Шетелдіктер шектеуге дейін қырғыз елінде баспана алуға асықты

134

Көрші елде пәтер бағасы АҚШ-тағы вилла құнымен теңесті.

Шетелдіктер шектеуге дейін қырғыз елінде баспана алуға асықты Фото: canva.com

Қырғыз республикасының Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, бұл республикада тұрғын үй қоры сонша үлкен де емес: былтыр бүкіл елдегі тұрғын үй көлемі 95 миллион 706 мың шаршы метрді құраған. Салыстырсақ, Қазақстанда бір ғана 2025 жылы осының бестен бір бөлігіне тең ауқымда, 20,1 миллион шаршы метр жаңа баспана іске қосылды.

Қырғызстанда тұрғын үй қорының ұлғаю қарқыны төмен: мысалы, бес жыл бұрын 86 млн 326 мың шаршы метр болыпты. Дегенмен, қазіргі 96 миллиондай шаршы метр баспананың жартысынан азы немесе 42 млн 231 мың шаршы метрі ғана қалаларда орналасқан. Басым көпшілігі немесе 54 млн 219 мың метрі ауылдағы жатаған жеке үйлер ғана.

Қаладағы пәтерлердің 40 млн 351 мың м² – жекеменшікте. Тағы 1 млн 878 мың шаршы метрі – мемлекеттік меншікте, яғни, бюджеттік қызметкерлерге, осал отбасыларға ұсынылатын қызметтік, әлеуметтік баспана. 2 мың м² "қоғамдық меншік формасындағы" пәтерлер екен.

Ұлттық статкомитеттің ресми дерегінше, қазіргі кезде Қырғызстанда 7,4 миллионнан астам адам тұрып жатыр. 96 миллион ш.м. тұрғын үй қорын осы халыққа шаққанда, әрбір адамға небары 12,9 шаршы метрден ғана келеді. БҰҰ нормасы бойынша әр тұрғынға 30–35 шаршы метрден тиюі қажет.

Осылайша, елдегі жұртшылыққа онсыз да баспана жетпей жатқанда, соғыстан, санкциядан, салықтық қысымнан, өзге қуғын-сүргіннен қашқан ресейлік, қазақстандық және басқа елдің бизнесінің қоныс аударуы өрістеп, релоканттарының легі күрт артқан.

Бұл ш.м. құнын шарықтатты. Мысалы, ел астанасының 5 ауданында кейбір пәтерлердің бағасы Америкадағы (!) бағалармен теңесіпті. Мысалға, Бішкектің Октябрь ауданының 11-ші шағын ауданындағы 3 бөлмелі пәтер (90 м²) үшін қожайыны 130 113 000 сом сұрап отыр. Бұл қазіргі бағаммен 1 миллион 478 мың 556 долларға тең.

Салыстыру үшін келтірсек, дәл осы қаражатқа Американың Майамиінде, Санни Айлс Бичте 225 шаршы метрлік вилла сатып алуға болады. Онда 4 кең ауқымды жатын бөлме, 3 жуынатын бөлме (ванна), үлкен бассейн және басқасы бар. Қараса, көз тоймайтын әсем сарайдың жағажайдан екі қадам жерде орналасқаны көрсетілген. Үй мұхитқа тікелей шығатын жеке жолына, яхтаға арналған кеңістікке ие.

Бішкектің Ленин ауданының орталықтан 1,5 шақырым қашық жатқан Тұрысбеков көшесіндегі 64 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтер 83 600 000 сомға сатылуда. Бұл 950 000 долларға барабар. Октябрь ауданында орталықтан 4,7 шақырым қашықта орналасқан "Елисейские поля" тұрғын үй кешеніндегі жөндеу жүргізілмеген ("черновая") 5 бөлмелі пәтер 66 581 840 сомға немесе 756,6 мың долларға саудаға қойылған.

Салыстырсақ, өзін "орта держава" санайтын Қазақстанның елордасындағы ең қымбат баспана – Arai Towers тұрғын үй кешенінде орын тепкен. Бұл 20-ші қабатты тұтас алып жатқан, 32 бөлмеден тұратын, 866 шаршы метрді қамтып жатқан пәтер. Қожайыны оны 952,6 млн теңгеге немесе 1,8 миллион долларға өткізгісі келеді.

Бірақ астаналық ең қымбат пәтердің ауданы бішкектік қымбат баспанадан 10 еседей үлкен. Яғни, қырғыз астанасындағы он еседей шағын жылжымайтын мүліктен ұқсас табыс табуға болатындай.

Тағы бір дерек: Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның басты қалаларында 2025 жылдың соңында жаңадан іске қосылған пәтерлердің шаршы метрінің құны 568 813 теңгені, ал, қайталама нарықта – 587 929 теңгені құрады. Бұл 1,1 мың долларға тең.

Дәл осы кезде Алатаудың арғы баурайындағы елде 1 шаршы метр құны 260 мың сомнан (шамамен 3 мың доллар) асты.

Economist.kg порталының хабарлауынша, 2025 жылдың желтоқсанында Қырғызстанда тұрғын үй, коммерциялық, өндірістік және әлеуметтік жылжымайтын мүлік бағалары арасындағы айтарлықтай айырмашылықтар сақталды. Сол бұрынғыдай, ең жоғарғы бағалар Бішкекте, сондай-ақ Шу және Ош облыстарының кейбір аудандарында тіркелуде.

Қырғызстанның астанасында тұрғын үйдің 1 м² орташа бағасы 184 900 сомды (шамамен 2,1 мың долларды) құрайды. Пәтерлердің көбінің шаршы метрі үшін 126 300 сом, коммерциялық жылжымайтын мүлік үшін 135 500 сом сұралады.

Негізгі санаттар бойынша Бішкек елдегі ең қымбат жылжымайтын мүлік нарығы мәртебесін сақтап қалды. Одан Қырғыз Республикасының бейресми оңтүстік астанасы саналатын, 3 мың жылдан астам тарихы бар Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі – Ош шаһары да қалысар емес, тіпті кей тұста басып озды.

"Аймақтар арасындағы ең қымбат тұрғын үй Ошта. Оңтүстік астанамызда тұрғын үйдің шаршы метрінің орташа бағасы 103 500 сомды құрады. Бұл ретте 2025 жылғы желтоқсан айында Ош қаласында әлеуметтік тұрғын үйдің әдеттен тыс, аномалді жоғары бағасы тіркелді: шаршы метріне 260 000 сомнан асты. Араван ауданында тұрғын үйлердің бағасы шаршы метріне 123 700 сомға жетті, нәтижесінде, астананың жеке тұрғын үй нарығының көрсеткішімен теңесті", – деп жазды қырғыз порталы.

Осыған байланысты "ғарышқа ұшып" бара жатқан баспана бағасын құрықтау үшін Жоғорку Кеңеш депутаты Дастан Бекешев жылжымайтын мүлік бағасына мемлекеттік реттеу енгізді ұсынды.

Сондай-ақ қалаулының байламынша, баспананы қазандық-котлован күйінде сатып алып, пайдалануға беріле сала жөндеп, не онсыз қайта сатуға қоятын (бұл бизнес түрі "флип" аталады) алыпсатарлыққа тоспа құру, осы мақсатта қайта сатуға арнайы салық енгізу қажет. Сонда пәтерлерді негізінен сонда өзі тұратын адамдар, отбасылар алады.

Бекешев бұл нарықтағы баға қалыптастыру ісіне мемлекет араласпаса, тұрғын үй құнының өсуін ауыздықтамаса, инфляция өршитінін, елде "бомждар" (белгілі орны-мекенжайы жоқтар) көбейетінін ескертті.   

Қалаулының пікірінше, жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй салу және мүлікті тәркілеу сияқты қазіргі шаралар шаршы метрлердің қымбатшылығын тоқтата алар емес.  

"Бағаның өсуі аренда ақысын да көтеріп жіберді. Инфляцияны да үдетуде. Қалыптасқан жағдайды басқа да факторлар ушықтырды. Соның ішінде құрылыс материалдарының бағасы өсті. Баспанаға сұраныс артты. Бұған қоса, баламалы инвестициялық құралдар жетіспейді. Мысалы, тұрғын үй кооперативтерінің қызметі заңдастырылды, алайда олар бірде бір шаршы метр баспананы іске қоспаған. Қырғызстанда жылжымайтын мүлік – ең жақсы инвестицияға айналды", – деді депутат Бекешев.

Сондықтан, оның ойынша, қалтасына азынаулақ ақша түскен азаматтар да, шетелдіктер де онысын баспанаға инвестициялауға жүгіреді.

Депутат сонымен қатар шетелдік капиталдың қатысуы мәселесіне тоқталды. Ол Ресей, Қазақстан және басқа шет мемлекеттердің резидент емес азаматтары үшін тұрғын үйді сатып алу шарттарын қатайтуды ұсынды.  

Бекешевтің бастамасына сәйкес, біріншіден, шетелдіктер үшін мүлік салығы көтерілуі мүмкін. Екіншіден, жатжұрттықтарға қайталама нарықтағы баспананы сатып алуына тыйым салынады. Үшіншіден, егер шетел азаматы Қырғызстанда екінші және одан көп жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алса, одан қосымша алым жинау ұсынылды.

Нарықты тұрақтандыру және бағаны төмендету үшін Жоғорку Кеңеш (бір палаталы Парламент) Үкіметке келесі тетіктерді енгізу туралы ұсыныстар енгізді:

·      "Анти-флип" салығы: алыпсатарлық-спекуляциямен күресу үшін жылжымайтын мүлікті тез қайта сатуға қосымша салық енгізу;

·      Қолма-қол ақшасыз төлемдер: әсіресе, бастапқы нарықтағы барлық мәмілелер мен транзакцияларды банк секторына ауыстыру, клиенттің құрылыс компанияларының кассасына шытырлаған қолма-қол ақшаны енгізуіне тыйым салу, бұл ретте банктердің алатын комиссиясын қатаң шектеу;

·      Мемлекеттік реттеу: құрылыс материалдарының жекелеген түрлеріне бағаны бақылауға алу;

·      Бос тұрған үй салығы: ешкім қоныстанбаған, жөндеу жүргізілмейтін, қаңырап бос тұратын үйлер мен пәтерлерге арнаулы салық салу.

Депутаттар жылжымайтын мүлік нарығында миллиардтар айналатынына, сондықтан бұл саланың лоббиі мұндай бастамалардың енгізілуіне қарсыласып бағатынына сенімді. Дегенмен, олардың тұжырымдауынша, нарықтың қызып кетуінен, баспананың қымбатшылығынан сайып келгенде экономиканың барлық қатысушылары зардап шегеді.

Біз өз кезегімізде бұл материалдың Қырғызстандағы жылжымайтын мүлікке инвестиция салуға қатысты кеңес-ұсыныс болып табылмайтынын, бұл тұрғыда әрбір адам мамандармен ақылдаса отырып, жеке шешім қабылдауға тиістігін ескертеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу