Наурыз айында ақпарат құралдары жаппай сүйіншілеген тақырыптарға толды: "Қан донорларына берілетін төлемдер ақыры өсетін болды" дейді. Бұл үміттің отын Премьер-министрдің өзі жақты. 2026 жылғы 19 наурызда, Сенатқа жауабында ол елімізде донорлық қозғалыстың жанданып, жаңғыруының кең ауқымды көкжиегін "бейнеледі". Бірақ бұл "көкжиек" жетуі мұң сағымға ұқсап барады.
"Донорлық саласындағы мемлекеттік саясатқа және ақшалай балама көлемін ұлғайтуға қатысты мынаны хабарлаймын: 2026-2028 жылдарға арналған нақтыланған бюджетті қалыптастыру аясында донорлар үшін тегін тамақтанудың ақшалай баламасының мөлшерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі 2028 жылға дейінгі Қан донорлығын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуде, ол гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялауға дейінгі медқызметтер тізбесін кеңейтуді қоса алғанда, жалпы мемлекеттік саясатты жетілдіруді көздейді", – деп мәлім етті Олжас Бектенов.
Премьер тіпті бертінде жойылған "Құрметті донор" ведомстволық наградасын қайтаруға уәде бергенде сенаторлардың көңілі босады. Бектеновтың мәліметінше, төсбелгінің жаңартылған эскизі пысықталды және тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер де дайындалды.
Бұған қоса, ауруларға инфекциялы қан құйылып кетпеуі үшін қан компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берілетіні жарияланды. Ол үшін донорлық қанды екі кезеңдік скринингтен өткізу, оның компоненттерін өңдеу заманауи әдістері енгізілді, инфекциялық және иммунологиялық қауіпсіздік бақылауы күшейтілді.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы сала дәрігерлеріне де жүрекжарды жаңалығын жеткізіп, қуантты: азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру аясында енді трансфузиологиялық бейіндегі мамандардың жалақысын көтеру мәселелері қаралатын болады.
Жоспары – таудай, қаржысы – тарыдай
Алайда ақыр соңында тау толғатып, титімдей де тас туа алмағандай болды. Өйткені екі ортаға бюджеттік шектеу килікті. Үкімет басшысының ізінен Қаржы министрі Мәди Такиев сахнаға шығып, қоғамның желпінген көңілін су сепкендей басты. Ұстанымы келесідей: бұған ақша жоқ және таяу арада табылмайды. Сондықтан Үкіметтің салық-қаржы блогы донорлардың мүддесін ілгерілетуге тырысқан Денсаулық сақтау министрлігіне оларды көтермелеудің материалдық емес жолдарын іздеуді ұсынды. Яғни, рахмет айтып шығарып сал дегені. Әйтпесе, алғыстан басқасы бәрібір ақша шығаруды талап етеді.
Енді мәселенің мәнісіне толығырақ тоқталсақ: жақында бір топ Мәжіліс депутаты Премьерге емес, Қаржы министріне тікелей жүгініп, республикалық бюджет есебінен донорларға берілетін өтемақыны тым жұтаң 0,25 АЕК-тен 1–1,25 АЕК-ке дейін арттыру мүмкіндігін қарастыруды, сонымен бірге "Құрметті донор" мәртебесін қайтаруды өтінді. Бұл кезде Олжас Бектенов дәл осы мәртебенің қалпына келтірілетінін, тіпті эскизі де дайын екенін көпшілік алдында мәлімдеп қойған еді.
Бірақ мұның анық-қанығын елдің бас қаржыгерінен нақтылаған мәжілісмендер бірдеңені біледі екен. Мәди Такиев түсіндіргендей, Үкіметтің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі №792 қаулысымен Қазақстанда жаңа әлеуметтік бастамаларға мораторий енгізіліпті: бұл тыйым 3 жылдан астам уақытқа созылады! Донорларға өтемақыны көтеру дәл осы тыйымға жатқызылған.
"Республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландыру және басымдықтарды айқындау мақсатында 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау кезінде бюджет қаражатын бөлуге мораторий енгізілді. "Құрметті донор" мәртебесін қалпына келтіру де республикалық бюджеттен қосымша шығыстар бөлуді талап етеді! Осыған байланысты, Қаржы министрлігі Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі меморгандармен бірлесіп, қан донорларын материалдық емес көтермелеу шараларын қарастыруды ұсынды", – деді министр Мәди Такиев.
Тиын мен татымсыз түскі асқа бағаланған өмір
Қаржы министрі сондай-ақ 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте Денсаулық сақтау министрлігіне ТМККК шеңберінде қан донорларына өтемақы төлеуге 809,8 млн теңге сомасында шығыстар қарастырылғанын хабарлады. Оның ішінде 2026 жылға – 257,8 млн теңге, 2027 жылға – 274,2 млн теңге, 2028 жылға – 277,8 млн теңге. Алайда, бұл өсім тек АЕК-тің артуымен байланысты және өтемақының өзін көтеруді қарастырмайды: ол алдағы жылдары да бұрынғысынша 0,25 АЕК деңгейінде қалатын көрінеді.
Бұл жаңалық депутаттардың да қабырғасын қайыстырды. Донорлар ұзақ жылдан бері өтемақыны жоғарылату үшін алысып келеді. Тіпті күні кеше осыған тікелей Үкімет басшысының ақ батасын алғандай көрінген. Енді бәрі 2029 жылға дейін "қатырылғанға" ұқсайды.
Мәжілісмен Қарақат Әбден әңгіме жүздеген мың қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы туралы болып отырғанын қаперге салды және бұған шенеуніктердің неге сонша салғырттық танытып отырғанын түсінбейді. Қан донорлығынсыз заманауи медицина жұмыс істей алмайды. Қан тапсыру деген – бір реттік қайырымдылық немесе әдемі науқан емес, бұл жедел жәрдем немесе реанимация сияқты тіршілікті қамтамасыз етудің тұрақты түрде аса қажетті жүйесі.
Қазақстанда 19 қан орталығы жұмыс істейді: 2 республикалық, 15 облыстық және 2 қалалық. Осы 19-ы 420 аурухананы қан компоненттерімен қамтуға міндетті. Денсаумин жыл сайын жаңа ауруханалардың ашылғаны, төсек-орын мен операциялар санының күрт артқаны туралы есеп беріп жатады. Осыдан қисынды сұрақ туындайды: мемлекет олардың бәрін қан және оның компоненттері сияқты негізгі ресурстармен қалай жете жабдықтауды жоспарлап отыр? Өйткені трансфузиологтардың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын халықтың небәрі 1,2%-ы ғана донор болады: бұл шамамен 215 мың адам ғана.
Донор жігерін қайырымдылық инфляциясы жалмауда
Дәрігерлер қан тапсыруға ниет білдірушілер санының жыл сайын азайып бара жатқанына алаңдаулы. Бұл құлдыраудың қорқынышты салдары бар: қан – Қытайдан тапсырыспен алғыза салатын, тендер арқылы сатып алынатын, не зертханада қолдан синтездеуге болатын тауар емес. Ол – адамнан адамға, жүректен жүрекке берілетін баға жетпес құндылық.
Егер сіз Қан орталығына барып, жарты литр қан тапсырсаңыз, сізге бекітілген қағида бойынша 0,25 АЕК (2026 жылы 1 081 теңге) көлемінде өтемақы береді. Бұл әлсіздіктен құлап қалмай, төмендегі асханаға түсіп, ас ішуіңіз үшін қажет. Алайда мың теңгеге ыстық тамақ іше алмайсыз. Әрі кетсе, бір самса не бәліш аларсыз.
Депутаттарды қынжылтатыны, Үкімет өтемақыны 20 жылдан бері көтермеген. "Қанымен бөліскен жан денсаулығымен де бөліседі" дейді мамандар. Осылайша, басын бәйгеге тігіп, қанын қиған, қайырымдылық жасаған жандарға шенеуніктер қайырымсыздық танытып келеді.
Қазақ тағамтану академиясының ұсынысына сәйкес, қан тапсырған күні донор күш-қуатын қалпына келтіру үшін ең кемі 4 700 ккал құрайтын рационмен тамақтануға тиіс. Мұндай түскі астың нақты құны 5 мың теңгеден (1,25 АЕК) асады. Яғни, қазіргі төлейтіннен 5 есе көп болуы шарт.
Мәселенің мән-жайына қанық емес көпшілік: "Қан тапсыру деген не тәйірі? Жұмсақ креслода аз-кем жатып, қаныңды бөлісесің де жөніңе жүре бересің!" деп жеңілтек ой түюі мүмкін. Бірақ донорлардың әңгімелеуінше, бойдағы барлық өзгеріс қан орталығынан шыққанда басталады: тәндегі айналдырған 4-5 литр қанның жарты литрінен лезде айрылған ағза әрбір жасушаны шектеп, жаппай "үнемшілдік" режиміне көшіреді, жан дүние бұлқан-талқан болып, ішкі арпалыс басталады.
Тіпті, аяқ астынан дүние шыр айналып, есіңізден танып құлауыңыз немесе үнемі дел-сал күйде болып, қорғасындай ауыр ұйқының құшағына еніп, еңсеңіз езілуі ғажап емес. Мұндай сәтте үй шаруасы түгілі, жұмыстағы үйреншікті міндеттердің өзі алынбас асудай көрініп, қауқарыңыз ештеңеге жетпей қалуы әбден мүмкін. Бұл "рухани және физикалық тоқырау" ағза жоғалтқан қазынасын қайта түгендеп, қалпына келтіргенше, яғни, қырық күнге дейін созылуы ықтимал.
"Егер мемлекет беретін өтемақы ағзаның бір күнгі негізгі физиологиялық шығындарын да өтемейтін болса, донорға деген қамқорлық туралы қалай айтуға болады? Мән-жайды түсіну үшін өзге елдердің үлгісіне үңілген де пайдалы: мысалы, Ресейде донорларға өтемақы шамамен 9 мың теңгеге барабар. Беларусьте – шамамен 6,6 мың, Германия мен Австрияда – 27 мыңға дейін, АҚШ-та – 33 мың теңгеден асады. Біз қан тапсыруды коммерцияландыру туралы сөз қозғап отырған жоқпыз. Бұл өзгелерді құтқару үшін өз денсаулығының бір бөлігін ерікті түрде бөлісетін адамға деген құрмет туралы", – дейді депутат Әбден.
Қазақстан онкологиялық ауруларды, ауыр жарақаттарды және қан ауруларын емдеудің негізгі компоненті – донорлық тромбоциттер тапшылығына тап болды. Қан тапсырудан айырмашылығы, бұл процедура адамды қажытады: оны алу екі сағатқа дейін созылады, донор үшін ауырлау тиеді, әрі тапсырмас бұрын алдын ала мұқият дайындалуды талап етеді. Бірақ мемлекет бұл жерде де ешқандай айырмашылық көрмегендей кейіп танытады: тромбоцит донациясы үшін де сол баяғы 0,25 АЕК! Салдарынан, депутаттардың дерегінше, еріктілер бұл донорлыққа көп қызығушылық танытпайды екен.
Тромбоциттерге деген негізгі мұқтаждық елдің ірі онкогематологиялық орталықтары орналасқан ірі қалаларында өткір тұр. Есептеулер көрсеткендей, донорларға төлемді ең құрыса, 1 АЕК-ке дейін ұлғайту мегаполистер қазынасына жылына небәрі 17–28 млн теңгеге түсер еді. Бұл қала деңгейіндегі 1 орташа мерекелік іс-шараның ғана шығыны.
Денсауминнің Республикалық қан орталығы мамандарының түсіндіруінше, донорлар жарты литрге дейін қан тапсырады және оны кейін қалпына келтіруге 40 күнге дейін уақыт кетуі мүмкін.
"Салмағы 55 келіден асатын және бойы 150 см-ден жоғары донордан тұтас қан мен эритроциттерді алу 450 мл ± 10% көлемінде жүзеге асырылады. Бұған қоса, одан зертханалық зерттеулер мен қан үлгісі ретінде сақтау үшін тағы 30–35 мл қан алынады. Медицина үшін мейлінше көп адамның қанды 450 миллилитрлік толық дозамен, ал, плазманы – 600 мл көлемінде тапсырғаны өте маңызды! Дәрігерлерге бір науқасқа қанды үлкен ауқымда, литрлеп құюға тура келеді: сол қан неғұрлым аз донордан алынса, оның емдік қасиеті де, қауіпсіздігі де жоғары болады", – деп түсіндірді орталықтағылар.
39 жылдық донор Жанәділ ағай өткенді аңсамаса да, кеңес заманында ынталандыру жүйесі мықты болғанын еске алуға мәжбүр. Тәжірибелі донорлар ІІІ дәрежелі "КСРО доноры" және "Қан тамшысы" төсбелгілерімен, тіпті "КСРО Құрметті доноры" мәртебесімен марапатталатын. Бұл атақтарға ие адамдар жылына бір рет шипажай-курортқа тегін баратын. Жылдың өздеріне ыңғайлы маусымында қосымша ақылы демалыс ала алатын, өзге де жеңілдіктері болған.
РФ мұның бір бөлігін сақтады: "Ресейдің құрметті донорлары" тұрғын үй және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша жеңілдіктерге, сондай-ақ таксиден басқа көліктерде тегін жол жүру құқығына ие.
"Таяуда бір керемет жаңалық оқыдым: АҚШ-та плазма донорларына төленетін жалпы төлем сомасы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетудің федералдық бағдарламасының бюджетінен де асып түсіп, 4,7 млрд долларға жетіпті. Америкада бір қан тапсырған адамға 70 доллардан көп ақшаны қолма-қол санап береді. Бұл елдер қанның шын қадірін түсінеді. Ересек адамда небәрі 4–5 литр қан болады: донор бірден 450 мл-ден астам қанын, яғни, жалпы көлемнің шамамен 7–13%-ын береді. Қалпына келу 40 күнге дейін ұзайды. Осы уақыт ішінде адам өзін нашар сезінуі, жұмыс өнімділігі төмендеуі, тіпті кейде басшысынан сөз естіп, қызметінде төмендеу немесе жұмыстан шығып қалу қаупі төнуі мүмкін", – дейді донор Жанәділ.
Оның пікірінше, жағдайды өзгерту және донорлық базаны кеңейту үшін өтемақыларды бірнеше есе арттыру қажет.
Донорлықтың "Ұлы депрессиясы"
Өз кезегінде сенатор Әлішер Сатвалдиев бұл жерде жай ғана кезекті әлеуметтік төлем туралы емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне – шұғыл медициналық көмектің, онкогематологиялық емдеудің, трансплантологияның, жоғары технологиялық хирургияның және басқасының жұмысына төнген сын-қатер туралы болып отырғанын нықтады. Оның бәрі тұрақты донорлық резервтің болуына тәуелді.
"Қан қызметі жүйесі оның тұрақтылығына нұқсан келтіретін сын-қатерлерге тап болды. Соның ішіндегі ең өткірі – донорлардың қан тапсыруға деген ынтасының төмендеуі. Тамақтануға арналған 0,25 АЕК өтемақы белгіленгелі бері елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай адам танымастай өзгерді: азық-түлік пен қызмет көрсету бағасы қарқынды қымбаттады, тұтыну құрылымы өзгерді, төлемдер сірескен күйі қалды. Соның кесірінен түскі астың ақшалай баламасы еш мағынасы, ынталандыру күші жоқ бос дүниеге айналды", – деп түйіндеді сенатор.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсынымынша, елдің қауіпсіздігі үшін жылына 1000 тұрғынның кемінде 33-35-і қан тапсырып тұруы қажет. Қазақстанда бұл көрсеткіш, әдетте, 15-20 донациядан аспайды, бұл созылмалы тапшылықтан хабар береді. Өзін-өзі қанмен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету деңгейіне жету үшін донорлық белсенділік халықтың кемінде 2,5%-ын қамтуға тиіс. Қазақстанда қазіргі деңгей шамамен 1,2%-дан аса алар емес.