Шетелдіктер жалға алған жерді 2025 жылы қайтарады

1521

2016 жылғы 24 сәуірде Атырау қаласында болған жер митингі биыл 24 сәуірде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында қайталанды. Белсенділер бір жақ, арнайы жасақ бір жақ болды. Қос тарап тайталасып, текетіресіп тарқады. 

Шетелдіктер жалға алған жерді 2025 жылы қайтарады

Шеруге шыққандар сенаторлар зерделеп жатқан "Жер туралы" заң жобасы шетелдіктердің орман өсіру үшін 25 жылға жерді жалға алуына мүмкіндік беретінін алға тартып, құжатты кері қайтаруды талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бастамашыл топ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекеттің меншігінде болуға тиіс екенін мәлімдеп, "жерді шетелдіктер түгілі ел азаматтарына да сатуға болмайды" деп дабыл қақты. 

Дәл осы сәтте елордада Жер реформасы жөніндегі комиссияның V отырысы өтіп жатты. Бұл туралы сәл кейінірек. 

Біле жүріңіз, биыл 31 желтоқсанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға қатысты Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Осыған қатысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Жер мәселесі маңызды. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп айттым. Бұған қатысты қауесетті тоқтату керек. Сондықтан мен нақты мынадай шешім қабылдадым, біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысы бар. Мен мұны жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент әкімшілігі бұл мәселеге қатысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Екіншіден, бір ай ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын", – деді. 

Жер дауы 24-баптан басталды 

2015 жылғы 2 қарашада Жер кодексіне өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Кодекстің 24- бабы бойынша шетелдіктердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға алу мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды. Ал ел азаматтарының жерді 49 жылға жалға алу құқығына шектеу қойылды. Қазақстандықтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға тиіс болды. 

2016 жылғы 30 наурызда сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев заңға сәйкес 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатылатынын жариялады. Сол-ақ екен еліміздің бірнеше қаласында наразылық шарасы басталып, халық көтеріліп кетті. Жер дауына Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев араласып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға қатысты Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты 5 жыл мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша "ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы ҚР заңының нормаларын қолдануға; шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50%-дан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шартымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге; жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жекеменшік құқығын беруге тыйым салынды. 

Жер реформасы жөніндегі комиссия 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылды. Осыған дейін комиссияның 5 отырысы өтті. Комиссия жанындағы жұмыс тобы 7 рет бас біріктіріп, жерге қатысты 113 мәселені талқылады. Нәтижесінде парламентке – 28, мемлекеттік органдарға – 47 ұсыныс жолдады. Жер реформасы жөніндегі комиссия құрамында 80 адам болды. Комиссияның 5-ші, яғни қорытынды отырысына 68 адам қатысты. Олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатуға жарияланған қолданыстағы мораторийді тағы 5 жыл ұзартуды ұсынды. Сонымен қатар қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін ұзақмерзімді жалға алу мүмкіндігін беру, жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің кадастрлық дерегін қолжетімді ету, жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 2023 жылдан бастап әкімдіктер жанындағы жер комиссияларын тарату, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосалқы жалға беруге тыйым салу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекітуге қатысты үкімет қаулысын қабылдау, жайылымдық жерлердің жүктемесі туралы деректі алу үшін космомониторинг сервисінің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің интеграциясын қамтамасыз ету, жергілікті халыққа орман қоры жерлерін 10 жыл және одан көп уақыт мал жаю және жем-шөп дайындау үшін пайдалануға мүмкіндігін беру, сондай-ақ ауылдық елдімекеннің айналасындағы радиусты халық үшін қоғамдық жайылымға енгізу бастамасын көтерді. 

Министрдің мәлімдеуінше 

Мораторий енгізілгенге дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 74,4 мың гектар жерді 7 біріккен кәсіпорын жалға алған. Бұдан бөлек қазір шетелдің 2 заңды тұлғасы еліміздің 18,5 мың гектар жерін билеп, төстеп отыр. "Жалға алу мерзімі 2022-2025 жылдар аралығын құрайды. Осы мерзім аяқталған соң барлық жер мемлекетке қайтарылады", – деді Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу