Шетелдегі Қазақстан студенттерінің 60% Ресейде білім алып жатыр

2332

Жастар мен білікті мамандардың елден кетуіне биліктің адам капиталын дамытуға тиісінше көңіл бөлмеуі, өмір сүру сапасының төмендеуі және мардымсыз жалақы сынды теріс фактор себеп болып отыр.

Шетелдегі Қазақстан студенттерінің 60% Ресейде білім алып жатыр Фото: sputniknews.kz

Статистика комитетінің дерегінше, былтыр ел аумағын тастап кеткен кадрлардың үлесі 54,3%-ды құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2019 жылмен салыстырғанда шекара асқан медицина қызметкерлерінің саны – 3, педагогтардың үлесі – 4, техникалық мамандардың үлесі 5 есе көп болды.

Жастар арасында Ресейде білім алуға деген қызығушылық көбейді. Бұған шетелдегі Қазақстан студенттерінің 60% Ресейде білім алып жатқаны дәлел.

Ресей де қарап қалып жатқан жоқ. Шетелдік студенттерге берілетін квота санын көбейтіп, талантты кадрларды тартуға жанталасып жатыр. Осыған қатысты 15 мамырда Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков ресми мәлімдеме жасап, орыс үкіметі Ресейде білім алғысы келетін шетелдік жастарға мүмкіндік беріп, жағдай жасайтынын жариялады.

Қазақстан түлектерінің Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдауына 2019 жылға дейінгі сырттай және қашықтықтан оқыту бағдарламасының күндізгі білім беру материалының 65%-ға дейін қысқаруы, ал 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап сырттай білім беру нысанының мүлдем тоқтатылуы себеп болған сыңайлы. Бұл туралы мәжіліс депутаты Александар Милютин: "Елімізде қашықтан оқыту технологиясы бойынша жоғары білім алуға мүмкіндік жоқ. Ал ресейлік университеттер мұндай оқу бағдарламаларының түр-түрін ұсынады. Бұл елде құрылысшы, тіпті инженер мамандығын қашықтан меңгеруге болады", – деді.

Оның айтуынша, Қазақстаннан келген талапкерлерге ресейліктермен тең дәрежеде тегін оқуға түсу құқығы берілген. Бұған қоса Ресейде түлектердің жұмысқа орналасу ықтималдығы жоғары.

"Тәжірибе көрсеткендей, отандық университетке түсу оңай емес, мамандық таңдау да шектеулі. Жоғары оқу орнынан кейін жұмысқа орналасу мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Тіпті "Болашақ" бағдарламасымен оқығандар да жұмыс таппай қиналады. Отандық еңбек нарығы мен білім беру жүйесі қатар жүргенмен іс жүзінде қиылыспайды. Сондықтан мамандардың қажеттілігі туралы айтудың өзі артық. Егер біз бұған жас отбасыларға әлеуметтік қолдау тиісінше жасалмайтынын қосатын болсақ, онда жас қазақстандықтардың шетелге кетуінің себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ", – деді депутат.

Экономист Мағбат Спановтың сөзінше, Қазақстанның білім және ғылым министрлігі жастардың шетелге жылыстауының алдын алу үшін мемлекеттік грант санын көбейтіп, әлемдік университеттердің өкілдігін ашып жатыр. Талапкерлерге ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріліп, ағылшын тілді академиялық ортаға тез бейімделуге ықпал ететін Foundation бағдарламасы кеңінен насихатталуда. Алайда...

"Ашық экономика жағдайында кім, қай елде оқитынын өзі шешеді. Ел жастарының Ресейдің жоғары оқу орындарынан білім алуға ұмтылуына сапа мен баға тікелей әсер етіп тұр. Бізге де осы саясатты ұстану қажет", – деді Мағбат Спанов.

Отандық білім сапасы сын көтермейтіні пандемияға дейін талай айтылды. Бірақ билік барлығын жүре тыңдады. Бұл сөздің ақиқат екеніне дүйім жұрт былтыр көз жеткізді. Осыған дейін мақталған, мадақталған жүйелер мен жобалардың ту-талақайы шықты. Бұл туралы Қазақстандық интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин: "Үкіметке білім сапасын жарнамалаумен емес, арттырумен айналысу қажет. Бұл іс мектептен басталуға тиіс. Мектептерде біліктілігі жоғары мұғалімдер ғана жұмыс істеуі керек. Кез келген адамның білімінің іргетасы мектепте қаланады. Мектепте дұрыс білім алмаған оқушы колледжде, университетте оқып жарытпайды, – деді.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу