Шетел нарығын бағындырған банктер

7742

Қазақстандық төрт банктің шетелде еншілес ұйымдары бар. 

Шетел нарығын бағындырған банктер

Шетел нарығын бағындырған қазақ банктері санаулы. Олар – "Еуразиялық банк", "Halyk Bank", "АТФ Банк" және "Jýsan" банк. Осылардың ішінде "Halyk Bank"-тың беделі зор. Аталған қаржы институты Ресей мен Тәжікстаннан, Грузия мен Қырғызстаннан және Өзбекстаннан өз ұйымдарын ашқан. Қалған үш банк шетелде бір-бірден еншілес ұйым ұстап отыр.

"Еуразиялық банктің" еншілес ұйымы Ресейде орналасқан. Бірақ банк сырттағы ұйымын сатып жібермек. Арнайы таратылған ресми хабарламаға сүйенсек, оған Ресейдің "Совкомбанкі" "құда" түсіп отыр. Қазір тараптар мәміле құжаттарын әзірлеп, келісімді мақұлдау үстінде. Ресми хабарламада айтылғандай, "Еуразиялық банк" мұндай қадам жасауды әлдеқашан жоспарлаған екен. Банктің басқарма төрағасы Валентин Морозовтың сөзінше, қаржы институты Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде бизнесті одан әрі дамытуға бейілді. Ендігі жерде Ресей нарығына сол елдегі серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы қатыспақ. "Еуразиялық банк" Ресейдегі еншілес құрылымын 2010 жылдың сәуірінде ашқан екен. Оны "Банк Тройка Диалог" қаржы ұйымынан сатып алған.

"АТФ Банктің" еншілес ұйымы Қырғызстанда орналасқан. Ол Оптима Банк" деп аталады. Шетелдегі еншілес банктердің ең үлкені де осы. Ол Қырғызстанның банк секторындағы үздік ұйымдардың қатарында. Банк 2019 жылы актив, кредит және депозит көлемі бойынша үздік атанған. Оның нарықтағы үлесі 14,7 пайызға тең. Елдегі жалпы кредиттің 16,5 пайызын осы банк беріп отыр. Депозиттердің 14,4 пайызы "Оптима Банкте" сақталған. Былтыр банктің таза табысы 5,9 млрд теңгені құрады.

"Jýsan" банктің еншілес ұйымы – "Плюс Банк". Ол Ресей нарығын "жаулаған". Еншілес ұйымның негізі Омбы қаласында қаланған. Қазір Ресейдің алты өңірінде 12 бөлімшесі бар. Banki.ru сайтының жазуынша, 2019 жылы "Плюс Банк" актив көлемі бойынша Ресейдегі 440 банктің ішінен 117-ші орынға, несие қоржынының көлемі жағынан 48-ші орынға, депозит көлемі бойынша 68-ші орынға ие болған. Банктің негізгі өнімдері – автонесие, ипотека, карталық бизнес.

"Halyk Bank"-тің бес еншілес ұйымы бар екенін айттық. Оның біреуі Қырғызстанда орналасқан. Бұл аса бір үлкен құрылым болмаса да, былтыр оң динамика көрсеткен. Активі 36 пайызға, несие қоржыны 33 пайызға өскен. Былтыр бұл банктің таза табысы 619,4 млн теңгені құрапты. "Halyk Bank" Ресей нарығына 2004 жылы кірді. Мұндағы ұйым "НБК Банк" деп аталады. "Halyk Bank" Грузия нарығын да алғаш болып бағындырды. 2008 жылы "Халық Банк Грузия" АҚ өмірге келді. "Halyk Bank"-тің Тәжікстандағы құрылымы – "Қазкомнан" қалған мұра. 2019 жылдың шілдесінен бастап институт "Халық Банк Тәжікстан" деп аталады. "Halyk Bank"-тің Өзбекстандағы ұйымы – "Tenge Bank". Бұл қазақстандық банктердің бертін ашылған құрылымы.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться