Шетелдік студенттерге таласта көршімізге ұтылдық

1819

"Study in Kazakhstan" көршілермен бақталаста неге қауқарсыз?

Шетелдік студенттерге таласта көршімізге ұтылдық Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Соңғы жылдары шенеуніктер Қазақстанды өңірлік білім беру хабы әрі таланттар тоғысатын орталық ретінде танытуға күш салып жатырмыз дегенді жиі ауызға алып жүр. ҒЖБМ жоғары білімді интернационалдандыру қарқынды жүріп жатқанын, ал республика студенттер үшін жаһандық тартысқа сенімді түрде араласқанын мәлімдеуден жалығар емес.

Алайда, қағаздағы жетістік пен шынайы бәсекелестік арасындағы алшақтық күн санап тереңдеп барады.

Рекорд па, реквием бе?

"Жоғары білім беруді белсенді интернационалдандыру жалғасуда. Осы 2026 жылы Study in Kazakhstan цифрлық платформасы іске қосылады. Ол шетелдік талапкерлерге арналған ЖОО, білім беру бағдарламалары және оқуға түсу шарттары туралы ақпаратты біріктіреді. Қазіргі кезде елімізде шамамен 35 мың шетелдік студент білім алуда, бұл – рекордтық көрсеткіш! 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр", – деді ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.

Ұлттық статбюро дерегінше, 2025-2026 оқу жылында елде 35 мың емес, 33 444 шетелдік студент білім алуда (оның ішінде 15 013-і – алыс шетелден келгендер).

Әр алтыншысы, яғни, 5 849 шетелдік студент қазақстандық салық төлеушілер есебінен тегін оқиды. Құжат бойынша – олар шетелдегі қандастар.

Алдыңғы 2024-2025 оқу жылында қазақстандық жоғары оқу орындарын небәрі 4 192 шетелдік студент бітіріп шықты. Оның 556-сы мемлекеттік грантпен оқыған.

Ағымдағы оқу жылында 12 095 шетелдік студент қабылданды. Басым бөлігі немесе 8 993-і – ТМД елдерінің азаматтары. 2 410 адам мемлекеттік білім беру гранттарына ие болды (936-сы – ТМД елдерінен, 1 474-і – алыс шетелден).

Қабылдау географиясы жылдар бойы өзгеріссіз қалуда: Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Үндістан. Басқаша айтқанда, Қазақстанның "талант тарту өрісі" кеңеймеді.

Шетелдік студенттердің құрылымы бұл шектелушілікті айқын көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2025-2026 оқу жылында шетелдік студенттер – келесі елден келгендер:

  • Түрікменстан – 10 209;
  • Үндістан – 9 009;
  • Өзбекстан – 4 141;
  • Ресей – 2 381;
  • Қытай – 1 858;
  • Моңғолия – 1 479;
  • Пәкістан – 1 046;
  • Қырғызстан – 806;
  • Ауғанстан – 527 студент және басқасы.

Бұл контингенттің үштен біріне жуығы немесе 10 мыңнан астам адам – Түрікменстанға тиесілі. Іргедегі бейтарап елден білім іздеп келген жастардың саны 1 жылда бірден 2,3 есеге өскен. Міне, ғылымға жауапты шенеуніктердің мақтанышына айналған шетелдік студенттердің жалпы санының "феноменалды" артуының негізгі факторы осы болды.

Бірақ стратегиялық тұрғыдан бұл шынайы ілгерілеу ме? Бұл жүйелі саясаттың нәтижесінен гөрі бір ғана дереккөзге тәуелді статистикалық әсерге көбірек ұқсайды.

Экономикалық тұрғыдан да мақтанарлық жағдай шамалы. 2025 жыл қорытындысында қазақстандық барлық жоғары оқу орындары білім беру қызметтерін көрсету арқылы жалпы сомасы 149,1 млрд теңге табыс тапты. "Мәссаған!" деп тамсануға болады.

Бірақ бір гәп бар: оның басым бөлігі – 84,6 млрд теңгеден астамы мемлекет есебінен қаржыландырылған. Баласын ақылы оқытқан халықтың жеке төлемдері 60 млрд теңгеге де жетпейді (59,7 млрд теңге). Бизнестің құйған инвестициясы 5 млрд теңгеден кем.

Бұл саланың әлі де мемлекеттің мойнында масыл болып отырғанын, бюджетке қатты тәуелді екенін, білім беру қызметтерінің шетелге экспорты негізгі табыс көзіне айналмағанын аңғартады.

Жалпы алғанда, 2025-2026 оқу жылында Қазақстанда 116 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 678,1 мың студент білім алуда. Жаңа оқу жылында қабылданғандар саны – 208,9 мың адам.

Студенттердің 49,9%-ы мемлекеттік, 49,5%-ы жекеменшік ұйымдарда, 0,6%-ы шетелдік ұйымдарда оқиды. Білім алушылардың 65,6%-ы қазақ тілінде, 24,8%-ы орыс тілінде, тағы 9,6%-ы шет тілдерінде білім алады.

Ия, ресми түрде Қазақстан шетелдік студенттер саны бойынша рекордтық көрсеткішті тіркеп отыр.

"Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025-2026 оқу жылы елдің жоғары оқу орындарында 33,5 мың бейрезидент оқыды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға көп. Қазақстандық ЖОО-ларда шетелдік студенттер санының өсу үрдісі қатарынан үш жыл бойы тіркелуде. 2022 жылдан бастап жыл сайынғы абсолюттік өсім 3–3,5 мың адамды құрады", – деп хабарлайды Ranking мониторингтік агенттігі.

Дегенмен соңғы жылдар динамикасы бұл өсімнің тұрақсыз екенін көрсетті және ілгері ұмтылып кері қайтатын толқынды елестетеді: 2020 жылғы – 29,1 мыңнан 2022 жылы – 22,5 мыңға дейін төмендеді де, кейін 2024 жылы 28,5 мың шетелдік студентке дейін біртіндеп қалпына келді.

Ranking сарапшылары тағы бір жайтқа назар аудартты: шетелдіктер санының артуы көп жағдайда жатжұрттардағы қандастарға ұсынылатын тегін орындардың көбеюімен байланысты. Онда бұл енді отандық білім экспорты емес, жаһанға тарыдай шашылған қазақтарға бюджет есебінен қайырымдылық.

2025-2026 оқу жылында шетелдік студенттердің 17,5%-ы мемлекеттік гранттар есебінен оқып жатыр. Бұл – тарихи рекорд. Ең төмен көрсеткіш 2020 жылы (13,1%) және 2022 жылы (13,6%) тіркелген. 2024 жылы тегін оқыған шетелдіктердің үлесі 14,6% болған.

Көршілер қалғымайды

Көршілерімен салыстырғанда жағдай тіпті көңіл көншітпейді. Еуразиялық одақтың ұлтүстілік органы – Еуразиялық экономикалық комиссия өзге елден студент тартуда Қазақстан көштің соңы екенін хабарлады. Оның ақпаратынша, Қазақстандағы шетелдік студенттердің үлесі ЕАЭО елдері арасында ең төмені – небәрі 4,5%.

Ең жоғары үлес Қырғызстанда – барлық студенттің 21,4%-ы шетелдік. Санкцияға ұшыраған Ресейде 2024 жылы бейрезидент студенттердің үлесі 8,4% болды, яғни Қазақстаннан екі еседей көп. Салыстыру үшін: Арменияда – 5,3%, Беларусьте – 9%.

Абсолюттік көрсеткіште ең көп шетелдік студент Ресейде – 377,9 мың адам. ЕАЭО зерттеуінде бұл елдің көшбасшылығы ЖОО-лардың жалпы санының көптігімен әрі салыстырмалы түрде жоғары білім сапасымен түсіндіріледі. Ресейде 3,2 мың жоғары оқу орны жұмыс істейді.

Одаққа кірмейтін Өзбекстанмен салыстыру да ауыр тиеді. Оған 2025 жылдың қаңтар-қарашасында білім алу мақсатында шамамен 40 мың (39,7 мың) шетелдік студент келген. Өзбек ағайын біз сияқты грантты шетелдегі қандастарға не басқасына оңды-солды таратпайды, керісінше, білімді тауар ретінде сатып, табыс тауып отыр.

Жатжұрттық студенттерді тарту бойынша оңтүстік көршінің бір жылдағы өсімі – 1,5 есе! Upl.uz басылымы халықаралық білім беру дүмпуі жүріп жатқаны туралы жазды: шетелдік студенттер бұл елді барған сайын көбірек таңдауда. ӨР Ұлттық статистика комитеті жариялаған деректер Өзбекстанның білім беру кеңістігінде шетел азаматтарының қызығушылығының бұрын-соңды болмаған көлемде өсуін айғақтайды.

Әзірге Өзбекстан Қазақстанның өрісіне ортақтасып, онымен бірдей елдерден студент тартады: Үндістан, Түрікменстан, Тәжікстан, Пәкістан, Қытай.

Үндістан Өзбекстанға білім алушы туристерін лек-лекпен жіберетін негізгі донор мәртебесін сақтап келеді. 2025 жылдың 11 айында бұл елден 16,3 мың азамат Ташкентті бетке алған, бұл шетелдік студенттердің жалпы санының шамамен 44%-ын құрайды.

Себеп – оңтүстік көршіміз шетел инвесторларымен бірге медициналық кластер ашып, ақ халаттыларды шетелдік үлгіде даярлауға басымдық беруде. Бұл ретте Өзбекстанда университет бітіру – әлемдегі ең бір арзаны. Ал, Үндістанда дәрігер деген "ең жоғары жалақыға ие" кәсіптің бірі. Содан жыл сайын бірнеше миллион үндістандық жас ғылым іздеп шетелге ағылады. Өзбек ағайын осы дарияның бір сағасын өзіне бұруда.

Екінші орында – Түрікменстан: 8,9 мың студент не 23,9%. Үздік үштікті Тәжікстан тұйықтады – 2,7 мың (7,25%), оның жартысы былтырғы күз мезгілінде келген. Яғни, өсім алапат. Бұдан бөлек, студенттік контингент құрылымында Оңтүстік Корея (870 адам), Қырғызстан (823), Египет (737), Филиппин (501), Түркия (357) азаматтары да айтарлықтай үлеске ие.

Бір қызығы, Өзбекстан Қазақстан әзірге қол жеткізе алмаған нәтижеге жетті: Батыс елдерінен, соның ішінде АҚШ-тан (464 студент немесе 1,25%) және Ұлыбританиядан (179 адам) студенттер тартуда. Әзірге көлемі шағын, әйтсе де, бұл елдердің статистикада көрінуінің өзі өзбек білімінің танымалдығының Батыста артып келе жатқанын білдіреді.

Нәтижесінде, "білім беру хабына айналамын!" деп жаһанға жар салған Қазақстан іс жүзінде ТМД және Орталық Азия елдеріне жол бере бастады. Айналадағы елдер халықаралық білім беру ынтымақтастығы, жоғары білімді интернационалдандыру және қызмет экспортын дамыту қарқыны бойынша жоғары нәтижелер көрсетуде.

Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ілияс Бақтығалиев білім беру хабын құру не үшін қажеттігін түсіндірді. Бұл ең алдымен отандық жоғары білім секторын және адами капиталды дамыту үшін керек. Содан кейін әрине, білім беру қызметтерін сыртқа экспорттау арқылы экономикалық тиімділік алу маңызды.

"Қандай да бір ел білім мен ғылымның тартылыс орталығына айналғанда оған шетелдік студенттер, оқытушылар мен зерттеушілер белсенді ағыла бастайды. Бірлескен бағдарламалар мен шетелдік ЖОО филиалдары ашылады. Саналы мемлекет осы ойыншылар мен инфрақұрылымды байыпты біріктіреді", – деді сарапшы.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда интернационалдандыру үдерісі ірі ауқымға жетті. Республикада жетекші шетелдік университеттермен арада шамамен 40 стратегиялық әріптестік қалыптасты, оның ішінде 33 шетелдік ЖОО филиалы ашылды. Қазақстанның шетелдік университеттермен ынтымақтастығы Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Корея, Франция, Германия, Италия, Польша, Түркия мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарын қамтиды.

Салыстырсақ, 2026 жылдың басында Өзбекстанда 31 шетелдік ЖОО филиалы жұмыс істеді. Олардың құрылымында ресейлік университеттермен қатар Ұлыбритания, Сингапур, АҚШ, Оңтүстік Корея және Түркияның білім беру мекемелері елеулі үлеске ие. Өзбекстандағы ЖОО-ның жалпы саны 222-ге жетті, Қазақстанда – 116 ғана.

Алатаудың арғы баурайындағы ағайын елдің ұлағатты ісі ерекше назар аудартады. Қырғызстан өзін жаһандық білім беру орталығы ретінде жарияламады, алайда іс жүзінде өңірдегі білім беру туризмінің көшбасшысына айналып шыға келді.

Онда шамамен 50 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда – бұл экономика ауқымы жөнінен салыстыруға келмейтін Қазақстаннан әлдеқайда көп. Жатжұрттық студенттер неге қырғыз елінде оқуға құмар? Себептері қарапайым: өмір сүру құны арзан, оқуға түсу ережелері түсінікті, ел қауіпсіз, бұған қоса, медицина мен жаратылыстану ғылымдары бойынша ЖОО-лар мол.

Бүгінде Қырғызстандағы шетелдік студенттердің нақты саны 49,7 мың адамнан асты. 11 жыл ішінде ТМД елдерінен келген студенттер саны үш есеге өсті – 8 195-тен 24,6 мыңға дейін. Мұны Қырғыз Республикасы Ұлттық статистика комитетінің деректері көрсеттті. Алыс шетелден келген студенттер саны жеті есе (!) артқан: 2013-2014 оқу жылындағы 3 467 адам ғана болса, енді 25 мыңға дейін артты.

11 жыл ішінде алыс шетелден ағылған студенттер санын жеті есеге арттыру – нағыз ерлік. Шетелдік студенттер Қырғызстанға елеулі экономикалық және әлеуметтік пайда әкелуде: валюталық түсімдерді қамтамасыз етеді, көршінің университеттерінде оқу ақысы бір семестрге 2500-5000 долларды құрайды.

Бұдан өзге, шетелдіктер қызмет көрсету саласын, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, тұрғын үй жалдау нарығын ынталандырады әрі халықаралық интеграцияға ықпал етеді. Әлеуметтік зерттеулер деректеріне сәйкес, Қырғызстан оларды қауіпсіздігімен, қонақжайлығымен және өмір сүру құнының төмендігімен тартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу