Шенеуніктердің қателігі салдарынан кәсіпкердің миллиондаған қаржысы "күйіп" кеткелі тұр

3198

Даулы мәселені шешуге кәсіпкерлер палатасы кірісті.

Шенеуніктердің қателігі салдарынан кәсіпкердің   миллиондаған қаржысы "күйіп" кеткелі тұр

"Абетанов" шаруа қожалығы 2018 жылы Павлодар ауданынан жер телімін алып, өсімдік шаруашылығымен айналыса бастады. Осы уақыт аралығында өз қаржысы есебінен электр энергиясы желілерін жүргізді, тамшылатып суаруға қажет техникалар сатып алып, сорғы станциясын орнатты. Бұл алқапта өсірілетін көкөністерді сақтайтын қойма да салды. Жұмыстардың барлығын атқару үшін 25 млн теңге көлемінде жеке инвестиция жұмсады. Ал енді мемлекет кәсіп дөңгелетуге дайын аумақты тартып алмақ. Себебі, Павлодар аудандық жер қатынастары бөлімі жерді ресімдейтін кезде құжаттар толтыруда олқылықтар жіберіп, мақсатын дұрыс көрсетпеген.

"Қазір көктемгі егіс жұмыстарын қолға алып, тұқым салуға кірісуіміз керек. Оның орнына шенеуніктердің қателігі үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүрміз. Мәселе оң шешімін таппаса, үш жыл бойы жұмыс істеген жер телімінен де, оған құйылған қомақты қаржыдан да қағылатын түріміз бар", - дейді шаруашылық өкілі Жанар Абетанова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мүбарак Жақыповтың айтуынша, бұл ретте кәсіпкердің еш кінәсі жоқ.

"Аудандық прокуратура қызметкерлері жергілікті атқарушы органның жерді жалға беру тәрібін тексеруі барысында заңғы қайшы әрекеттер анықталған. Содан соң аудандық жер қатынастары бөлімі шаруа қожалығына жер телімін ерікті түрде қайтарып беруі туралы хабарлама жіберген. Бірақ бұл – кәсіпкердің емес, аудандық бөлімнің өз кінәсі", - дейді Мүбарак Жақыпов.

Шенеуніктер даулы мәселеге нүкте қою үшін жерді пайдаланудың мақсатын өзгертіп, қайтадан мемлекеттік конкурсқа шығармақ. Бұл кезде учаскенің дәл осы шаруашылыққа бұйырарына еш кепілдік жоқ. Ал бұған дейін "Абетанов" ШҚ басшылығы аталмыш мемлекеттік орган ұсынған өзге жер телімін жалға алудан бас тартыпты.

Жергілікті билік кәсіпкер 25 млн теңгелік инвестициясын сот арқылы өндіріп ала алатынын айтады. Сотта мемлекеттік мекеменің кінәсі дәлелденіп, қомақты қаржыны төлеуге міндеттелсе де бұл сома қателікті жібергендердің қалтасынан емес, бюджет есебінен төленеді. Ал шаруалардың "бас қайғысына" айналған мәселенің себепкерлері – аталмыш бөлім қызметкерлері біраз уақыт бұрын жұмыстан шығып кеткен екен.

Жанар Абетанованың айтуынша, бұған дейін осыған ұқсас жағдай басқа ауданында орын алған.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын Тереңкөл ауданындағы жер учаскесін 49 жылға жалға алған едік. Кейін қағаздарды ресімдеу кезінде қателік кеткені анықталып, тағы да жерден айырылдық. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин араласқан соң ғана жерді қайтарып берді. Ал мемлекеттік органның бірде бір өкілі жауапкершілікке тартылған жоқ", - дейді кәсіпкер.

Бұл жолы жергілікті атқарушы орган мен шаруашылық арасындағы түйткілді тарқатуға Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура өкілдері араласпақ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу