Шетелдегі қазақ студенттерін біріктіру үшін мемлекеттік деңгейде жұмыс жасалмайды

Депутат өзге елде ұлттық құндылықтарды сапалы насихаттайтын "Қазақ мәдени орталықтарын" көбейтуді ұсынды.  

Шетелдегі қазақ студенттерін біріктіру үшін мемлекеттік деңгейде жұмыс жасалмайды

Жыл сайын Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен 100 мыңға жуық жас өреніміз "Болашақ" бағдарламасымен шетелге оқуға аттануда. 

Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, 2011 жылы шетел асқан студенттердің саны 43 мың болса, 2017 жылы 90 мыңға жуық адам оқуға кетті. Алайда сыртта олардың басын біріктіретін орталық жоқ. Мәжіліс отырысында осы мәселені Тілектес Адамбеков көтерді. 

"Біле білсеңіздер, білім қуғандардың болашақта елге оралуы екі талай. Мысалы, бүгінде әлемнің үздік университеттерінде білім алған студенттер мен жас мамандар мейлінше сол елдерде жұмыс бабымен қалғысы келетіні анық. Оған қоса, елге сапалы білім алып келген жастар үшін арнайы жұмыс ортасын қалыптастыра алмаудың себебінен түлектердің біразы өздерінің кәсіби дағдыларын күшейту мақсатында Қазақстаннан қайта кетеді", – дейді депутат.

Осы ретте ол 133 елде 800 филиалы бар француздардың халыққаралық ұйымы – "Француз альянсын" мысалға алды. Аталған жастар ұйымы әрбір мемлекеттегі өз студенттері мен жас ғалымдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың ғылыми, мәдени, рухани, спорттық дамуы үшін арнайы қызмет етеді. Бұл ұйым Франция мәдениеті мен тілін дамытуға, өзге елдегі француздарды біріктіру үшін жұмыс жасайды. 

Сонымен қатар Корея, Түркия, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания сияқты елдер өз ұлттарының мәдениетін, салт-дәстүрі мен ділін, тілі мен ғылыми жаңалықтарын дәріптеу мақсатында өзге елдегі елшіліктер жанында арнайы орталықтарын ашқан.

"Иә, қазақстандық жастар да ассоциация құра алатындарын осыдан бірер жыл бұрын Қытай елінде дәлелдеген. Сондағы белсенді әрі бірлігі мығым жастар 14 мыңнан астам қазақстандық студенттер мен ғалымдарды "Kazakhstan Students Association in China" деген ұйымның жанына біріктірді. Бірақ мұндай мысалдар өте аз. Ел болғалы 30 жыл, ал шетелде білім алуды ұйымдастырғалы 25 жыл өтсе де, әлем бойынша қазақ студенттері мен жас ғалымдарын біріктіру үшін мемлекеттік деңгейде жұмыс жасалмай келеді", – деген өкінішін білдірді мәжіліс депутаты. 

Осы аталған мәселелерді шешу үшін Тілектес Адамбеков біріншіден, шетелдегі елшіліктердің студенттермен жұмыс жасауды жүйелі түрде пысықтауды және қазақ мәдениеті мен руханиятын, тілі мен ғылымын өзге елде сапалы насихаттайтын "Қазақ мәдени орталықтары" санын көбейтуді ұсынды. 

"Екіншіден, мемлекеттік деңгейде шетелдегі қазақстандық студенттердің құқықтарын қорғайтын, олардың рухани, мәдени дамуы үшін жан-жақты қолдау көрсетіп, қазақ жастарын біріктіріп жүрген ұйымдармен байланыс орнату арқылы, оларды бір арнаға тоғыстыратын жұмыс жасау қажет", – деп түйіндеді депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу