Шенеуніктердің қатесі үшін жүргізушілерге қаптатып айыппұл жазылуда

2444

Автотұрақтар мәселесі жыл сайын ушығып келе жатқан мәселеге айналды, деп жазады Inbusiness.kz

Шенеуніктердің қатесі үшін жүргізушілерге қаптатып айыппұл жазылуда

Таяуда елорда әкімдігі өзінің дәл іргесінде тек қана жаяу жүргіншілерге арналған арт-көшені ашты. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының имиджін көтеруге тиіс имидждік жоба болатын. Ә.Мәмбетов көшесінің Абай көшесінен Кенесары көшесіне дейінгі бөлігін алған "жаяу жүргіншілер көшесі" қалабасының жасампаз жобасы ретінде ұсынылды. "Нұр-Сұлтан – жайлы қала" мастер-жоспарын іске асыру аясында қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша қоғамдық орындар мен аулалардың құрылысына көңіл бөлінеді" деп дәріптеді әкімдік.

Алайда бұл қадам тұрғындар тарапынан сыни пікірлердің дүмпуін туғызды. Себебі астаналықтар мен қала қонақтарының тынығуына арналған бұл орынға жету қиын екен. Инженер, белгілі дизайнер Сергей Гладских елорда әкімдігіндегі шенеуніктерге шағым жолдады.

"Сіздер "Демалыс Променад" көшесін жасап, сән-салтанатпен аштыңыздар. Ал автокөлік қоятын жер қарастырылмағанын тіпті ойластырмағансыздар. Демалуға барайын десең, оның айналасынан машина қалдыратын орын таппайсың. Жалпы алғанда, қалада автотұрақтарға қатысты өте нашар жағдай қалыптасуда. Ең құрығанда, жаңадан салынған тынығу орындарының айналасында автотұрақ жасақтау керек қой", – дейді. 

Елорда тұрғыны Лада Шевченко автотұрақтың жетпеуі кесірінен енді келушілердің бәрі көліктерін Кенесары көшесінде, жол бойына және аулалар ішіне тастап кетуге мәжбүр болғанын айтады.

Астаналық Андрей Марусов әкімдік алдында тұтас алаң бос жатқанына назар аудартып, соны автомобиль қоюға беруді ұсынды. 

Осы мәселеге қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар мұның әдейі жасалуы мүмкін екенін, "Demalys Promenade" атты жаңа "Арбат" танымал болғаннан кейін ол жерде ақылы автотұрақ пайда болып, әлдекімді байыта бастауы ықтимал екенін алға тартты.

Канаданың тәжірибесін игерсек қайтеді?

Қала тұрғыны Марат Досмұхамедов демалыс орнының ыңғайсыз жерде ашылғанын айтады.

"Ол жер – іскерлік орталық! Айналасында банктер, сәулет және қала құрылысы басқармасы, шетелдік елшіліктер, Нұр-Сұлтан әкімдігі, Қазпоштаның бас ғимараты және басқалары орналасқан. Оның бәрінің келімді-кетімді қонағы көп. Жаяу жүргіншілер көшесін Кенесары көшесінің бойымен Есіл жағалауына дейін жасау керек еді. Сол жақта дәмханалар, дүкендер мен демалыс аумақтары орналасқан. Мұнысы сауатсыз шешім болды", – деген пікір білдірді ол.

Салдарынан, әкімдіктің жете ойластырылмаған бұл жобасы әсіресе, кешкі уақытта осы ауданда көлік кептелісінің ушығуына соқтырады.

Қазақстандағы автотұрақтардың тапшылығы мәселесі Парламентте де көтерілген болатын. Тіпті депутаттық сауал жолданды. Депутаттардың байламынша, ұлан-байтақ жері бар еліміз үшін бұл – парадокс. Оның туындауына шенеуніктердің шолақ ойлы істері ықпал етті.

Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін парламентшілер республика бойынша қоғамдық орындар мен маңызды мекемелер айналасында болуға тиіс автотұрақтар санын белгілейтін нормативтерді қабылдауды ұсынған. Оның үстіне бұл норма – қатып қалған ереже болмауы, әр қала мен елдімекендегі көлік санының өсуіне орай қайта қаралып, ұлғайтылып отыруы керек. Дамыған елдерде солай.

Мысалы, АҚШ пен Канадада "автотұрақ индексі" көрсеткіші қолданылады, ол әр нысанның маңызын, оған келушілер санын есепке алады. Аталған индекске сәйкес, АҚШ-та әкімшілік, іскерлік, сауда, мәдени, ойын-сауық орталықтарында ғимараттың жалпы алаңының әрбір 15–20 шаршы метріне 1 ашық не жабық тұрақ орнынан келуі шарт. Салыстыру үшін айтсақ, осы норма бойынша Нұр-Сұлтандағы "Керуен" сауда орталығының ашық автотұрақ орнының көлемі қазіргісінен 3 есе көп болуы қажет. 

Ал бізде тұрғын үй кешендерінің, сауда ойын-сауық орталықтарының, мемлекеттік нысандардың астындағы жабық автотұрақтар саны ғана реттеледі. Оның өзінде қалалардың бәрінде емес, негізінен Алматы мен астанада ғана.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді таңдап жазалай ма?

Алайда автотұрақтардың жетіспеу проблемасы өзге қалаларға да тән. Мысалы, Ақтау қаласының тұрғыны Айбек Сариев осының кесірінен жүргізушілердің әл ауқатына нұқсан келетінін білдірді.

"Біздің қалада – көшелердің бойында да, аулаларда да автомобиль қоятын орын жетіспейді. Салдарынан, әрбір аулада тұрғындарға өз көліктерін тұрақтан тыс жерлерге, жол шетіне, балалар алаңына, тротуарға, газонға қоюға тура келеді. Мен мысалы, тек бір аумақты – қала орталығындағы 6-шы және 7-ші шағынаудандар түйісетін тұсын шолып шықтым, 50-ден артық көлік осылай тұрақтапты. Екі апта бұрын полиция қызметкері жол шетіне машинамды қойып кеткенім үшін айыппұл жазып кетті. Бұған қоса, полицей мен жоқта мемлекеттік нөмірлік белгімді ағытып алған. Оның барысында нөмірдің пластик бекітушілерін бұзып тастаған, ілмек-қамытын үзген. Мұның әділетті шара екеніне күмәнім бар. Өйткені дәл солай аялдаған өзге көліктерге тиіспепті", – дейді ол.

Тәртіп сақшылары жүргізушіге "егер келіссең, айыппұлдың 50%-ын ғана төлеуге мүмкіндігің болады, ал қарсылық білдірсең, кейін толық сомасын төлейсің" деп ескерткен.

"Сондықтан білетін кісілермен кеңесіп, жағдайды түсінуге, байыбына терең баруға мүмкіндік болмады, тездетіп төлеп тастауға мәжбүр болдым. Шенеуніктер қалада инфрақұрылым түзбей, автотұрақтардың тапшылығын туындатып, осындай ахуалға жеткізгендіктен, биліктің бізді айыппұлмен жазалауы әділетті ме? Жолдар да тым тар. Көліктер жолай бұрыла алатын "қалталар" қарастырылмаған. Ақтаудың инфрақұрылымы 1950-ші жылдары ленинградтық сәулетшілер қалай жобалап кетсе, сол күйде қалды. Заман өзгермеген сияқты. Билік жүргізушілерді жаппай жазалай бастамас бұрын алдымен осы жайында ойласса дейміз. Өйткені олардың көздегені не: жүргізушілердің тәртіп пен ережені сақтауы ма, әлде жұртшылықтың наразылығын, әлеуметтік кернеуді күшейту ме?" – дейді Айбек.

Тәуелсіз автомобилистер одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың айтуынша, мысалы, Жапонияда қатаң ереже әрекет етеді: жапондық азамат көлік сатып алмас бұрын оны қоятын және сақтайтын автотұрағы барын дәлелдеуі қажет. Әйтпесе, алуына рұқсат жоқ.

Э.Эдоков Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде де, жол қозғалысы ережелерінде де көлікті тротуарларға, гүлзәрларға, балалар және спорт алаңдарына, жол бойына қалдырып кетуге тыйым мен айыппұл салуды қарастыратын баптар жетерлік екенін жеткізді. Бірақ ол шектеулер ішінара қолданылады.

"Егер қазір ұлы науқан бастап, осылай тұрақтағанның бәрін тіркеп, жаппай жазалауға кіріссе үлкен наразылық пен көңілтолмастық туады. Бірақ заң бар, жаман ба, жақсы ма, автомобилистер оны сақтағаны жөн", – дейді бірлестік төрағасы.

Ал жазаның ішінара ғана қолданылуы жекелеген жүргізушілердің ашынысын туғызады, олар өзін кемсітілгендей сезінеді, сөйтіп, жан-жаққа арызданады. "Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады" дегеннің кері.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу