banner

Шетелдік инвесторлар ҚДБ-ның теңгедегі қарыздарын сатып алды

3091

Мемлекеттік банктің теңгедегі еуробондтары өтініштер кітабында 1,7 есе артық жазылып, ел ішіндегіден арзан қаражат тарту мүмкіндігіне жол ашты.

Шетелдік инвесторлар ҚДБ-ның теңгедегі қарыздарын сатып алды

"Қазақстанның даму банкі" АҚ (ҚДБ, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі арқылы ҚР үкіметіне тиесілі) купондық мөлшерлемесі жылына 9,5%-ды, ал өтеу мерзімінің кірісі жылына 9,625%-ды құрайтын 100 млрд теңге көлеміндегі үш жылдық теңгелік еурооблигациялардың дебюттік шығарылымын жасады. Аталған мәміле бойынша есептесу 14 желтоқсан күні өтеді. Бұл туралы ҚДБ-ның басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді.

Болат Жәмішевтің сөзінше, шығарылым банк үшін ғана емес, тұтас ел үшін де дебюттік болып отыр. Банкир атап өткендей, теңгедегі шығарылым алғаш рет нақты бір инвестор үшін емес, салыстырмалы бәсекелестік ортаға бағытталды.  

"Біздің елде бұған дейін де теңгелік облигациялар басқа эмитенттермен орналастырылған. Олар қазақстандық, халықаралық ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылды. Ақпаратқа сүйенсек, бұл шығарылымдар негізінен қазақстандық эмитенттермен, БЖЗҚ-мен (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. – автор) байланысты болды. Ал теңгелік еуробондтардың қазақстандық және халықаралық инвесторлар ортасында ашық түрде орналастырылуы біздің ел үшін алғашқы қадам болып отыр", – деді банкир.

Сұраныс білдірушілер географиясының алуандығы да қуантып отыр. Өтініштер кітабы 1,7 есеге немесе 68%-ға артық жазылғанын атап өтті мемлекеттік банктің басшысы. Бұл дегеніңіз инвесторлар ҚДБ еуробондтарын ұсынылған 100 млрд теңгеге емес, 170 млрд теңгеге сатып алуға ниет білдірген. Бұдан бөлек аталмыш факт шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына, ұлттық валютасына деген сенімін айғақтайды. Сондай-ақ бұл қадам теңгедегі борыштық құралдар бойынша кірістің қалыптасуына әсер етеді. 

"Әу бастағы мөлшерлеме 10% деңгейінде болды. Инвесторлар да оны қолдауға дайын еді. Алайда біздің құралдарға деген сұраныстың жоғарылығын байқаған соң, мөлшерлемені төмендету туралы ұсыныс айтыла бастады. Осылайша біз 9,625% мөлшерлемесіне тоқтадық", – деп түсіндірді abctv.kz-ке Болат Жәмішев.

Аталған шығарылым Лондон (LSE) және Қазақстан (KASE) қор биржаларында қатар өткізілді.

Банкирдің айтуынша, түпкілікті мөлшерлеме банк күткендегіден аз болды. Бұл бастапқы орналастырудың нәтижелерінде айқын көрініс тапты. Қазақстандық инвесторлардың шығарылым көлеміндегі үлесі 2%-ды құрады.

"Банктің облигацияларын орналастыру географиясы Ұлыбританияны (жалпы шығарылымның 63%-ы), АҚШ-ты (21%), Германияны (8%), Еуропаның өзге елдерін (6%) және Қазақстанды (2%) қамтыды. Бағалы қағаздарды шығару көлемінің 97%-ын активтерді басқарушылар, 2%-ын – хедж-қорлар, 1%-ын банктер сатып алады. Бұл жердегі әңгіме 29 инвестор туралы болып отыр", – делінген KASE-нің сайтында жарияланған ҚДБ-ның баспасөз баянында.

KASE-нің басқарма төрағасы Алина Алдамберген шығарылымның негізгі бөлігін шетелдік инвесторлар сатып алғанына қарамастан, қазақстандық капитал бағалы қағаздардың қосымша өтімділігін қамтамасыз етеді деген сенімде.

"Қайталамалы нарықтағы саудаға деген сұраныс халықаралық нарықтағыдай, сондай-ақ жергілікті капитал нарығындағыдай болады деген сенімдеміз. Тиісінше, оған қос тарап та қызығушылық танытады", – деді Алина Алдамберген.

Батыс инвесторларының теңгедегі қарызға деген сұранысы Қазақстандағы басқа инвесторлардың сыртқы қарыз алу нарықтарына шығуына жол ашуы мүмкін. Болат Жәмішевтің сөзінше, ҚДБ - ның шығару тәжірибесі болашақта дәл осы бағыттағы жұмыстарға айтарлықтай көмек бола алады. 

Шығарылымның 100 млрд теңге немесе 300 млн доллардан сәл төмен болуы несиелендіру жоспарының өсіп келе жатқанын айғақтайды.

"Дәл қазіргі уақытта, яғни желтоқсан айынан бастап біз қабылдаған міндеттемелерді қаржыландыру үшін қосымша қаржыға қажеттілік бар. Желтоқсан айында біз қаржыландыратын несиелер үшін шамамен 30 млрд теңге қажет", – деп түсіндірді мемлекеттік банктің басшысы.

Еске сала кетейік, қазан айының соңында ҚДБ Қарағанды облысының Жайрем ауылында жаңа кен байыту комбинатының құрылысы үшін "Жайрем КБК" АҚ ("Қазцинк" ЖШС-ның еншілес компаниясы) жобасын қаржыландыруды мақұлдады.

Теңгелік еуробондтарды шығарудан түскен қаржының қалған бөлігі мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

"Біздің банкте қаралып жатқан жобалардың өзі 2018 жылдың І тоқсанында қыруар қаржыны талап етіп отыр. Банк мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қаржыландырады. Талапқа сәйкес, бюджеттен бөлінген бір теңгеге нарықтан бір теңге тартуымыз керек. Сондықтан қаржыландыру арқылы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіспіз", – деді Болат Жәмішев.

Қазақстанның даму банкі – 2001 жылы құрылған мемлекеттік қаржы институты. Банктің міндеті – мемлекеттік инвестициялық қызметті жетілдіріп, тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу.

Еркебұлан Қыздарбек, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу