"Шетелдік агенттің" Грузияда жолы болмады

1462

Шерулерден кейін бұл жобадан биліктегі партия бас тартуға мәжбүр. Оппозиция бәрібір риза емес. Ол қазір "Грузин арманын" "ресейшіл сипат" үшін айыптап, кешкісін митингті әрі қарай жалғастыратынын ескертті.  

"Шетелдік агенттің" Грузияда жолы болмады

Бүгін Грузияның билеуші партиясы екі түнге созылған зорлық-зомбылыққа толы шерулерден кейін "шетел агенттері" туралы заң жобасынан бас тартқанын жариялады. Демонстранттардың ойынша, басшылшықтағыларды бұл авторитарлық жобаға рухтандырған Ресей және ол қабылданып кеткенде Грузияның Еуропа одағына қосылу үмітіне нұқсан келереді. 

Биліктегі "Грузин арманы" өз мәлімдемесінде "біз қолдаған заң жобасын ешбір шартсыз қайтарып аламыз" деп хабарлады. Және де онда мұндай шешімнің қоғамдағы "тайталасты" азайту үшін қабылданғаны айтылып, "радикал оппозицияның" заң жобасы туралы "өтірігі" әшкереленді делінген.

Алайда оппозиция жетекшілері наразылық акцияларының бүгін кешкі сағат 19.00-де бәрібір қайта жалғасатынын ескертті. "Дроа" партиясының өкілі Гига Лемонджава үкіметтен заң жобасын ресми түрде жоққа шығаруды және наразылық кезінде ұсталғандардың барлығын босатуды талап етіп отыр.

"Бұл қарсылық тек заң жобасына қатысты емес, "Грузин арманының" ресейлік сипатына да байланысты. Оларға да, олардың сөзіне де сенім жоқ", - дейді "Дроа" қозғалысының негізін қалаушы Хелен Хоштария Twitter-дегі жазбасында.

3,7 миллион халқы бар Қара теңіз жағалауындағы посткеңестіе ел 1991 жылы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алғаннан бері жиі саяси толқуларды, соның ішінде 2003 жылғы "Раушангүлдер революциясын" және бес жылдан кейін Ресейге қарсы алапат соғысты бастан кешірді.

Даулы заң жобасына сәйкес, қаржыландырудың 20%-дан астамын шетелден алған грузин ұйымдары "шетел агенті" ретінде тіркелуі керек. Керісінше жағдайда, оларға айыппұл салынады.

"ШЕТЕЛДІҢ ЫҚПАЛЫ"

Үкімет   "агент" жайлы ереже Грузияның саяси сахнасынан "шетелдің ықпалы" мен "тыңшыларды" жою үшін қажет дейді. Және де ресми Тбилисидің ойынша, қарапайым грузиндер елде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарды кім қаржыландыратынын білуге құқылы.

Оппозиция болса, қатты сынға ұшыраған заңды президент Владимир Путин он жылдан астам уақыт бойы өзге ойлыларды басып-жаншу үшін қолданған Ресей заңының жергілікті нұсқасы деп есептейді.

Еуропа одағының Грузиядағы делегациясы бұл құжаттың үкіметке кері қайтарылуына қошемет білдіріп, Twitter парақшасында: "Біз Грузиядағы барлық саяси лидерлердің инклюзивті және конструктивті түрде ЕО бағытындағы реформаларды қайта бастауға шақырамыз" деп жазды.

Сейсенбіде грузин парламенті бұл жобаны бірінші оқылымнан мақұлдады. Содан кейін ондаған мың адам наразылық білдіріп, заң шығару органының алдына жиналып, кейбір демонстранттар полицияға отты шөлмек пен тас және пластик бөтелкелер лақтырды. Бірталай адам тұтқындалды.

Сәрсенбі күнгі екінші түнгі наразылық шеруін тарату үшін полиция көзді жасаурататын газ шашып, су атқыштар мен құлақты тұндыратын гранаталарды қолданды.

Жұртты ашындырған заң парламенттегі орындардың көбін иеленген "Грузин арманы" мен 2018 жылы осы партияның қолдауымен билікке келіп, кейін бөлініп кеткен еуропашыл президент Саломе Зурабишвили арасындағы келіспеушілікті тереңдетіп отыр.

Зурабишвили бұл жобаға вето қоюға, ал парламент сол ветоны жоюға құқылы.

Грузия оппозициясы "Грузин арманын" Мәскеуге шектен тыс жақындығы үшін көптен бері сынап келеді. Ал, Ресей Грузияның Абхазия мен Оңтүстік Осетия жікшіл аймақтарындағы сепаратистерді қолдап отырғаны белгілі.

Брюссельдегі шенеуніктер "шетелдік агент" туралы жобаны айыптап, оны Грузияның ЕО-ға өту жолын қиындатады деп мәлімдегеннен кейін, грузин қоғамының еуропашыл бөлігі қатты ашуланды деуге болады.

Өткен жылы Брюссель саяси және сот реформаларының тоқтап қалғанын алға тартып, Молдовамен, Украинамен бірге Грузияға Еуропа одағына кандидат мәртебесін беруден бас тартты.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу