banner

"Шетелдік капиталы бар бірлескен кәсіпорындарды ұлттандыру бас ауруына айналуы мүмкін"

2576

Президент халыққа берген уәдесін орындап жатыр. Inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында саясаттанушы Расул Жұмалы осылай деді.  

"Шетелдік капиталы бар бірлескен кәсіпорындарды ұлттандыру бас ауруына айналуы мүмкін"

– Жаңа үкіметтің құрамында бұрынғы министрлер бар. Бұл қалай?

– Үкіметтің құрамында жаңа адамдар пайда болады деп күттік. Министрлер кабинеті жаңарады деген үміт болды. Алайда үкімет құрамы түбегейлі өзгермеді. Дегенмен министр лауазымына тағайындалған жаңа адамдар бар. Мысалы Ақпарат және қоғамдық даму министрі мықты маман. Денсаулық сақтау министрі де өз ісінің шебері.

Кадрды бастан-аяқ жаңартудың салдары болуы мүмкін. Бұл да назарға алынуға тиіс. Себебі министр қызметін атқарған адамның кәсіби тұрғыдан алып қарағанда жақсы болсын, жаман болсын осыған дейінгі жұмысы мен тәжірибесі бар. Бұрынғы үкіметтің құрамындағы барлық адамнан құтылуға асығу мемлекеттік басқару жүйесін жансыздандырып тастауы ықтимал.

Менің ойымша, бұл соңғы және түпкілікті тағайындау емес. Уақыт пен оқиғаға қарай кадрларды алмастыру үдерісі жалғасады. Төтенше жағдай кезінде де кадрлық өзгеріс болғанын естен шығармауымыз керек. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың бастамасы ғана.

Ел арасында жаңа үкіметтің қаңқасын бұрынғы үкіметтің құрамындағы адамдар құрап отырғаны және оларға сенім аз екені туралы пікір айтылып жатыр. Негізі оптимизмді жоғалтпау керек. Қоғамда бірден өзгеріс болмаса да, ілгерілеу, алға жылжу болады. Белгілі бір дәрежеде өзгеріс басталып кетті, өзгеріс болып жатыр. Пандемия кезінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілді, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы өсті, "Партиялар туралы", "Сайлау туралы", "Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" заңдарға өзгеріс енгізілді. Бұған дейін ештеңе жасалмады десек, артық айтқандық болады. Нәтиже ойдағыдай, күткендегідей емес шығар, алайда оң бастамаларды жүзеге асыруға талпыныс бар.

Оптимизмге қайта оралсақ, қазір билік толық Президенттің қолында. Іс жүзінде дуумвират жоқ. Бұрын белгілі бір дәрежеде Президенттің мүмкіндігі шектеулі еді. Мысалы, күш құрылымдары Қауіпсіздік кеңесіне бағынатын. Қазір Президенттің қолында өкілеттік тұрғысынан карт-бланш және елді құтқару кезіндегі батыл қадамына берілген сенім несиесі бар. Осыған дейін шенеуніктер Ақорда мен Кітапханадан түскен тапсырманы орындап отырды. Бұдан былай үкімет тікелей Президенттің тапсырмасымен айналысады. Жаңа министрлер кабинеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзқарасымен, делдалсыз жасақталды. Бұл – оң өзгерістің бастамасы болуға тиіс.

– Төтенше жағдай кезінде әкімдердің халықпен тілдесе алмайтынын көрдік. Парламент депутаттары да әліптің артын бағып отырды. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– 2021 жылғы қаңтарда Парламент сайлауы өтті. Тегеурінді оппозиция болмады. "Нұр Отан" партиясының праймеризі шын мықтыларды анықтап бере алмады. Парламентке белсенді азаматтық ұстанымы бар санаулы адамдар ғана өтті. 2021 жылға дейін парламент партиялардың тәртіпті өкілдерінен құралды. Тұтас алғанда, Парламентке қатысты мәселе бар. Реформа қауіпсіздікке, тұрақтылыққа, сабақтастыққа нұқсан келтірмей жүргізілуге тиіс. Әкімдерге, депутаттық корпусқа, министрліктерге қатысты мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Мемлекеттің қолданыстағы жүйесі 30 жыл бойы құрылғанын есте ұстаған жөн. Өткен жылдардың барлығы кемшіліктердің үздіксіз сериясынан тұрды деп айту орынсыз. Экономикада, әлеуметтік салада, ішкі саяси тұрақтылық пен аумақтық тұтастық мәселесінде, инвестиция тарту ісінде, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткішін жақсартуда қыруар шаруа атқарылды. Біз посткеңестік елдер арасында, Балтық жағалауы елдерін есептемегенде өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік.

Дағдарыс, қымбатшылық, кланаралық қақтығыс, ескі гвардияның жаңа гвардияға қарсылығы, деструктивті күштер мен эстремистік топтардың әрекеті мен ықпалы, ішкі диверсия, биліктің транзиті сынды факторлар қайта қарауды қажет етеді. Президент бұл іспен айналысады деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы тілге тиек еткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қоғам алдындағы ашықтық, кеденшілерді тезге салу, олигархтарды халық игілі үшін жұмыс істеуге мәжбүрлеу мәселелері осыдан 5-10 жыл бұрын да айтылды. Алайда барлығы формализм, популизм болып қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұлай жалғастыра беруге болмайтынын түсініп отыр. Мұндайдың тамырына балта шабылмаса, наразылық қайталануы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік каденциясының 2,5 жылында айтқанын орындауға тырысып келеді. Көпшілік күткендей болмаса да, саяси реформа жасады. Жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты берген уәдесін де жүзеге асырып жатыр. Халықты қолдауға қатысты уәдесін салықтан босату, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану арқылы орындады. Ол айтады, айтқанын 100% болмаса да, ақиқатқа айналдырады. Оның уәдесі 10 жыл бұрын берілмейді және 10 жылдан кейін емес, мүмкіндігінше шұғыл орындалады. Нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді.

Қазақстанда мықты кадрлардың тапшылығы бар ма, жоқ па, қалай ойлайсыз?

– Кадр тапшылығы жоқ. Өз басым Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрі лауазымына 10 адамнан ұсына аламын. Бізде білімі, тәжірибесі мол азаматтар, кәсіби мамандар жетеді. Мәселе олардың мүддесі мен мұраты қандай екенінде ғана.

– Президенттік жастар кадрлық резервіне үміт артуға бола ма?

– Болашақта болады. Бұл жерде ашық таңдау жүргізілді. Түрлі шағымдар түсті, дегенмен іс жүзінде жақсы құрам қалыптасты. Олардың арасынан әкімдердің, министрлердің орынбасарлары шықты. Президенттік жастар кадрлық резервінде мықты менеджерлер, ғалымдар, экономистер, технократтар бар.

Әкімдердің сайлауына қатысты пікіріңіз қандай?

– Әкімдердің сайлауы өтіп жатыр. Әкімді тағайындағаннан сайлаған жақсы. Себебі ешкім дауласпайды.

Қазақстан – біртұтас мемлекет. Халқы аз және күрделі геосаяси ортада орналасқан. Халқымызды құрайтын кейбір этникалық топтардың локализациясында мәселе бар. Аудандар мен облыстар арасында жіктелу мен бөлінудің өзектілігі жойылған жоқ. Еліміздің төрт өңірі ғана донор қызметін атқарады. Мұндай жағдайда тепе-теңдік сақтау қиын. Жергілікті жерге,  ауылдарға, аудандарға, облыстарға басқару жүйесін көбірек беру қажет сияқты. Дегенмен мемлекеттік мүдде назардан тыс қалмауға тиіс. 90-шы жылдары Ресей федерализмге бет бұрды. Уақыт өте келе жергілікті билік Мәскеудің шешімін орындаудан бас тартып, өздерін жергілікті халық сайлағанын алға тартатын болды. Кез келген тәжірибені қолданысқа сақтықпен, біртіндеп, кезең-кезеңмен енгізу қажет. Бұл жерде мүдденің деңгейі әртүрлі екенін ұмытпаған жөн. Мемлекеттік мүдде мен

облыстық мүддені салыстыруға болмайды. Қазір әкімдерді сайлаудың алғашқы кезеңі жүріп жатыр. 2024 жылы аудан әкімдерін сайлау басталады.

Орталық Азияны алатын болсақ, бұл бастаманы Қазақстанда ғана жүзе асырып отыр.

Ірі компаниялар мен кәсіпорындарды ұлттандыру қажет пе?

Ұлттандыру – радикалды шешім. Ал ойын ережесін өзгерту басқа шара.

Президент айтқандай, квазимемлекеттік секторды, ұлттық компанияларды тексеру қажет. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру маңызды мәселе.

Шетелдік капиталы бар бірлескен кәсіпорындарды ұлттандыру өзекті мәселе.

Ол бас аурына айналуы мүмкін. Сондықтан ұлттандыруға барудың қажеті жоқ. Бұған дейін мұнай-газ, металлургия салаларында елге тиімсіз келісімшарттар жасалды. Қазір бізге ойын ережесін өзгертіп, Қазақстанның мүддесі үшін келісімшарттарды қайта қарау қажет. Меніңше, мұны жүзеге асыруға болады. Мұндай тәжірибе кезінде өз мұнайын өзі игермеген, барлығын концессияға берген араб елдерінде болды. Кейін олар келіссөз арқылы 10-20 жылдың ішінде мұнай өндіретін компаниялардың барлығын өз иелігіне алды.

– Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу