Шетелдік гранттарға мониторинг жасалады

Сергей Буянов Сергей Буянов
13120

Салық комитеті шетелдік гранттарға мониторинг жасауға кірісті. 

Шетелдік гранттарға мониторинг жасалады

Мемлекет еліміздің аумағында жұмыс істейтін адам құқын қорғайтын және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕМ) шетелдік қаржыландыруын бақылауға алады. Үстіміздегі жылдың 11 қазанынан бастап жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік кіріс органдарын шетелдік қаржыландыру көзінен қаражат пен мүлік алатыны туралы құлақтандыруды міндеттейтін еліміздің Салық кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енді.

17 қараша күні өткен брифинг барысында Қарағанды облысының мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Азамат Ахметов заңнамадағы жаңа өзгертулердің барлық ерекшелігін түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, ақпарат ұсынуға міндетті субъектілердің тізімі мен оны қашан жасау керектігі нақты белгіленген. Сонымен бірге бұл заңның күші жүрмейтін тұлғалардың ашық тізімі мен оларға қандай жағдайда заң талаптарының күші жүрмейтіні нақты көрсетілген.

Заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, шетелдік серіктестерінің заңды көмек көрсетуі, сауалнама мен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ осы зерттеулердің сараптамасы мен нәтижесін тарату, орналастыру бойынша қаржылық қызмет көрсетуге келісімшарт жасаған жеке және заңды тұлғалар мәлімет беруге міндетті.

Мәлімет беруге міндетті емес тұлғалар тізімінде адвокаттар, нотариустар, елшілік өкілдіктері, мектепке дейін және орта білім беретін мекемелер бар.

Ақпарат беру мерзімі де белгіленіпті. Шетелдік серіктестерімен келісімшартқа қол қойылғаннан кейін 3 күн ішінде мемлекеттік кіріс органына хабарлама берілуі керек. Ал қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы хабарламаны келісімшартқа қол қойылған күннен кейін бір тоқсан өткенде беру керек.

Сонымен бірге егер келісімшарт бұзылып, тапсырыс орындалмайтын жағдай болса, онда салық органдарына 3 күн ішінде хабарлама беруге тиіс.

"Іске асырылатын шаралар хабарламалық сипатта болатындықтан, салық төлеушілердің құқына шектеу қоймайды. Шетелдік қаржыландыруға мониторинг жасаудың мақсаты – қаржыларды алу мен жұмсау рәсімдерінің ашықтығы мен ұлттық мүдделерді қорғауды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру стратегиясын орындау шеңберінде еліміздің халықаралық міндеттерін орындауы. Салық кодексіне енгізілген түзетулер капиталдың ашықтық саясаты мен қаржылық ақпаратты ашудың халықаралық талаптары мен міндеттеріне сай. Мұндай рәсімдер әлемнің көптеген елінде, соның ішінде АҚШ мен Еуропа Одағында жұмыс істейді", – деп атап кетті Азамат Аханов.

Департамент басшысының айтуынша, алынған ақпараттың ашықтығы қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің шетелдік көмекті алушылар мен оны қаржыландырудың көзі туралы мәлімет порталында орналасумен қамтамасыз етілетін болады.

Талапты орындамағандарға әкімшілік шаралар қолданылатын болады. Мәліметтерді бермеген жағдайда 50 АЕК-тен 350 АЕК-ке дейін, ал жалған мәлімет бергенде 100 АЕК-тен 700 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салу қарастырылған. Заң талабын тұрақты орындамау шетелдік қаражат алушының қызметін тоқтатуға әкелуі мүмкін.

Қазіргі уақытта бұл рәсімдеу Қарағанды облысында іске асып жатыр. Төрт ұйым шетелдік серіктестермен келісімшарт жасағандары жайында мемлекеттік кіріс органдарына хабарлама жасаған. Оларға қаржылық ресурстар өңірдегі экологиялық жағдайға зерттеу мен сараптама жасау үшін беріледі.

Сергей Буянов, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу