Шешуші сәт. Италияға жеңілсек жолдамадан айырыламыз

1418

Қазақстан футзал құрамасы Италиямен кездеседі. Осы матчта отандастарымыз плэй-офф сатысына жолдама алуы мүмкін.

Шешуші сәт. Италияға жеңілсек жолдамадан айырыламыз

Италия құрамасы біздің топтың фавориті екенін бірден айтайық. Бұл команда осы Еуропа чемпионатын жеңіп алған командалардың бірі. Құрамында бразилиялық футболшылар да жоқ емес. Іріктеу сынында еш іркілмей ЕУРОға жолдаманы жеңіл жеңді. Алғашқы турдың өзінде олар сырт алаңда Черногорияны 3:0 жеңді. Сосын, Финляндияны 7:4, 4:2 есебімен сыртта да, өз алаңында да жеңді. Осы екі матчта топтың тағдыры шешілді десек артық емес. Италия бірінші орынмен ЕУРО додасына жолдама алды. Себебі, Бельгия құрамасына қарсы өткен 2 ойында да "скуадра адзурра" жігіттері басым болды. Соңғы матчта Италия Черногорияға жеңіліп қалса да ештеңе өзгермес еді. Десе де, "көктер" қарсыласты тас-талқан жеңіп, 15 ұпай еншіледі. Финляндия құрамасы 10 ұпаймен екінші орын алып, ол да құрлықтық додаға жолдама алды. Бір қызығы бұл екі команда Еуропа біріншілігінде де бір топқа түсіп қалды. "Соқыр жеребе" деген осы.

Еуропа чемпионатына Италия құрымасы тыңғылықты дайындалды деп айта аламыз. Алайда, жолдастық матчтар өткізу жағы қиын болды. Себебі, бос команда табудың өзі қиын. Оның үстіне Италиядағы вирустың жайы өте қатты болып кетті. Дей тұрғанымен олар қонаққа Иран құрамасын шақырды. Әлем чемпионатында жарқылдаған Иран Италияны 2 ойында да жеңді. Есеп екі ойында да бірдей болды. Парсы шығанағының командасы 6:4 есебімен жеңді. Сондықтан болар, Италия Гронингенге келген тұста көңіл-күйі жабырқау команда болып көрінді. Алғашқы матчтан біз соны байқадық.

Италия – Финляндия матчы көрермен көзайымына айналған ойын болды. Фаворит Италия, іріктеуде аямай жеңген Финляндия құрамасына шамасы жетпеді. Шамасы жетпеген былай тұрсын, тіпті ұтылып жатты. Ойынның 40 минутында ғана Италия таразы басын теңестіріп кетті. Әйтпегенде "суоми" құрамасы сенсация тіркегелі тұрған. Италия тәжірбиенің арқасында бір ұпай еншілеп кетті. Бірінші турдың ойындары түгел тең аяқталғанын жақсы білесіздер. Сондықтан италиялықтар бұл нәтижені жақсылыққа жорыды. Бірақ, екінші ойында Италия Словенияны жеңе алмады. Осы матчқа бел шеше кіріскен олар қарсыластың қарымына таң қалды. Словения расымен де жас таланттардан құралған тегеурінді ұжым болып шықты. Бұл матч та 2:2 нәтижесімен аяқталды. Енді 2 ұпайы бар Италияға Қазақстанды қалайда жеңу қажет. Тең түссе, 3 ұпаймен плэй-офф сатысына шығу қиын болады. Ал Қазақстан құрамасында қазірдің өзінде 4 ұпай бар. Егер Италия жеңіп, қатар өтетін матчта Словения Финляндиядан басым түссе, онда Қазақстан құрамасы үшінші орынға түсіп, жолдамадан айырылып қалуы да ғажап емес. Себебі, Словенияның да 2 ұпайы бар.

Сондықтан да, 28 қаңтар күні өтетін Қазақстан – Италия матчы көп сауалға жауап береді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу