық шенін сыпырып алды да, оларды бизнес пен халыққа қызмет ететін қарапайым мемқызметкер деңгейіне түсіріп тастады. Погондар мен шендер негізінен елдің қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен қоғамдық тәртіп қорғанында тұрған Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК секілді органдар қызметкерлерінде ғана қалды. 

РФ салықшысының орташа жалақысы – 30 мың

Салықшылар мен кеденшілер сол ескі заманның қайта оралуын аңсап отырғандай. Біз "лобби жасаушы" меморганның дерегіне құлай сенбей, оның келтіріп отырған дәйектемелерін өз бетімізше тексеріп көрдік. Мысалы, ресейлік әріптесіміз, көптеген меморгандардың баспасөз хатшысы, пиаршысы болған Алексей Соловьев Ресейде қатардағы кеденшілер Қазақстандағыдан 4,5 есе көп жалақы алады деген байламды жоққа шығарды.

"Ресейдің салық инспекциясында жұмыс істеуге адамдар құлшынбайды. Себебі, бұл құрылым қызметкерлерінің айлығы төмен. Біздегі салық қызметінің жағдайы адам қызығарлықтай емес. Біріншіден, кадрлар тапшылығы, өзге салаларға кетуі байқалуда. Бұл олардың атқаратын жұмысының сапасына кері әсер етеді. Сонымен бірге жекелеген ұйымдарының бедел-репутациясы сорлауда. Екіншіден, статистикаға сәйкес, Ресей салық қызметі жұмыскерлерінің айлықақысы 2006 жылдан бері көтерілмепті. Ресейде бұл қызметкерлердің бір айлық еңбекақысының орташа мөлшері 30 мың рубльді құрайды. Биылғы 2021 жылы салықшылардың айлықақысын 10%-ға көтеру жоспарланып отыр", – деді Алексей Соловьев.

Ол "Росстат" мәліметі бойынша өңірлердегі салықшылардың орташа жалақысына қатысты деректі ұсынды: Ресей аймақтарында айлықақы одан да төмен көрінеді.

Мысалы, Калуга, Тамбов облыстарында, Дағыстанда, Ингушетияда, Кабардин-Балқар, Қарашай-Шеркес республикаларында, Солтүстік Осетия – Аланияда, Шешенстанда – 12 180, Калининград облысында, Қалмақияда – 13 000, Иванов, Кострома, Тула облыстарында, Адығай республикасында – 14 000, Белгород облысында – 15 300, Астрахан облысында және Башқұртстанда – 16 000, Татарстанда – 18 000, Воронеж облысында – 25 000, Владимир облысында – 28 000, Мәскеу облысында – 33 500, Мәскеу қаласында – 36 300 рубль.

Яғни, тіпті Мәскеудің өзіндегі қызметкерлердің жалақысын алсақ, бүгінгі рубль бағамына шаққанда 203 мың 280 теңге ғана шығады.

Ендеше Үкіметті иліктіруге тиісті "ресейліктер біздікінен 4,5 есеге көп немесе 468 мың теңге алады" деген мәліметті қайдан алғаны белгісіз.

"Бізде салықшылар мен кеденшілер төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлерге қызыға қарайды. Біріншіден, олардың жалақылары жоғарылау әрі жыл сайын көтеріледі. Сонымен бірге, полицейлер де, өрт сөндірушілер де көптеген жеңілдіктері пайдаланады. Сол себепті олардың қызметкерлерінің тұрмыс сапасы біршама тәуір. Ал Ресейдің салық қызметі бұл артықшылық-привилегиялардан жұрдай", – дейді ресейлік сарапшы.

Қалай болғанда, қазақстандық салық қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы қосу мәселесін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың өзі ілгерілетуде. Ол осы мәселені Үкіметтің отырысында көтерді. Министр "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі мен антикоррупциялық орган бірлесіп жүргізген жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелерін алға тартты: талдау қорытындысында мемкірістер органы – елдегі коррупцияға ең бейім орган болып танылған көрінеді. Е.Жамаубаев жемқорлыққа итермелейтін негізгі фактор ретінде "төмен жалақыны, әлеуметтік қорғалмауын, жоғары жауапкершілік пен жүктемені атады".

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу