Құрбан айтқа арналған мерекелік демалыс қарсаңында, 26 мамыр күні Қазақстанның төл теңгесі долларға шаққанда бірден 7 теңгеге құлдырап, 480,2 теңгеге бір-ақ түсті. Бұл – америкалық валютаның соңғы екі ай ішіндегі ең жоғарғы, ең серпінді көрсеткіші. Бұған дейін ол негізінен құнсызданып келген. Мамандар мұны тек басы деп отыр.
26 мамырдағы KASE (Қазақстан қор биржасы) сауда-саттығының ресми нүктесі 480,2 теңге болып бекітілді. Бар-жоғы бір күн ішінде "жасыл" валюта 25 мамырдағы деңгейден 1,5%-ға – тура 7 теңгеге шырқады.
Ал, Астананың айырбастау пункттерінде АҚШ доллары қазірдің өзінде 485 теңгеден саудалануда. Осылайша, доллар шын мәніндегі психологиялық шек – 500 теңгелік асуға қарай екпінмен бет алғанға ұқсайды.
Freedom Broker сарапшылары екі күн бұрын дабыл қаққан болатын: доллар 50 күн бойы қалыптасқан орташа мәнді әп-сәтте тас-талқан етіп, орта мерзімді төмендеу трендінен жоғары өрледі. Демалыс күнінен кейін де бұл беталысынан айнымай тұр.
Мамандардың пайымдауынша, бұл – америкалық валютаның алдағы уақытта да шарықтай беретінін аңғартатын өте қуатты техникалық белгі.
Теңге неге құлдырап жатыр?
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) доллардың бұл секірісін тоқсандық салық кезеңінің аяқталуымен және мұнай бағасының құбылуымен түсіндіреді.
Бұған қоса, Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарызын өтеу қажеттілігі мен есік қағып тұрған жазғы демалыс маусымы да отқа май құйғандай әсер етті. Бір жағынан, мемлекет дефолт болмауы үшін Қаржы министрлігі доллар сатып алып, мемлекеттің борышын өтеуге кірісті. Екінші жағынан, жыл сайын шетелге тұрақты саяхаттайтын шамамен 3 миллион қазақстандық дәстүрінен жаңылмай, жатжұртта жұмсайтын қаржы қорын қалыптастырып жатыр.
Биылғы мамырда Қаржыгерлер қауымдастығы сұрау салған сарапшылар маусым айының басында бағам 471-490 теңге төңірегінде болады деп болжаған еді. Бірақ бұл меже қазірдің өзінде тарих қойнауына кеткелі тұр. Енді сарапшылар доллар 513,4 теңгеге дейін жетеді деп тұспалдайды.
Белгілі қаржыгер Ғалым Құсайынов ұлттық валютаның іргелі факторларға негізделмеген "жасанды" нығаю кезеңі осымен аяқталды деген пікірде. Пародокс сол, бүкіл әлемде доллардың құны мен индексі артып жатқанда, Қазақстанда керісінше, ол арзандаумен болды.
Сарапшының пікірінше, мамыр айының соңында ірі кәсіпорындардың салық төлеген апталығы біткен соң, нарықтағы бағамды нақты сұраныс пен ұсыныс айқындай бастады.
"Теңгенің нығаюына сеп болған факторлар сарқылуда. Импорттың артуы және демалыс-саяхат маусымы да долларға деген сұранысты қыздырып жатыр. Қазіргі кезде күшті теңге қазына үшін сау басқа "сақинаға" айналды. Қазақстан шетелге мұнайын, металын, астығын және басқасын доллармен сатады, алайда елге келгенде ол доллар арзандап қалады", – дейді қаржыгер.
Қолданыстағы республикалық бюджет "1 долларға 540 теңге" бағамына есептеліп құрылған еді. Алайда бірінші тоқсандағы орташа бағам 497 теңге төңірегінде ғана болды. Бұл – жоспарланған межеден бірден 8%-ға төмен.
Долларды көкке өрлеткен 5 басты фактор
Бірінші фактор – салық марафонының мәресі: мамырдың екінші жартысында ірі компаниялар І-ші тоқсанның салықтарын аудару үшін валюталық түсімдерін жаппай теңгеге айырбастады.
Бұл нарықтағы ұлттық валютаға деген сұранысты жасанды түрде үлкен көлемде ұстап тұрды және төлемдер біте салысымен сұраныс пен ұсыныс өз табиғи арнасына қайта оралды. Яғни, дәстүрлі түрде жаһандық валюта жергілікті валютадан басым түсуде.
Екіншіден, импорттың қарқынды артуы: елде шетелдік тауарларға деген сұраныс тек артпаса, бәсеңсіген жоқ. Оны сатып алу үшін бизнеске миллиардтаған доллар қажет: валютаны олар ішкі нарықтан сатып алады. Бұл жағдай да теңге бағамын төмен тықсыра түседі.
Үшіншіден, жазғы маусым мен туризм серпіні: жаз қарсаңында шетелге демалуға баратын қазақстандықтардың қатары күрт артады.
Төртіншіден, Ұлттық қордан келетін "көмектің" сарқылуы: Үкіметтің болашаққа арналған осы қордан қаржы алуына шектеу қойылды. 2025 жылмен салыстырғанда, 2026 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттер көлемі шамамен екі есеге – 2,77 триллион теңгеге дейін азайып кетті. Бұл ішкі биржадағы қордың міндетті валюта саудасының көлемін айтарлықтай кемітті.
Бесінші себеп – бюджеттің жоспарлы күтілімдері: макроэкономикалық есеп бойынша теңге бағамы бюджеттің бекітілген параметрлеріне сай келуге тиіс. Әлгінде айтылғандай, бюджет "1 доллар = 540 теңге" деген болжамға құрылып түзілген.
Одан кем болса, бюджет шығыстарын "кесіп", біраз салалар мен жобаларды қаржыландырудан бас тартуға тура келеді және солай жасалып та жатыр. Күзде биылғы жыл бюджеті қайта қаралып, нақтыланады деп күтілуде. Соған дейін Үкімет пен Ұлттық банк доллар бағамын 540 теңгеге дейін көтермегенімен, соған таятуға тырысады.
Қаржыгерлердің түсіндіруінше, тым күшті теңге қазынаны толтыруға кедергі келтіретіндіктен, нарықтың қатал заңдылықтары бағамды экономистер жоспарлаған жоғары деңгейге қарай біртіндеп ығыстыруда.
Доллар қаншаға дейін өседі?
Мұнайдың қымбаттауы, теңгенің уақытша нығаюы және инфляцияның бәсеңдеуі осыған дейін Қазақстанның қаржы нарығындағы психологияны біршама өзгерткен болатын, дейді кәсіби ойыншылар.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) бұдан бұрын, 14 мамырда нарықтың кәсіби қатысушылары – банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар мен талдау орталықтарының мамандары арасында жүргізген ауқымды сауалнама нәтижесін жариялады. Онда теңге бағамы, Brent мұнайының құны, инфляция, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен жалпы экономикалық өсімнің болашағы сараланды.
Ең үлкен бетбұрыс – ұлттық валютаға деген сенімнің біршама жақсаруы болған еді. Егер бір ай бұрын нарық маусымдағы бағамды 490,1 теңге деп болжаса, кейін бұл болжам 471,3 теңгеге дейін төмендеген.
ҚҚҚ мұны бірнеше фактордың үндесуімен байланыстырды: арасында тоқсандық салықтар, Ұлттық банктің нарыққа 1,2 млрд долларға жуық интервенция жасауы, шетелдік инвестициялардың ағыны мен қатаң ақша-кредит саясаты бар. Алайда бүгінде осы факторлардың біразы түгесіліпті.
Сала мамандары жыл соңына дейін доллар бағамы 513,4-526,3 теңге аралығында өседі деп болжайды.
Brent маркалы қара алтынға қатысты болжам да өсті: бұрын бір жылдан кейінгі орташа баға барреліне 83,7 доллар деп есептелсе, енді болжам 89,8 долларға жетті. ҚҚҚ-ның пайымдауынша, Таяу Шығыстағы бітпейтін-қоймайтын қақтығыстар мен мұнай жеткізудегі іркіліс қаупі ОПЕК+ ұйымының өндірісті арттыру туралы жоспарларынан басым түсіп, бағаны жоғары ұстап тұр. Ал, Қазақстан үшін қымбат мұнай – экспорттық табыстың, валюта тасқыны мен бюджет тұрақтылығының тікелей кепілі.
Алайда, мұның бәрі – тек болжамдар ғана. Доллардың нақты бағасы мен нарықтың шынайы беталысы тек маусым айында айқындалады. Ал, әзірге, қолында қаржысы бар және доллар сатып алуды жоспарлап жүрген әрбір қазақстандық тәуекел мен мүмкіндікті тең таразылап, түпкілікті шешімді өзі қабылдауға тиіс.