Шенеуніктерге 4 жалақысы көлемінде жәрдемақы төленеді

5724

Анар Жайылғанова қысқаратын мемқызметшілерге құнды ақыл берді. 

Шенеуніктерге 4 жалақысы көлемінде жәрдемақы төленеді

Мемлекеттік қызметшілер де, ұлттық компаниялардың қызметкерлері де "Жаңа жылды" жабырқаңқы көңіл-күймен қарсы алатын түрі бар. Олардың мойындауынша, біразы "жуық арада қысқартуға ілігетіні" туралы құлақтандыру қағазын алған.

Оның үстіне әлеуметтік желіде тарап жатқан бір жаңалық шенеуніктер мен квазисектор өкілдерінің онсыз да құса көңілін тіптен құлазытты: онда айтылғандай, таяуда меморгандардың және квазимемлекеттік сектор компанияларының штаты бірден 45%-ға қысқартылатын көрінеді. Ал қысқарту есебінен үнемделген қаражатқа қалған мамандардың жалақысы едәуір жоғарылайды екен. Бұл "хатқа" "қысқартылатын лауазымдар тізімінен" тұратын қосымша тіркелген.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұл хабарламаны жоққа шығарып, оны "фейк" деп атады.

"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Осыған орай оған ешқандай үн қатпауға және оны жіберген адресатты "спам таратушы" санатына қосуға шақырамыз. Барлық анық ақпарат Мемқызмет істері агенттігінің ресми интернет-ресурсында жарияланады және Бірыңғай электронды құжатайналым жүйесі арқылы жолданады", – деді ведомство. 

Алайда агенттіктің ресми сайтында қысқарту туралы өзекті ақпарат жоқ. Бұл мәселенің егжей-тегжейі тіпті Қазақстан Президентінің меморган басшысы Анар Жайылғанованы кешегі қабылдауының қорытындысына арналған ақпаратта да айтылмады. Сондықтан шенеуніктердің мазасы кетті.

"Менің сұрағым: бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан мемлекеттік қызметшілерді қысқарту тапсырмасы қаншалықты заңға сәйкес және мемлекеттік қызметшінің құқықтары қаншалықты сақталатыны жайында. Мысалы, бөлімде қысқартуға жататын 3 қызметкерміз, алайда екеуі жұмысқа менен кейін қабылданған, әрі бірі бойдақ жігіт, бірі үйленген. Ал менің үш балам бар және жұмыс өтілім де олардан көп. Бірақ басшылық мені қысқартуға ұсынғаны қаншылықты заңды?" – деп сұрайды агенттіктен шенеуніктердің бірі.

"Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметшілерді қысқартуға байланысты қазіргі кезде жұмыстардың жүргізіліп жатқанын естіп-біліп отырмыз. Өзім 2009 жылдан бастап қазірге дейін мемлекеттік қызметші қатарындамын және 3 топтағы мүгедекпін. Осы жұмыстарға байланысты қысқартуға ілігіп кетеміз бе деген алаңдаушылығым бар және қысқартылуға жатпайтындардың қатарына мүгедектігі бар қызметшілердің кірмегені алаңдатуда", – дейді өз шағымында тағы бір азамат.

Әлия Әбдіхалықова да осы қатарға кіріп кеткеніне қамығады.

"Мен мемлекеттік қызметшімін. Алдағы қысқарту туралы ауызша ескертпе алдым. Бірақ нақты қашан қысқартатынын білмей, алаң күйдемін. Бәлкім, 2020 жыл соңына дейін, бәлкім, 2021 жылы шығарып тастауы мүмкін", – дейді ол.

Кейбір мемқызметшілер биылғы аласапыранда жыл сайынғы демалысқа шығып та үлгермепті: олар алда болатын қысқарту туралы құлақтандыру қағазы қолдарына ұстатылғандықтан "енді сол "отпускіні" көрмей кетеміз бе?" деп қорқады.

Мемлекеттік қызмет ведомствосы ол кісілерге еш қорықпай, жыл сайынғы демалысқа өтініш жазуға кеңес берді. Сонда демалыс ақысы сыртында әдеттегідей 2 жалақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы да қоса төленеді.

"Алдағы қысқарту туралы құлақтандырудың табысталуы сауықтыруға арналған жәрдемақыны төлеуден және еңбек демалысын ұсынудан бас тартуға негіз бола алмайды. Сондықтан 2 лауазымдық еңбекақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысын төлей отырып, іс жүзінде қызмет атқарған мерзімге сай жыл сайынғы еңбек демалысын беру туралы меморган басшылығына жазбаша өтінішпен жүгінуіңізге болады", – деп кеңес берді Мемқызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Ол қысқартуға іліккен шенеуніктерге тағы бір ақыл қосты.

"Қазақстанда "Мемлекеттік қызметі туралы" заңының "Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары" деп аталатын 56-бабының 6, 7-бөлімдеріне сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметші бұрын атқарған лауазымымен мәні бірдей, бұрын атқарған лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес келетін лауазымға ауыса алады. Осыған байланысты штат саны қысқартылған кезде ішкі немесе жалпы конкурстарға қатысу арқылы басқа мемлекеттік лауазымға ауысу мүмкіндігін алдын ала қарастыруларыңыз қажет деп санаймын", – деді өз блогында Анар Нұралықызы.

Қысқартылып кеткен шенеуніктерге, егер оның мемқызметтегі жұмыс өтілі 3 жылдан кем болмаса, онда 4 орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу